Мал вакцинациясына мән бермейміз

Елімізде жыл сайын індетке шалдыққан ірі қараның 30%-ы өртеледі.

Мал вакцинациясына мән бермейміз

БҰҰ-ға қарасты мал шаруашылығы саласын зерттеу орталығының мәліметінше, ветеринариясы жақсы дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Алмания, Италия сынды мемлекеттерде түрлі індеттердің салдарынан бір жылда мал басының 7%-ы шығынға ұшырайды. Бұл көрсеткіш Қазақстанда 30-40%-дан асып жығылады.

Мал шаруашылығы ғылымының кандидаты Бауыржан Үстемәлиевтің мәліметінше, елімізде  жалпы саны 27 млн мал басы тіркелген. Мұның 6,5 миллионын ірі қара құрайды.

"Былтыр республика бойынша мал індетіне байланысты аса қауіпті 23 эпизотикалық ошақ тіркелді. Мыңға жуық жұқпалы ауру анықталды. Бұдан сақтану үшін бізге мал індетін емдеуге қатысты халықаралық талаптарға сай жұмыс істеу керек. Олай етпесек, мал етін экспорттауда, одан өнім алуда және мал басын көбейтуде нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз", – деді Бауыржан Үстемәлиев.

Оның сөзінше, жыл сайын індетке шалдыққан ірі қараның 30%-ы өртеліп, эпизотикалық ошаққа көміледі.

"Өкініштісі әрі қорқыныштысы ауру малды халыққа сататындар бар", – деді Бауыржан Үстемәлиев.

Ғалымның айтуынша, былтыр көктем кезінде сібір жарасы, күйдіргі, аусыл, бурцуллез, нодурярлы дерматит сияқты мал аурулары өршіп кеткен. Бұған қарсы 149 млн  екпе жасалған.

"Ауру мал өсіретін болсақ, ет экспортындағы әлеуетімізден айырыламыз. Ал халықаралық талапқа сай емес ет сыртқа шығарылмайды", – деді Бауыржан Үстемәлиев.

ДСҰ талабы бойынша болашақта экспортталатын еттің құрамында ГМО болмауы керек. Осыған қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов: "Еттің құрамында ГМО болмауы үшін малдың жемі, суы, шөбі таза болу тиіс. Дамыған елдер осы талапқа сай жұмыс істеп отыр. Ал бізде бұл мәселе жыларман жағдайда. Шаруа қожалықтары мал азығының тазалығына бас қатырып жүрген жоқ", – деген пікір білдірді.

Оның айтуынша, халықаралық талапқа сай болу үшін кешенді жұмыс атқару  керек.

"Бірінші кезекте ветеринария саласындағы мемлекеттік үлесті көбейту қажет. Себебі бұл салада сауатты мамандар жоқтың қасы. Ауылдық жерлерде ветеринар мамандар жетіспейді. Себебі жастар бұл мамандыққа қызықпайды. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың ветеринариясы нормативтік базаға сай материалдық және техникалық қормен қамтамасыз етіледі. Ал біз бұл жағынан ақсап тұрмыз. Шаруа қожалықтары вакцинаның сапасын тексере алмайды. Себебі арнайы зертхана жоқ. Қазына қаржысына сатып алынып жатқан вакциналардың сапасын бақылап отыру үшін зертханалар жүйесін қалыптасуы қажет", – деді экономист-ғалым.

Вакцина мәселесіне мән берілмейінше шетелдің дәрі-дәрмегіне тәуелді боламыз. Бұл туралы мал шаруашылығы ғылымының PhD докторы Жандос Арзықұлов: "Бізде диагностикалық штамдарды, вакциналарды, препараттарды өзімізде даярлайтын база қалыптастыру керек. Осыған талпынған, ниеттенген кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге үкімет қолдау көрсетсе құба-құп. Отандық вакцина шығарғысы келетін ғалымдарға мемлекеттік грант бөлінуге тиіс", – деді.

PhD доктордың пікірінше, ветеринар мамандардың жалақысы жергілікті бюджеттен төленеді. Сондықтан олар өте аз айлық алады.

"Мәселені шешу үшін ветеринария саласының қызметкерлеріне жалақыны республикалық бюджеттен қарастыру керек", – деді Жандос Арзықұлов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу