Оппозиция кідіруді жөн көрді

Артур Мискарян Артур Мискарян
2215

Сирия жөніндегі келіссөздің кезекті кезеңі басты тараптың қатысуынсыз өтті.

Оппозиция кідіруді жөн көрді

Өткен сәрсенбіде Сирия мәселесі бойынша Астанада өткен келіссөзге сириялық оппозиция делегациясы келген жоқ, алайда ол келіссөз қатысушыларына бірқатар құжат талқылауға кедергі болмады.

Қазақстан және Ресей сыртқы істер министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Сирия қарулы оппозициясының делегациясы 15-нен 16 наурызға қараған түні немесе 16 наурыз күні таңертең келеді деп күтіліп отыр.

"Бүгін түнде оңтүстік және солтүстік майдан өкілдері келеді деп күтілуде, олар ертең кепілгер елдердің сарапшыларымен соғыс әрекеттерін тоқтату тәртібін сақтау мәселесі бойынша кеңеседі", – деп мәлімдеді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.

Ресей делегациясының басшысы Александр Лавреньевтің айтуынша, егер сириялық оппозиция өкілдері Астанаға келіссөз жүргізуге келетін болса, кепілгер елдер (Ресей, Иран және Түркия – автордың ескерт.) өз делегациясының бір бөлігін осында қалдырмақ.

"Астанадағы келіссөзге Сирияның қарулы оппозициясы қатыспағанына қарамастан, оппозиция өз ұстанымын өзгертер деп үміттенеміз. Бізге түскен ақпаратқа сәйкес, оның өкілдері Астанаға ертең таңертең келмекші. Күтейік. Осыған байланысты біз Ресей делегациясының бір бөлігін Астанаға қалдырамыз, сондай-ақ Сирияның қарулы оппозициясын толғандыратын сұрақтар бойынша кеңес беру үшін Түркия мен Иран делегациясының бір бөлігі қалады. Кепілгер елдер мен Сирияның қарулы оппозиция делегациясы арасында келіссөз Астанада жалғасуы керек деп есептейміз, себебі мәселені пікір алмасу барысында ғана шешуге болады", – деп мәлім етті Александр Лаврентьев.

Оның айтуынша, келіссөзге сириялық оппозиция өкілдері қатысқанда оппозиция бақылауындағы аймақтарда тұратын бейбіт халықтың мүддесіне қатысты мәселелерді шешуге болар еді.

"Бүгінгі кездесуде Сирияның қарулы оппозиция мүшелерінің болмағаны өте өкінішті, өйткені олар қатысса, қарулы оппозиция бақылауындағы аймақтарда өмір сүріп жатқан бейбіт халықтың мүддесіне қатысты бірқатар мәселені шешуге болар еді", – деді Александр Лаврентьев.

"Өткен жолы Астанадағы келіссөзге Сирияның қарулы оппозициясының делегациясы қатысқан, – деді Ресей делегацияның басшысы. – Бірақ сол кездің өзінде олар алдағы келіссөзге қатысатынын мәлімдеген болатын".

Оның айтуынша, Сирияның қарулы оппозициясы елдегі зорлық-зомбылық пен атысты тоқтату тәртібінің бұзылуының себебінен қатыспай отыр. Атысты тоқтату тәртібі бұзылғаны шын болса да, мұндай сылтауға Ресей тарапы келіспей отыр.

"Біз мұнымен келісе алмаймыз, себебі көптеген елдің басшылары Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейі бірнеше есеге төмендегенін ресми түрде мәлімдеді. Әрине, тәртіп бұзушылық орын алды, дәл сол себепті біз бұзушылықты қадағалау механизмдерін жетілдіруде жан-жақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл өте маңызды және күрделі мәселе. Оның үстіне келіссөз жүргізу үдерісін бұзып қана қоймай, жалпы бейбіт келіссөз жүргізу мүмкіндігін жойғысы келетін күштер бар. Сирия дағдарысын соғыс жолымен шешуге ниетті күштер бар", – деген пікір білдірді Александр Лаврентьев.

Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар әл-Джафари болса оппозиция тарапының келіссөзге қатыспауына өзге себеп бар екенін айтады.

"Келіссөзге қарулы терорристік топтар делегациясы қатысқан жоқ. Оған кепілгер ел ретінде Түркияның Астана процесіне кедергі келтіру ниеті себепші. Иран мен Ресей мемлекеттері оған жол бермеуге күш салды. Біз Сириядағы қан төгісті тоқтатуға үлес қосуы мүмкін кез келген мәселені талқылауға дайынбыз", – деді Башар әл-Джафари.

Ресей делегациясы басшысының сөзінше, өткен келіссөз нәтижесінде Иран кепілгер ел мәртебесін қабылдау туралы келісімге қол қойды (бүгінгі күнге дейін Иран кепілгер ел ретінде бейресми қатысып жүрді – авт.ескерт.), татуласқан аудандардың аумағында кепілгер елдердің өкілеттілігі мен міндеттері анықталды, тұтқындармен алмасу тәртібі талқыланды, сондай-ақ Пальмирадан минаны алып тастау туралы өтініш-құжат қаралды.

"Ресей тарапы дайындап Астана процесінің барлық қатысушыларына жіберген құжаттар келіссөздің бұл кезеңіндегі пікірталасқа негіз болды. Өткен отырыстан бері жетілдіріп жатқан құжаттар бойынша пайдалы пікір алмастық", – деп түсіндірді Александр Лаврентьев.

Ал Сирия үкіметі делегациясының басшысы сәрсенбіде өткен Астана кездесуінің қорытындысын басқаша бағалады.

"Іс жүзінде қандай да бір құжат талқылауға шығарылған жоқ, тек кейбір мәселелерге қатысты айтылған идеялар болды. Тек Пальмирадан минаны алып тастау туралы құжат қана шынымен талқыланды", – деп мәлімдеді Башар әл-Джафари.

Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдиновтың айтуынша, қалай болғанда да Қазақстан тарапы келіссөз жүргізу үшін одан әрі де алаң ұсынуға дайын.

"Бұл отырыстарды өткізу Қазақстан үшін үлкен мәртебе. Келіссөздің бұған дейінгі кезеңдерінде Сирия мәселесін реттеу бойынша нақты шара қолданылды, атыс әрекеттері тоқтатылды. Қазақстан және президент Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз жүргізуге алаң берумен шектелмей, бейбітшікке жол бастайтын бастамалар ұсынатынын айтқым келеді. Қазақстан бұл дау-жанжалда бейтарап әрі объективті бітімгер тарап болып қалады. Осыған сәйкес Астана – Сирия мәселесі бойынша келешекте жүргізілетін келіссөздер үшін лайықты орын. Біз Сирия жерінде бейбітшілік орнатуға өз үлесімізді қосуға табанды бекініп отырмыз", – деді Ақылбек Қамалдинов.

Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі келесі кездесулерді Астанада өткізуге ниетті екенін Ресей делегациясының басшысы да білдірді.

"Келіссөз нәтижесі бойынша кезекті кездесуді биылғы жылдың 3-4 мамырында Астанада өткізу туралы келісімге келдік. Бұл мерзім келіссөз қатысушыларының барлығы үшін де жеткілікті. Бұл отырыстан бұрын 18-19 күні Теһранда сарапшылардың отырысы өтеді, оның барысында жоғарыда аталған құжаттар бойынша жұмысты аяқтап, Астанадағы кезекті кездесуде мақұлдау жоспарлануда", – деді Александр Лаврентьев.

Артур Мискарян 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу