Тегін дәрі-дәрмекті сатқандарға қарсы қылмыстық іс қозғалды

3550

Диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға 116 млрд теңгеге медициналық препарат сатып алынады.

Тегін дәрі-дәрмекті сатқандарға қарсы қылмыстық іс қозғалды

Таяуда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жергілікті ауруханалар мемлекет есебінен дәрі-дәрмекке артық тапсырыс беріп, республикалық бюджетке 80 млрд теңге шығын келтіргенін мәлімдегенін хабарлағанбыз. Министр тегін таратылуға тиіс 500 түрлі медициналық препарат сатып алу үшін аймақтардан 180 млрд теңгеге тапсырыс түскенін, оның едәуір бөлігі жалған болғанын және сатылып кеткенін айтқан.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова тегін таратылатын медициналық препараттарды сату фактісі бойынша бас прокуратура өңірлерде 20-дан астам қылмыстық іс қозғағанын тілге тиек етті.

"Тексеру жұмысының екінші кезеңі басталды. Бұл іс 29 сәуірде аяқталады", – деді Людмила Бюрабекова.

Өз кезегінде "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп еліміздің медициналық ұйымдарына бүгінге дейін 33,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жөнелтілгенін жеткізді.

"Компанияның 1439 нөмірлі байланыс орталығына 10 мың өтініш келіп түсті, оның 5 мыңы – 2019 жылдың 1 тоқсанында тіркелді", – деді Берік Шәріп.

Оның сөзінше, биыл диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға 116 млрд теңгеге медициналық препарат сатып алынады.

"Бюджет қаражатын үнемдеу нәтижесінде 22 млрд теңге қор қалыптасты. Денсаулық сақтау министрлігінің бюджет комиссиясы қаражатты қайда жұмсайтынын алдағы уақытта анықтайды", – деді басқарма төрағасының міндетін атқарушы..

Естеріңізге сала кетейік, биыл денсаулық сақтау саласына республикалық бюджеттен 1 трлн 180 млрд теңге бөлінген. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу