Мұнай бағасы дағдарып тұр

10233

Мұнай қазанның басынан бері 40 пайызға жуық арзандады. Оның құны келесі жылы да түсуі мүмкін.

Мұнай бағасы дағдарып тұр

Сейсенбі, 18 желтоқсан күні әлем нарығында мұнай бағасы соңғы бір жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Бұған ең алдымен дүниежүзілік экономика болашағының белгісіздігі, екіншіден,  энергетикалық шикізат келер жылы көп болады деген болжам себепші.

Желтоқсанның 18-де мұнайдың WTI маркасының баррелі Нью-Йорк биржасында 7,3 пайызға құнсызданып, 46 доллар 24 центке сатылды. Яғни, ол қазан айының басынан бері 40 пайызға жуық арзандап отыр. Ал, Brent-тің нарқы 3,88 пайыз жоғалтып, 58 долларға дейін құлдырады. 

Отын бағасын мұнша түсірген – АҚШ пен Ресейде мұнай өндірісінің рекордтық дәрежеге жетуі. Мәселен, oilprice.com сайтының дерегінше, Құрама Штаттар үкіметі елде тақтатастан алынатын шикізат көлемі таяуда тәулігіне 8 миллион баррелге жетіп, отын қоры артады деп есептейді.

PVM Oil Associates компаниясының жетекші сарапшысы Тамас Варганың ойынша, алдағы жылы бағаның түсу процесі жалғасуы мүмкін.

"Бір ғана жол бар – ол төмендеу. 2019 жылы мұнай нарығындағы тепе-теңдікте өзгерістер болады дегенді жиі естиміз. Алайда,  қол жетімді мәліметтер мен нарықтағы көңіл-күйге қарағанда, мұнай құны шикізат сатушылардың үлкен қарсылығына тап болады", – деді Варга Британияның "Экспресс" газетіне берген сұхбатында.

"Америка банкі" осы айда инвесторлар арасында жүргізген сауалнама қорытындыларына қарағанда, мұнай сатып алушылар алдағы 12 айда ғаламдық өсім әлсірейді деген пікірде . Бұл  болжам UBS банкі сарапшыларының ойымен де сабақтасып отыр.  Олардың пайымынша, 2018 жылы аз уақытқа болса да тұрақтылықтың нышанын байқатқан энергетикалық нарықтың жағдайы қазан айында толық өзгерді.

Егер доллар қымбаттаса...
АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі сәрсенбі күні пайыздық үстемені көтеретінін жариялауы мүмкін. Егер бұл шындыққа айналса, доллар қымбаттап, талай дамушы елдің қарызы өсіп, кейбір мемлекеттерден капитал қашпақ.  Және де осы проблема бүкіл әлемге кері әсер етіп, қаржылық тұрақсыздыққа сеп болып, отынға сұранысты төмендетуі ғажап емес.

Президент Дональд Трамп Орталық банктен пайыздық мөлшерлемені көтермеуді сұрап отыр. Экономистердің ойынша, бұл ұсынысты негізсіз деуге болмайды. Өйткені, Құрама Штаттарда инфляция төмен, өсім мардымсыз. "Егер монетарлық саясат өз бағытын өзгертпесе, экономика қиындыққа тап болады", – дейді америкалық экономист Стивен Ричьюто "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұхбатында. 

Қазір Азияда көлік сатылымы азайып отыр. Ал, Германияның жалпы ішкі өнімі үшінші тоқсанда қысқарған. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына тоқталсақ, оның зардабы алдағы уақытта тіпті сезіледі деген болжам бар. Сарапшылардың ойынша, бұл факторлар да халықаралық нарықта мұнайға сұранысты төмендетпесе, күшейтпек емес.

Осы айда ОПЕК пен оған серіктес елдер мұнай нарығын тұрақтандыру үшін өндірісті 2019 жылдың ортасынан бастап, тәулігіне 1, 2 миллион баррельге қысқартуға келіскені белгілі. Бірақ, ғаламдық өндіріс өсімінің төмендеуі бұл шешімді пайдасыз етуі ықтимал.

"Мұнай нарығын тұрақтандыру әрекеттері қазірдің өзінде тарихқа айналып кетті. ОПЕК+ елдерінің энергетикалық шикізатты бұрынғыдан аз шығару жоспарынан нарық үшін тиімді нәтиже көреміз деп ойламаймын", –дейді  Commerzbank жақында таратқан мәлімдемесінде.  

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу