Орта Азияның Дубайы, "жүрек дағдарысы", конфессияаралық татулық

3728

Abctv.kz осы айда Қазақстан жайлы шетел басылымдарында жарық көрген материалдарға қысқаша шолуын ұсынады.

Орта Азияның Дубайы, "жүрек дағдарысы", конфессияаралық татулық

Қытайлық журналистің үш қаладан алған әсері
Қытайлық журналист Жэнь Ю елімізді аралап, жақында Global Times  газетінде көлемді мақаласын жариялады. Ол "Қазақстанның үш негізгі қаласының тарихы мен мәдениетін зерттеу" деген тақырыппен жарық көрген. Тілші Астананың модерн және футуристік келбетінен "Орта Азияның Дубайы боламын" деген амбицияны байқапты. Сонымен қатар репортер Ю-ге қазақ мегаполисі босап қалғандай көрінген.

"Бұл мегаполиске бірдеңе жетіспейді. Ол  – адамдар. Жергілікті үкімет бізге Астана халқының саны 1 миллионға жеткенін айтты, бірақ қала маған босап қалғандай әсер етті. Көшеде жаяу жүргіншілерге арналған жолдар аз. Қаланы екі күн аралағанда, Астанада ашық аспан астындағы мейрамханалар мен дәмханаларды кездестірмедім. Ал оның заманауи ғимараттары қаланың өңін суытып тұр", – деді қытайлық журналист.  

Оның Оңтүстікке де жолы түскен. Айтуынша, Түркістан Астанаға мүлде қарама-қайшы. Өйткені тарихи шаһарда күн де, құм да бар, дәстүр де бар. 

Жэнь Ю бұған дейін Алматы туралы көп естіген. Енді өз көзімен көріп, оны "түрлі-түсті қала"  деп атап отыр. Сонымен қатар шетелдік тілші Алматыны серуендеуге қолайлы жер деп есептейді. Оның пікірінше, Алматының орыс және совет стиліндегі архитектурасы қаланың тарихынан сыр шертеді. "Мұнда қайда жүрсең де Алатауды көресің", – дейді тағы бір сөзінде автор. 

Қазақстан жүрек ауруы дағдарысын еңсере ала ма?
Бұл – қазанның 19-да Жапонияның "Дипломат" журналында жарияланған материалдың тақырыбы. Оның мәліметіне қарағанда, 2014 жылы Қазақстанда қайтыс болған адамдардың 54%-ның өлімі жүрек-қан тамырлары ауруларынан келген. Басылым мұның себебін rеңес одағы құлағаннан кейінгі онжылдықта медицина жүйесінің құлдырауымен, қаржы және құрал-жабдық тапшылығымен, білікті мамандардың өзге елдерге кетуімен байланыстырған.

Журнал ресми статистикаға сүйеніп келтірген мәліметке жүгінсек, Қазақстанда экономикалық белсенді адамдардың 12%-дан астамы немесе 2 миллионға жуығы жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегіп отырса, 350 мыңнан астамына созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған.

"Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болғандар саны жағынан Еуропа одағы, Орталық-Шығыс Еуропа, Орталық Азия мемлекеттері арасында алдыңғы қатарда тұр. Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне диабет, семіздік,  қан қысымының жоғарылығы себеп болып отыр. Қазақстандықтардың денсаулығына алкоголь мен темекіні  көрші Орталық Азия елдерімен салыстырғанда көбірек тұтыну да кері әсер етуде. Бұған қоса Қазақстан натрий тұтыну бойынша да дүниежүзінде алдыңға орында тұрған мемлекеттердің бірі", – деп жазады "Дипломат".

Әлемнің ең ірі уран өндірушісі Лондонға бағыт алды
Қазақстанның "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы - әлемнің ең ірі уран өндірушісі. Ол өз акцияларының 25%-ын Лондон мен Астанада сатуға қоймақ. Мұны Британияның "Телеграф" газеті хабарлады. Оның тілшісі елімізді Орталық Азияның ең үлкен экономикасы деп сипаттай отырып, Қазақстанда амбициялық жекешелендіру толқыны басталып жатқанын атап өткен.

"Әлемге уранның 20%-ын ұсынып отырған "Қазатомөнеркәсіп" уран нарығы құрылымдық өзгерісті бастап кешіп жатыр деп есептейді. Теңізге шығар жолы жоқ Қазақстан соңғы кездері уран өндіруден көш басында тұрған Канаданы да басып озды. Бұрынғы кеңестік республика қазір өзінің ең үлкен компанияларын жекешелендіруге басымдық беріп отыр", – деп жазған британдық басылым.  

Орталық Азия діни толеранттылықтың үлгісіне айналып бара ма?
Американың "Вашингтон таймс" газеті қазанның 16-да жарық көрген материалына  "Орталық Азия діни толеранттылықтың үлгісіне айналып бара ма?" деген тақырып қойған. Мақала осы айда Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесуі жайлы.

Автордың ойынша, бұл жиын әлемнің маңдайалды рухани жетекшілерінің басын қосып, әртүрлі діни конфессиялардың арасында түсінік орнатуға және діни экстремизге бірлесіп қарсы тұруға күш салып келеді. Америкалық журналистің сөзінше, діни экстремизммен бірігіп күресу аса маңызды және бұл мақсат Батыс пен Шығысқа көбірек пайда әкелуі мүмкін. Бұған қоса америкалық тілші осындай кездесуді ұйымдастырып, күн тәртібіне өзекті мәселені шығарған Қазақстан лайықты бағасын алуы керек екенін жазған.  

Автор мұның биік мақсат екенін мойындай келіп, мақаланы  марқұм Стив Джобстың "Әлемді өзгертемін деген есалаң адамның өзі әдетте дегеніне жетеді" деген сөзімен  түйіндеген.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу