ОПЕК шартты қайта қарауы керек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2289

Қазақстан Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы мұнай өндірісіне басымдық беруді жоспарлап отыр.

ОПЕК шартты қайта қарауы керек

Қазақстандағы орта және шағын мұнай кен орындарындағы өндіріс көлемі 2020 жылға дейін 33,2 млн тоннаға азаяды. Қазір бұл көрсеткіш 36 млн тоннаны құрап отыр. Мұны ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, үкімет Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай кен орындарындағы өндіріске басымдық береді.  

Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 25-і күні Австрия астанасы Венада ОПЕК мемлекеттері мен оған кірмейтін мұнай экспорттаушы елдердің отырысы өтіп, онда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін мұнай өндірісін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы келісімді 9 айға созу туралы келісім жасалды. Нәтижесінде Қазақстан жыл басынан бері мұнай өндіруді тәулігіне 20 мың баррель деңгейінде ұстап тұру міндетін орындады.  

Таяуда өткен Үкімет отырысының бірінде еліміздің бас энергетигі Қанат Бозымбаев бұл шартты ОПЕК-ке қайта қарату керектігін айтып қалды. Энергетика министрі елдің мұнай өндірісіне қарқын беруге мүдделі екенін жасырмай айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бірер апта бұрын ОПЕК басшылығы Қазақстанның жоғарыда аталған келісімді орындағанына күмән білдірген еді. Өз кезегінде Қанат Бозымбаев Қазақстан мойнындағы міндеттемесін орындап келе жатқанын атап көрсетті.  

Энергетика министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта барлау мен өндіруге бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды. Бұл өз кезегінде үш жақтан пайдалы: мұнай өндірісі артады, жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылады және жобаның жалпы құнының 32%-на тең келетін инвестиция тартылады.  

2016 жылы ашылған Қашаған кен орны екі айдың ішінде өндіріс қуатын 1 млн тоннаға жеткізсе, биыл тағы 5 млн тонна мұнай мен 3,1 куб метр газ өндірмек. 2016 жылы кен орнындағы өндіріс көлемі жоспарлы 75,5 млн тоннадан 78 млн тоннаға ұлғайтылса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 81 млн тоннаға жеткізілмек.

Министрдің айтуынша, мұнай өндірісінің артуын қамтамасыз ету негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарына жүктеледі.

"Соңғы үш жылдағы мұнай қорының  өсімі 196 млн тонна деп көрсетілгенімен қайта есептеу кезінде 126 млн тонна болды. Ал барлау қорытындысы тек 70 млн тонна екенін көрсетті. Жер қойнауын пайдалану саласындағы геологиялық барлауды жетілдіру үшін энергетика министрлігі "Жер қойнауын пайдалану туралы" және "Салық туралы" кодекске өзгеріс енгізді. Бұл өзгерістер қыркүйекте Парламенттің қарауына ұсынылады", – деді министр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу