Олигархтың "ойыны"

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2203

Анатол мен Габриэль Статидің Қазақстанға жапқан жаласы бастарына бәле болуы мүмкін. 

Олигархтың "ойыны"

Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол мен Габриэль Стати аяқ астынан ашылуына өздері түрткі болған істің жабылуын қалап, Ұлыбританияның жоғарғы сотына бұған дейінгі талап-арызын қайтарып алу туралы ұсыныс білдірді. Олар: "Сот ісін жалғастырудың қажеті жоқ, себебі  жеткілікті көлемдегі актив қауіпсіз жағдайда", – дегенді уәж еткен.

Істің ақ-қарасын ажырату барысында ағылшын соты молдовалықтардың бас пайдалары үшін өздерін түлкібұлаңға салғанын, осы арқылы жалған мәлімет бергенін анықтаған. Сәйкесінше судья Анатол мен Габриэль Статидің істі тоқтатуға қатысты дәлелі шындықпен жанаспайтынын алға тартып, шағымданушылардың талап-арызын кері қайтарған.

Анатол мен Габриэль Стати жоғарыдағыдай қадамға не үшін барды деп ойлайсыз деген сауалға судья: "Молодовалық бизнесмендер сот талқылауы өздеріне қарсы шығып, Қазақстанның пайдасына шешілуі мүмкін екендігінен  қауіптенгендіктен осылай істеді", – деп жауап берген.

Бұған қатысты әділет министрлігінің сайтында: "Стати Англиядағы процесті 2014 жылы Қазақстанға қарсы төрелік талқылау аяқталғаннан кейін бастады. Бұл төрелік талқылау өзге де мәселелердің арасында құрылысы аяқталмай, іске қосылмаған газ өңдеу зауытына қатысты болды. Стати бастапқыда Швецияда төрелік талқылауды бастаған уақытта 4 млрд АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуді талап етті. Бұл талқылау Қазақстанға қарсы 500 млн АҚШ доллары, соның ішінде 199 млн АҚШ доллары Боранкөл ГӨЗ құрылысына талап етілген шығындарға қатысты ұйғарылған төрелік шешімге әкелді", – деп хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда сөз болған оқиғадан соң Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді. Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын айтты. Осылайша жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарып, оны 2018 жылғы қазан айына белгіледі.

Әділет министрлігі сайтының жазуынша, Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына әкелі-балалы олигархтардың былығын ашатын қосымша дерек ұсынған кезде, қарсы тарап ала тайдай бүлінген. Яғни өтіріктері әшкере болатынын біліп, барлығын жылы жауып қоя салуға тырысқан.

"Стати Швециядағы төрелік трибуналға жалған мәлімет берген. Аталған фактілер ашылған соң әділет министрлігі АҚШ-та құжаттарды ашу процедурасына қол жеткізді. Нәтижесінде олигархтардың алаяқтығы әшкереленді", – делінген министрліктің ресми ресурсында.

Осыдан 3 күн бұрын ағылшын судьясы молдовалық олигархтардың әрекеттері құқықтық жүйені теріс пайдаланудың үлгісін көрсеткенін айтты. Бұл молдовалық олигархтардың Қазақстанға жапқан жаласы бастарына бәле болуы мүмкін деген сөз. Қалай болғанда да бізге биылғы жылдың қазан айын күту керек.

Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларын тексерген. Нәтижесінде шетелдік компанияның мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапқанын әшкерелеген. Бұған қоса Анатол Стати газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра көрсеткен. Көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғылар үшін 72 млн доллар аударған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу