Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Жармағамбетовтың айтуынша, өңірде кәсіп ашып, нәсіп теруге мүдделі жандардың бизнесін дөңгелетуге жан-жақты көмек көрсетіледі.
Мақсатқа жету үшін "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдауға 1 млрд 876 млн теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінеді. Бұл ақша 3 бағыт бойынша игерілуі тиіс.
Көрсетілген соманың 23 млн теңгесі гранттық қаржыландыруға, 46 млн теңгесі кредиттерге кепілдікке жұмсалса, қалған бөлігі кредиттің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталады. Жыл басынан бері 48 жоба мақұлданған. Алдағы уақытта 34 жобаның пайыздық мөлшерлемесі субсидиялануы тиіс. Айта кетейік, бүгінге дейін гранттық қаржыландыру бойынша басқармаға 69 жоба келіп түскен. Мамандар барлық жобаны жіті тексеріп, болашағы жарқын деген тоғызын құптаған. Алдағы күндері оларды жүзеге асыру үшін 3 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді.
Тоғыз жобаның ішінде Баянауыл ауданында лего-кірпіш өндіру, балалар киім-кешегін тігу, тамшылатып суару әдісімен құлпынай өсіру, жылжымалы кинотеатр ашу, туристерге арналған ақпараттық орталық, тауарлық балық өсіру секілді жобалар бар. Ойдағы орындалса, алдағы күндері жергілікті балықтың сорпасын ішіп, құлпынайдың иісіне бөгіп отыратын боламыз.
Асхат Жармағамбетовтың сөзінше, былтырдан бері өңірлік "Сарыарқа" бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Аталмыш бағдарлама ауылдардағы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Мақсатты жобаға 500 млн теңге қаржы бөлінген. Қайта өңдеу саласындағы нақты жобаларға дем беру үшін 30 - дан астам жоба мақұлданған. Осының аясында жүзден астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
Бүгінгі таңда облыс бойынша Железин ауданы мен Екібастұз қаласы жоба саны жағынан көш бастап тұр. Сондықтан басқарма мамандары басқа аудандарды тарту жұмысына сайланып жатыр.
Адамдарды бизнеске тарту үшін мемлекет аянып қалып жатқан жоқ. "Атамекен" КҰП әзірлеген "Бастау-Бизнес" бағдарламасы да жемісін береді деген сенім бар. Аталмыш бағдарлама еліміздің батыс өңірінде ілкі жоба ретінде жүзеге асырылып, нақты нәтиже көрсетті. Жалпы, бағдарлама аясында елімізде 15 мың адамның екі қолына бір кәсіп табылады деген жоспар бар. Естеріңізге салайық, президенттің жолдауында айтылған міндеттерді орындау үшін алдағы 4 жылға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске қосылып, микрокредит беру үшін 300 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Енді, кәсіпкерлерге берілген мүмкіндікті пайдаланып, "қоныштан" басып қалу керек.
Бек Темір