Мәйіт трансплантациясы

4045

Жүрек талмасынан көз жұмған адамның бүйрегі екі науқасқа өмір сыйлады.

Мәйіт трансплантациясы

Ақтөбе облысында  156 науқас  – бүйрек, 50 адам – бауыр ауыстыруды қажет етіп отыр. Ал ауру адамдарға "өмір сыйлаудың" бірден бір жолы – мәйіт донорлығы болып тұр.

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің  "Биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растау ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 11 тамыздағы № 622 бұйрығына енгізілген өзгерісте мәйіттен алынатын дене мүшелері туралы нақты жазылған. Осы бұйрықта мидың өлімі расталғаннан кейін, қайтыс болған адам тірі кезінде дене мүшесін алуға жазбаша қолхат қалдырмаған жағдайда, оның туған туыстарынан немесе заңды өкілінен келісім сұралатыны, алты сағаттың ішінде жазбаша жауап берілмесе,  донордың дене мүшесін алуға рұқсат екендігі жазылған. Алайда біздің елде күні бүгінге дейін мәйіттің дене мүшесі рұқсатсыз алынған емес. Неге?

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев: "Бүгінге дейін біздің дәрігерлер туған-туысқандарының келісімінсіз мәйіттің дене мүшесін медициналық мақсатта пайдаланып көрген жоқ. Бұлай жасауға халқымыздың түсінігі мен көзқарасы, ұстанымы мен мәдениеті келмейді. Бізде мәйіт донорлығы рұқсат алу арқылы ғана жүзеге асады" , – деді.

Оның айтуынша, Кеңес одағының құрамында болған елдердің ішінде Беларусьте ғана мәйіт донорлығы дамып келеді. Бұл елде нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігерлер ешкімнен рұқсат сұрамай, мәйіттің дене мүшелерін медициналық мақсатта пайдалана береді.  

"Ақтөбеде дене мүшесін ауыстыру отасы 2014 жылдан басталды. Алғаш рет ағайынды екі жігіттің бүйрегін ауыстырдық. Былтыр 20 адамның бүйрегі ауыстырылса, биыл үш адамға ота жасалды.  Ал былтыр батыс өңірі бойынша алғаш рет жасалған бауыр трансплантациясы сәтті өтті. Бауыр трансплантациясы өте күрделі ота. Біздің мамандарға әлі біраз тәжірибе жинау қажет. Сондықтан қазір Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық университетімен,  "Каннам северанс", "Сичен северанс" клиникаларымен тығыз жұмыс істеп  жатырмыз", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Оның сөзінше, былтыр кореялықтардың қатысуымен 6 бауыр трансплантациясы жасалды. Биыл 5 адамның бауырын ауыстыру жоспарланып отыр.

"Алдағы отаның екеуі балаларға жасалады. Соңғы жылдары туа бітті өт жолдарының тарылуына байланысты бауыр циррозына шалдыққан балалардың саны көбейіп келеді. Жылына екі-үш бала осындай дертпен өмірге келеді. Егер ота жасамасақ, балалар өліп қалады. Қазір 7 жастағы баланы отаға дайындап жатырмыз, алайда дайын донор жоқ", – дейді Әсет Қалиев.

Басқарма басшысының айтуынша, бір отаның құны 20-22 млн теңге тұрады. Кепілдендірілген медициналық көмекке жүгінген науқастар медициналық көмекті тегін алады.

"Биыл ақтөбелік  дәрігерлер алғаш рет  өлген адамның органын алып ота жасады. Жүрек талмасынан көз жұмған азаматтың бүйрегі екі науқасқа өмір сыйлады", – деді Әсет Қалиев.

Біз бүйрегінің 95 % жұмыс істемей қалған 31 жастағы Гүлназ Қаленова есімді келіншекпен кездестік. Ол өмір мен өлім арасындағы халін былай сипаттады:

"2013 жылы қыста  қан қысымым көтеріліп, төсек тартып жатып қалдым. Дәрігерлер бүйрегімді ауыстырмаса болмайтынын айтты. Донор таба алмай қатты қиналдым. Аптасына үш рет гемодиализ аламын. Төрт сағат бойы барлық қаныңды сорып, қайта тазартып шыққанда сүйегіңді сындырғандай  болады. Өмірімнің осылай қиындықпен өтіп жатқанына налып, өз-өзіме қол жұмсағым келген күндерім де болды. Бірақ барлығы Алланың қалауында екен. Осыдан жиырма күн бұрын, жұма күні  ауруханадан гемодиализ алып, үйге келдім. Төсек салып, ұйықтап қалдым. Бір кезде телефоным шырылдады. Ар жақтағы адам облыстық ауруханадан хабарласып тұрғанын, донор табылғанын айтып, келісімімді сұрады. Қуанып кеттім. Сол күні түстен кейін барлық анализдерді тапсырдым. Түнде маған ота жасады", -  деді бүйрек ауруын бастан өткерген Гүлназ Қаленова.

Мәйіттен алынған тағы бір бүйрек 34 жастағы Арманбек Иманқұловқа салыныпты. Бұл жігіт төрт жыл бүйрек ауруының зардабын тартқан екен.

"Біз 5 ағайындымыз. Менің жағдайымды естігенде бауырларымның барлығы бүйрегін беруге келісті. Бірақ мен қарсы болдым. Туысымның бір бүйрегін алып, оны да мүгедек қылғым келмеді. Жаспын ғой, жазылып кетермін деген үмітпен өмір сүре бердім. Тәңір тілеуімді беріп, 4 жылдан кейін донор табылды. Дертімнен құлан-таза айығып кеттім", – деді Арманбек Иманқұлов.

Дәрігерлердің айтуынша, трансплантацияда  мәселенің 20-30% медицинаға қатысты. Қалғаны мораль мен діни көзқарасқа  тәуелді.

"Науқас трансплантациядан емес, донор тапшылығынан қорқуы керек. Себебі жыл сайын трансплантацияға деген мұқтаждық көбейіп келеді. Мысалы бүгін екі ота жасап, тіркеуде тұрған адамның санын азайтсақ, екі күннен кейін босаған орын қайта толады. Қазір бүйрек, бауыр ауруына шалдыққан адамдардың саны көп. Аурудың негізгі себебін дөп басып айту қиын. Бұған экологиялық жағдай, ауыз су, ауыр жұмыс, инфекциялық аурулар себеп болуы мүмкін", – деді Ақтөбе облысының бас хирургы Ерлан Сұлтангереев

Әлия Рүстем 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу