Олег Матыцин: Спорт – жеке тұлға қалыптастырушы

10776

Алматыда өтетін қысқы Универсиаданың басталуына небәрі 25 күн қалды.

Олег Матыцин: Спорт – жеке тұлға қалыптастырушы

Қысқы студенттік Олимпиаданың даярлығына баға беру, спорттың маңыздылығы мен білім беру саласының ажырамас бөлшегі екендігі жайында және олимпиадаға қатысушылар арасындағы студенттер статистикасы, студенттік спорттың коммерциялануы туралы Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцинмен әңгімелестік.

- Сіз үшін Универсиаданы кез келген елде, мысалы Қазақстанда өткізу нені білдіреді?

- Универсиаданы өткізу – Қазақстан үшін үлкен жетістік. Еліміздің барлық азаматы Олимпиададан кейінгі үлкен спорттық іс шараны өткізіп жатқанымызды мақтаныш тұтуы керек. Тарихты жаңғырту – оңай шаруа емес, бірақ біз барлығын ойластырып жасап жатырмыз.

- Алматыда өткелі жатқан Универсиаданың дайындығы туралы айтсаңыз.

- Дайындық кезі ФИСУ-мен өзара ынтымақтастықта жүргізілді. Біздің барлық ұсынымыз ескерілді. Дайындық кезінде мемлекеттік органдар үнемі қолдап отырды.

Дайындық кезеңі қиын уақытқа тап келді. Әлемдегі дағдарыстың лебі Қазақстанға да әсер етті. Бюджетті оңтайландыру басталды. Бірақ барлық нысанның құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмысы дер кезінде аяқталды.

Дайындық алғаш басталған кезде жұмыс қарқыны біршама баяулаған еді. Өйткені Алматы осы кезде 2022 жылғы олимпиадаға өтінім рәсімдеп жатты. Ұйымдастыру комитеті бір уақытта екі жобамен бірдей айналысты. Бірақ мұның барлығы қазір артта қалды. Универсиада қарсаңында тестік жарыстарды өткізіп, жарыстың қалай болатынын сезіну керек.

- Сіз 2022 жылы өтетін Олимпиаданы өткізуге біздің өтінім бергеніміз туралы айттыңыз. Сол кезде Алматыға небәрі екі дауыс жетпей, Бейжің өтіп кеткен еді. Сіз кімге дауыс берер едіңіз деген орынсыз болар. Сонда да Қазақстан бұдан қандай да бір тәжірибе алды ғой.

- Шындығында Алматының бұл рәсімге қатысуы маңызды болды. Алматының өтпей қалғандығында тұрған ештеңе жоқ. Мұндай кампанияға қатысудың өзі маңызды. Көптеген елде біз жайында жаңа пікір қалыптасты. Сонымен бірге Қазақстан бүгінгі күні спорттың империясы және әлемдік көшбасшылардың бірі – Қытаймен тең дәрежеде бәсекелесе алады. Мұның барлығын Қазақстанның ортақ қоржынына салуға болады.

- Бұрын жарысты өткізген тәжірибесі болғандықтан, ФИСУ Универсиаданың тұжырымдамалық мұрасы болатындай қандай ұсыныс бере алады?

- Әрине, қандай жарыс болса да, мейлі олимпиада, мейлі универсиада болсын, бастапқыда қандай да бір тұжырымдаманың болғаны дұрыс.

Ойын бітіп қалған кезде қандай да бір баға беру қиын. Ал қазіргі айтқым келетіні, негізінен, универсиада үшін ірі спорттық шараларды өткізуге арналған нысандарды ірі оқу орындарының базасында салған дұрыс. Сонда бұл нысандар кейін қаңырап қалмайды.

Біз бұрын болған ойындардың тәжірибесіне қарап, сараптама жасай аламыз. Мысалы, Қазанда өткен ойындарды айтуға болады. Ол жердегі барлық нысан бос қалмаған. Ал Қытайда бұл тұжырымдама бастапқыда Харбинде, содан кейін Шенженде өткен ойындарда қалыптасқан. Ол жерде салынған көптеген нысан о бастан-ақ университет студенттерінің белсенді демалысына арналған.

- Бүгінгі күні спорттың жастарға қажеттігі туралы көп айтылып жүр. Сіз осындай нарықтық дәлелмен келісесіз бе? Спорт бүгінгі күні білім берудің бір бөлігі бола ала ма?

- Болуы әбден мүмкін. Бұл ФИСУ-дың міндеті. Себебі спорт іс жүзінде білім берудің бір бөлігі болуы керек. Білім берудің өзі спорт арқылы беріледі. Өйткені спорт адамның өмірге деген қарым-қатынасын ойын ережесімен, қарсыласына, еңбекке, командамен істелетін жұмысқа деген құрмет арқылы қалыптастырады. Егер адам осы мектептен өтсе, онда келешекте де осы қағидаларды басшылыққа алады деуге болады. Спорт жеке тұлғаны қалыптастыратын орын екені сөзсіз.

- Ал студенттік спортта қай елде жетістік көп?

- Негізінен бұл бағытта әрбір елдің өзіндік табысты жобасы бар. Жетістікке жетудің басты шарты – бұл дамудың тұрақтылығы. Біз көбінесе америкалық тәжірибеге сүйенеміз, олардың тарихы ғасырлар бойы қалыптасқан. Сондай-ақ бір ғасырдан артық тәжірибесі бар Польшаның студенттік спорты туралы ешкім біле бермейді. Ал бұл елдердегі мемлекет пен олимпиада комитетінің, қоғамдық ұйымдар мен спорт федерацияларының өзара іс-қимылы тәжірибесі басқаларға үлгі бола алады.

Кеңес одағы кезіндегі жүйе жақсы болатын. Ол кезде спорт білім беру жүйесінің бөлігі ретінде насихатталған еді. Ал қазір Қытайда студенттік спорт федерациясы білім беру министрлігінің құрылымы. Жалпы алғанда спортпен айналысу мектептен емес, мектепке дейінгі ұйымда басталып, дене шынықтырумен біте қайнасып жату керек.

- Студенттік спортты коммерциялау жайына тоқталып кетсеңіз...

- Әзірге студенттік спортта бұл мәселеге қатысты қиындық туындап отырған жоқ. Тек кейбір елде ғана қиындық бар. Қазақстан туралы айтар болсақ, менің білуімше, универсиада жеңімпаздарына сыйақы беріледі. Бұл спортшыларды ынталандыруға жақсы. Өйткені Универсиадаға жоғары деңгейлі спортшылар қатысады.

Студенттер спортпен пайда табу үшін айналысуы керек деуден аулақпын. Егер университет тарапынан қандай да бір бонус беріліп жатса, әңгіме басқаша. Яғни универсиададағы жеңіс спорттық атақ алуға мүмкіндік береді.

- Студенттердің Олимпиада ойындарына қатысуы мен жеңістері жайында қандай да бір статистика бар ма?

- Біз ресейлік статистикамен таныстық. Олардың көрсеткіші қытайдың және кейбір еуропалық елдердің көрсеткішіне ұқсас. Шамамен студенттердің 40%-ы жарысқа қатысады және осынша адам жеңіске жетіп жатады. Сонымен бірге статистика университеттің спорт мектебінен табысты өткен адам өмірде де көп нәрсеге қол жеткізетінін көрсетіп отыр. Біздің ұранымыз: "Бүгінгі күннің жұлдыздары ертеңгі күні көшбасшы болады".

- Осы орайда спорттан басқа жердегі тұлғаның рөлі туралы сұрағым келеді...

- Өзінің көшбасшысына таңдау жасаған кез келген ел оны мақтан тұтуы керек. Ешқашан өткенге өкпе айтуға болмайды. Әрбір адам өз бойында көшбасшылық қасиетті қалыптастырып, өзіне жауапкершілік ала білуі керек.

Өйткені көшбасшы өз командасы мен оның көзқарасын қалыптастыра отырып, елдің дамуына әсер етеді. Сонымен бірге көшбасшы барлығына жауапты болады.

- Қазіргі уақытта спортпен тек жастар ғана айналыспайды ғой...

- Дәл солай. Қазір спорт кез келген қоғамның маңызды бөлігі болып отыр. Өйткені адамдар өз өмірін ұзартудың жолы – осы екенін жақсы біледі. Сондықтан спорттық карьерасы аяқталғаннан кейін спортқа қайта келіп жатқандар көп. Олар ардагерлік қозғалысты белсенді түрде дамытып жатыр.

- Заманауи үлкен спортта көптеп кездесіп отырған басқа елдің спортшысын қоластына алу туралы ойыңыз қандай?

- Осыған қатысты ойымызды білгіңіз келсе, онда мен бұған қарсымын. Ерекше жағдай болуы мүмкін, бірақ бұл жаппай ауысу болмау керек.

Егер спортшыны немесе жаттықтырушыны тәжірибе алмасып, әдіс-тәсілін үйрену үшін шақыратын болсақ, онда түсінікті. Ал келісімшарт бойынша алатын болсақ, онда ол тиімсіз. Өйткені бұл ел ішіндегі бәсекелестік пен спорт жетістіктеріне кері әсер етеді.

- Өткен жылы допингке қатысты жанжал көп болды. Осының арқасында жеке спортшымен бірге ұлттық құраманың жанжалға іліккен кездері болды.

- Бұл жағдайда негізгі мақсат "таза" спортшыларды қорғау керек. Сондықтан спортшылардың жарысқа қатысуына күш салып, жазықсыз адамдарды жазалағанды қою керек. Ең жаманы – жазықсыз адамды жазалау. Мұның алдын алмаса, бүкіл халықаралық спортқа қауіп төндіруі мүмкін.

- ФИСУ допингке қарсы қандай жұмыс жасап жатыр?

- Жарты жыл бұрын осыған қатысты "допингке қарсы университеттер үшін" жеке бағдарламасын әзірледік. Енді осы жылы оны бес тілде іске асырмақпыз. Біздің негізгі міндетіміз допингтің тек денсаулыққа келтірер зиянын ғана емес, сонымен бірге адамның моральды жағдайы үшін де зиян екенін ұғындыру. Өйткені спортшы fair play (таза ойын) ережесін бұзған кезде өзін ойыннан шығарып тастауға жол береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу