Отандық компаниялардың кежегесі кейін тартып тұр

3597

Алматыда өтетін Азиялық сапа конгресіне қазақстандық емес, шетелдік компаниялар қызығушылық танытуда.

Отандық компаниялардың кежегесі кейін тартып тұр

Осыны айтып дабыл қаққан Қазақстандық сапа және инновациялық менеджмент ұйымының төрағасы, профессор Азат Абдрахманов "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан қолдау көрсетуді сұрады.

Ақиқатын айту керек, ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске бірден кірісті. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.

Түсінікті болу үшін мәселенің мән-жайын рет-ретімен баяндайық.

Қазақстандық сапа және инновациялық менеджмент ұйымы ел тарихында тұңғыш рет Азиялық сапа конгресін өткізеді. 19-20 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ұйымдастырылатын халықаралық жиынға әлемнің 20 елінен 200 делегат қатысады. Басқосу барысында сапа менеджментіне қатысты еңбектерімен әлемге әйгілі болған жапондық профессор Нориаки Кано, сапа менеджментінің сарапшылары швециялық Клаес Берлин, американдық Елизабет Кейм, ұлыбританиялық Мұхаммед Заири, финляндиялық Жухани Антилла сонымен қатар оңтүстік кореялық Ван Сеон Шин баяндама жасайды.

Халықаралық шараға "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен инвестициялар және даму министрлігі қолдау көрсетеді.

Айта кетейік, Азиялық сапа ұйымы 2002 жылы Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан сынды мемлекеттердің сапа саласындағы ұлттық ұйымдарының бастамасымен құрылған. Бүгінгі таңда ұйым құрамында Сингапур мен Таиландтың, Вьетнам мен Ресейдің, Қазақстан мен Тайваньнің атқарушы комитеттері белсенді қызмет атқарады. Халықаралық ұйым өндіріс, қаржы, көлік және коммуникация, білім және ғылым сондай-ақ  денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми зерттеулерді дамытып, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Сапа конгресі 2003 жылдан бастап жылына бір рет өткізіледі. Бұған дейін айтулы шара Токио, Бейжің, Дели, Тайпей, Сингапур, Инчхон, Бангкок, Хо Ши Минь Сити, Владивосток, Катмандуда қалаларында ұйымдастырылды.

Қазақстанда 15 жылдан соң тұңғыш рет өткізілейін деп отырған Азиялық сапа конгресінің тарқамай тұрған түйіні бар екен. Бұл туралы abctv.kz тілшісіне Қазақстандық сапа және инновациялық менеджмент ұйымының төрағасы, профессор Азат Абдрахманов айтты. 

"Қазақстан былтырдан бері Азиялық сапа ұйымына төрағалық етіп келеді.  Біз мұндай мәртебеге табаны күректей 15 жылдан соң қол жеткізіп отырмыз. Өкініштісі, отандық компаниялар Азиялық сапа конгресіне қатысуға құлықсыз болып отыр. Конгрестің өтуіне екі-ақ апта қалды. Өзіміз ұйымдастырып, өзіміз қатыспасақ еліміздің беделіне нұқсан келетінін түсініп, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгіндік. Абырой болғанда палата бірден көмек қолын созды. Сол-ақ екен Азиялық сапа конгресіне қатысқысы келетін отандық компаниялардың қатары көбейе бастады", – деді Азат Абдрахманов.

Оның сөзінше, әлем қазақстандық компанияларды сапа менеджменті тұрғысынан мүлде танымайды. Өйткені отандық компаниялар өз қазанында ғана қайнайды. Біздің кәсіпкерлер халықаралық белестерді бағындыруға келгенде шабандық танытады.

"Бір миллилитр мұнайы, бір куб газы, бір түйір металы жоқ Жапония машина жасау, кеме құрастыру және электроника өнімдерін шығару ісі арқылы дүниежүзін аузына қаратып отыр. Оңтүстік Корея Samsung , Daewoo деген  брендтерімен әлемдік бәсекеге қабілетті болудың озық үлгісін көрсетуде. Қытай болса кез келген дүниені өндіріп, әлемнің кез келген нүктесіне жеткізіп бере алатындығымен таңдай қақтыруда. Қытайдың Huawei, ZTE, HAIR деген брендтері бәсекелестерін нарықтан ығыстырып жатыр. Бүгінгі таңда Қытай өздерінде жасалған дүниенің сапасыз болатындығы туралы түсінікті түп-тамырымен жою үшін сапа менеджментіне ерекше ден қоюда. Ал біз шектеулі шеңберден шыққымыз келмейді. Дамығысы, өркендегісі келген елдің кәсіпкерлері мен кәсіпорындары ең алдымен сапаға, содан соң тұтынушының сеніміне ие болуы керек. Осылдай жағдайда ғана табыс еселеніп, кәсіптің тасы өрге домалайды", – деді Қазақстандық сапа және инновациялық менеджмент ұйымының төрағасы.

Азат Абдрахмановтың айтуынша, отандық бизнес өкілдері әлемдік сапа менеджментіне қарап бой түзеуге тиіс.

"Біздің ойымызша, отандық компаниялар мен бизнес өкілдері Азиялық сапа конгресінің ұлттық экономикамызға, өндіріске, кәсіпкерлерге қандай пайдасы бар екенін жете түсінбей отыр. Соның салдарынан халықаралық жиынға қатысуға асығар емес. Қазір әлемді тек қана сапа арқылы ғана жаулауға болады. Сапаға сын садағы тартылмас үшін сапа менеджментін меңгеру керек. Сапа менеджментін толық игерген кез келген кәсіпкер табыс кілтіне ие болады", – деді профессор.

Сөз арасында Азат Абдрахманов Қазақстанда бизнес пен бизнесмендері ынталандыратын "Алтын сапа" атты бірегей байқау бар екенін тілге тиек етіп: "Осы байқаудың жеңімпаздары өз елімізде мойындалғанын місе тұтпай, халықаралық деңгейге шығулары тиіс. Оларды халықаралық ұйымдар, әлемдік деңгейдегі сапа менеджментінің өкілдері тануға  тиіс. Сол кезде олардың беделі бекіп, абыройы асқақтай түседі", – деді Қазақстандық сапа және инновациялық менеджмент ұйымының төрағасы.

Азат Абдрахмановтың айтуынша, Азиялық сапа конгресі аясында отандық кәсіпорындардың көрмесі ұйымдастырылады. Осы арқылы оларға шетелдік инвесторлармен танысу, келісу мүмкіндігі беріледі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу