Мемлекетті активтерінен айырудан үкіметтің биыл қанша тапқаны мәлім болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3737

Ел үкіметі мемлекеттің дүние-мүлкін жаппай сатып, жекенің қолына тапсыру науқанының биылғы жылғы алдын ала қорытындыларын шығаруда.

Мемлекетті активтерінен айырудан үкіметтің биыл қанша тапқаны мәлім болды

Елбасы жариялаған жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру үшін арнайы құрылған gosreestr.kz ақпараттық жүйесінің дерегінше, үкімет республикалық меншіктегі ірі 59 объектіні – зауыт-кәсіпорындар, компаниялар, институттар, инфрақұрылымдық нысандарды бизнес ортаға бермек ниетте. Соның ішінде аяқталуға таяған үстіміздегі жылы 24-і сатылған. Одан ел қазынасына 14 миллиард 252 миллион 165,4 мың теңге түсім түсіпті. Яғни, орташа алғанда республикалық меншіктің әрқайсысы 600 миллион теңгеге немесе шамамен 1,7 миллион долларға сатылған. Тікелей орталыққа қарасты тағы 24 нысан саудаға қойылуға дайындалу сатысында екен. Бұларда іс-шараларды атқару мерзімі және саудаға шығару уақыты көрсетілген "жекешелендіру бойынша жол карталарының" барлығы айтылды. Сондай-ақ әр объектіні бағалау іс-шаралары да жүргізілуде. 

Тағы 9 объект саудада тұрған көрінеді. 2 республикалық нысанды жекешелендіру мемлекеттік мүддеге сәйкес келмейді деп танылып, саудадан алынған.

Бұдан бөлек, жекешелендіру мақсатында барлығы 440 коммуналдық меншік ілгерілетілуде. Оның 209-ы қазірдің өзінде жеке инвесторлар мен бизнес құрылымдар қатарынан жаңа қожайынын тапқан. Коммуналдық меншікті иелену олар үшін жалпы алғанда, 45 миллиард 717 миллион 151,8 мың теңгеге түсіпті. Қалалардағы 75 жергілікті нысан әзірше саудада тұр. Тағы 44 объектінің сатуға әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Бір қызығы, сөзі өтетін, пікірі жерде қалмайтын белді әкім-қаралар бедел-ажарларын сала жүріп, өздерінің 112 коммуналдық меншігін жекешелендіру тізімінен шығарып алуға қол жеткізіпті. Олар ары қарай да жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, күнін көре бермек.

Айтқандай, атында латынның "quasi", яғни "жалған, жанама" жалғауы болғанымен, шынында квазимемлекеттік сектор да ел бюджетінен қоректеніп отыр. Сондықтан олардың да көптеген дүние-мүкәммалын тартып алып, бизнестің басқаруына беру қарастырылған. Енді осы сектор жайына жеке тоқтала кетсек.

Ұлттық холдингтердің активтіндегі 257 объектіні жекешелендіру көзделген болатын. Соның ішінде 57 нысан жалпы сомасы 77 миллиард 236 миллион 269,5 мың теңгеге өткізілді. Тағы 71 нысан саудаалды дайындықты бастан өткеруде. 38 нысан саудада тұрған көрінеді. 91 объектіні жекешелендіруден үкімет айнып қалыпты.

Ұлттық компаниялардың барлығы 120 активі бәсекелестік ортаға берілуге жатқызылған-тын. Ақыры соның 63-і мақсатты жеріне жол тартқан, олардан құтылғаны үшін мемлекет 5 миллиард 328 миллион 554,3 мың теңге алыпты. Тағы 16 объект саудада тұрса, 17-сі соған даярлануда екен. 24 нысанды сату "орынсыз" деп танылып, тізімнен аулақ әкетілген.

Сонымен, gosreestr.kz-нің ағымдағы ақпараты бойынша, биыл жалпы алғанда, әртүрлі меншік формасындағы 876 нысан жекешелендіруге ұсынылған. Соның арасынан 353-і жалпы сомасы 142 миллиард 534 миллион 141,1 мың теңгеге сатылған. Тағы 138 объекті әлі күнге саудалануда, ал 156 нысан саудаалды дайындық сатысында. 229 объект жекешелендірілмейтін болды.

Рас, қаржы министрлігі бүгін басқа бір нақтыланған деректерді келтіріп отыр. Ведомство мәліметінше, 19 желтоқсандағы жағдай бойынша барлығы 586 объект жалпы сомасы 205 миллиард 666,5 миллион теңгеге сатылды деп есептей беруге болады. Ескі жылға қатысты қорытынды әрі түпкілікті сандар келесі жылдың басында жария етілмек.

Өз кезегінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, мемлекеттік активтердің орасан зор көлеміне иелік ететін оператор ретінде мемлекеттік компанияларды жекешелендірудің екінші толқынына белсенді қатысып жатқанын мәлімдейді. 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, жалпы алғанда, "Самұрық-Қазына" 216 активін бәсекелестік ортаға тапсырмақ.

Оның ішінде 44-і – аса ірі актив болып табылады. Олардың жетеуін, нақтырақ айтсақ, "Қазақстан темір жолы", "Самұрық-Энерго", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазпошта", "ҚазМұнайГаз", "Тау-Кен Самұрық", "Эйр Астана" ұлттық компанияларын IPO-ға шығару көзделуде. Және бұлардың акциялары инвесторларға "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы арқылы саудаланады деп күтілуде.

Қалған 37 активті сату жұмыстары қазірден жүруде және 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Ал бұлардан шағындау 172 компанияны жеке қолға беру негізінен электрондық аукцион арқылы жүзеге асырылады. Егер нарықта балама компаниялар болмаса, немесе олар стратегиялық мәнге ие және әлеуметтік маңызды болса, компания тек не қор нарығында жекешелендірілуі мүмкін, немесе олар стратегиялық инвесторды тарта отырып, аукцион-конкурс арқылы жекешелендірілуі ықтимал. Бұл ретте ол компания акцияларының бақылаушы пакеті "Самұрық-Қазына" тобының иелігінде қалады.

Бұл "ұсақ" деп табылған компаниялардың кейбіріне тоқтала кеткен жөн. Жақында "Қазмұнайгаз-Сервис" Ыстықкөлде орналасқан, салдарынан базбір қырғыз саясаткерлері тарапынан кейде артыс-тартысқа тамыздық болып тұратын "Ақ-Марал" демалыс орталығына иелік ететін компаниясын 635,7 миллион теңгеге сатты. Бұл "Ләззат" ЖШҚ акциялары аукционда толық, 100% голланд әдісімен сатылып кетті. Яғни, әлдекім қызығушылық білдіргенше, бағасы үнемі төмендетілумен болды. Айта кетсек, бастапқыда курорты бар қазақстандық компания 1 млрд 176 млн 553 мың теңгеге бағаланған еді. Нысан Ыстықкөл облысында орналасқан. Қызметтің негізгі түрлері ретінде Алатаудың арғы бөктеріндегі елде қонақ үйлерді, демалыс орындарын, мейрамханаларды, барларды, тұрғын үй және әкімшілік ғимараттарды салумен және пайдаланумн айналысады. Тиісінше, ол активтер де жаңа қожайынға көшті.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы өзіне тиесілі болып келген "Еуро-Азия Эйр" әуе компаниясының 100% акциясын 11 млрд 850 млн теңгеге өткізді. Әуе компаниясы заңды және жеке тұлғаларға әуе тасымалы бойынша қызмет көрсетумен, пайдалы қазбалар кен орындарын дамыту және игеру бойынша ұшуларды орындаумен, мұнай-газ құбырларына және электр беру желілеріне қызмет көрсетумен шұғылданады. Әрі оның қызметі ары қарай да мұнай-газ компаниясының тапсырысына ие болмақ. Компанияның әуе-техникалық базамен, ангарлармен, қосалқы бөлшектер қоймасымен және жер үсті құрылғыларымен қамтамасыз етілген кең таралған филиалдарының желісі бар.

Жекешелендіру алдағы жаңа жылда да жалғасын таппақ. Ресми мәліметке жүгінсек, бұл салада біраз қызықтар күтіп тұр. Мәселен, 2018 жылдың тамызында "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы" саудаға қойылады деп жоспарлануда. Алматы облысында орналасқан бұл объект қазір саудаалды дайындықты бастан кешуде екен.

Келесі жылы жекешелендірілетін республикалық меншік арасында Астана әуежайы ("Іnternational airport Astana" JSC), Шығыс Қазақстан облысындағы "Ядролық технологиялар паркі", "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы, "Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" компаниясы, Петропавл халықаралық әуежайы, "Шымкент" әуежайы, Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасы және басқалары мәлімделген. Әрине, жекешелендіру барысында кейбір объектілердің "жекенің қолына берілуі орынсыз" деп танылып жатуы да ғажап емес. Демек, жекешелендірілуші мемлекеттік активтер тізімінің алдағы жылы да қайта қаралуын сарапшылар жоққа шығармайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу