"Нақты егіншілік әлемдік нарыққа жол ашады"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5140

Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев abctv.kz-ке сұхбат берді.

"Нақты егіншілік әлемдік нарыққа жол ашады" Фото: ortcom.kz

– Кенже Қожахметұлы, Сіз басқарып отырған орталықтың нақты егіншілікті дамыту жолында тынбай тер төгіп келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл ретте Қазақстан қай елдің тәжірибесіне сүйеніп отыр?

– Германияның тәжірибесіне сүйеніп дамытып отырмыз.

– Нәтиже бар ма?

– Былтыр орталық нақты егіншілікке қатысты қанатқақты жобаны қолға алған болатын. Ол үшін жаздық бидайды таңдап алдық. Жоба аясында нақты егіншілік пен дәстүрлі егіншілік салыстырылды. Нәтижесінде нақты егіншілік технологиялары пайдаланылған алқаптың өнімділігі гектарына 25,4 центнерді құрады. Ал егіншілікке жұмсалатын ресурстар орташа есеппен 5-15 пайызға үнемделді. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз.

– Сонда нақты егіншіліктің қандай пайдасы бар?

– Біріншіден, өнімділікті арттырады. Екіншіден, химикаттар аз қолданылатындықтан, өнімнің сапасы жақсарады. Үшіншіден, тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік туады. Нақты егіншілік әлемдік нарыққа жол ашады. Қазір орталық дайындаған жобаларды негізінен солтүстік және орталық Қазақстан аумағындағы шаруашылықтар пайдалануда. Мәселен, біздің орталық әзірлеген жаздық бидай сорттары Қазақстан аумағында себілетін отандық селекцияның 63 пайызын құрап отыр.  

– Былтыр қандай ғылыми жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?

– Ғылыми тұрғыдан 11 құжатқа қол жеткіздік. Оның 9-ы – селекциялық жетістіктер. Жарма дақылдарының 3 сорты бойынша патент алуға өтініш бердік. Сондай-ақ тары мен қарақұмық сорттарына патент алдық. Орталық ғалымдары жаздық бидайдың өнімділігін 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 есе арттырды. Әр гектардан 25,5 центнер өнім алынды. Мәселен, "Дамса-2017" сортының өнімділігі 46,5 центнерге дейін жетті. Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін біршама уақыт жұмсалды.

–  "Дамса-2017" сортының ерекшелігі неде?

– Бұған қатысты зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. "Дамса-2017"-нің басты ерекшелігі құрғақшылыққа және түрлі ауруларға төзімді. Негізінен өнімнің бұл түрін еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге болады. Біз оны Солтүстік Қазақстан облысында тәжірибеден өткіздік. "Дамса-2017" гектарынан 46,3 центнер өнім берді.

– Дәстүрлі егіншілік технологиялары пайдаланылатын алқаптың өнімділігі қандай?

– Орталықтағы жаздық бидайдың өнімділігі гектарына 22,5 центнерден айналды. Нақты егіншілік технологиялары қолданылған алқаптардың орташа өнімділігі гектарына 25,9 центнерді құрады. Ал дәстүрлі егіншілік технологиялары пайдаланылған алқаптардың әр гектарынан орташа есеппен 18,7 центнер өнім жиналды. Айырмашылық жер мен көктей.    

– Шет мемлекеттермен тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?

– Әрине. Онсыз болмайды ғой. Орталық Ресей, Украина, Беларусь, Мексика, Сирия, АҚШ, Жапония, Аустралия, Италия секілді елдермен тығыз байланыс орнатты.

– Сіздердің ғылыми жұмыстарыңыз шетелде қолданыла ма?

– Иә. Мәселен, Италияның бидай өсірумен айналысатын ірі компаниялары біздің орталық ойлап тапқан қатты бидайдың жаңа сорттарына тапсырыс берді.

– Астық шаруашылығы жастарды қаншалықты қызықтырады?

– Соңғы уақытта жастарға сенім артып, мүмкіндік беріп келеміз. Қазір зертхана меңгерушілерінің дені жастар. Үш жас маманымыз Израиль, Дания секілді шет мемлекеттерде оқып жатыр. Жоғарыда айтып өткен "Дамса-2017" сортының авторы да – жас маман. Сонымен қатар, биыл орталық қызметкерлерінің еңбекақысын 10 пайызға көбейткенімізді де атап өткен жөн.

– Орташа еңбекақы қанша?

– 2018 жылы орташа еңбекақы 177 390 теңгені құрады. Ал орталықта 228 адам жұмыс істейді.

Сұхбаттасқан Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу