Руханидің екінші президенттігі: әр кәллада бір қиял

Сагат Хабаров, Тегеран Сагат Хабаров, Тегеран
3513

Хасан Руханидің Иран президенті болып қайта сайлануы туралы әлемдік БАҚ не дейді.

Руханидің екінші президенттігі: әр кәллада бір қиял

Хасан Руханидің Иран президенті болып қайта сайлануы ирандық басты басылымдардың бірінші беттерінде жарияланғаны сөзсіз. Иранның белгілі газеттері елді елең еткізген тақырыптармен бұл хабарды жария етті. Мысалға, "Сенім" басылымы басты бетке Рухани мен елдің жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеимен бірге түскен суретін орналастырып, "Халық дауысы" деген тақырыппен мақала жариялады. "Шығыс" газеті жоғарғы басшыға тағзым етіп тұрған Руханидің суретіне "Барлық сыншыларға пікірін білдіруге рұқсат етіңіз" деген тақырып қойған. Ал "Иран" газеті  елдің жоғарғы басшысы Хаменеидің президент Руханиге президенттік нұсқама беріп тұрған суретін бірінші бетке тұтастай жариялады. Аталмыш газет тақырыпқа Руханидің "Менің президенттікте Иран халқының өзіне тиесілі заңды құқықтарын ие болуын мақсат етемін" деген сөзін келтірген.



Халықаралық БАҚ-тарға келер болсақ, мұнда Руханидің екінші мәрте президент сайлануына қатысты байсалды пікірлер жарияланды, себебі Иранның мемлекеттік билік сатысында бұл лауазымды иеленген адамның билігі шексіз емес. Баршаға мәлім, елдегі негізгі шешімді жоғарғы басшы аятолла Әли Хаменеи қабылдап, өзі бекітеді.

Сонымен қатар батыстың ақпарат құралдарында Иранда өткен президент сайлауы әдетінше "демократиялық қағидаларды өрескел бұза отырып өтті" деп сипатталып, "ислам революциясының қағидаларына біршама жұмсақ саналатын шииттік белді тақуалардың арасындағы жабық бәсекелес күресті" көрсетті делінді (The Atlantic басылымы).  Себебі ирандық  электорат тек бір консерваторлық бағыт өкілдерінің ішінен таңдау жасауға мәжбүр болды. Сондықтан, батыс баспасөзінің пікірінше, бұл сайлаудың нәтижесі таңдай қақтырарлық болмайтыны әу баста белгілі болған, себебі кім жеңсе де Иранның саяси бағыты өзгеріссіз қалатыны айдан анық еді. Теһран әлемдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты саяси мүдделері мен пікірінен бас тартпайды, бірден одақтастарын өзгертіп, жауларымен татуласпайды. Осыған орай әлемнің БАҚ-тары "көпшілік дауысты кім алғанына қарамастан, басты жеңімпаз Ислам революциясының тәртібі болады" деген  аятолла Хаменеидің мәлімдемесін дәйексөз ретінде келтірген, әрі мұнымен келіспеу мүмкін емес.

Сонымен қоса әлемдік БАҚ-тарда бұл мәселеге қатысты бірқатар ерекшеліктің бар екені айтылды. Біріншіден, баршаға парасатты прагматик ретінде танылған Рухани қайта сайланса да, ирандық дипломатияның басшысы Моххамад Зариф жеңіске жетсе де АҚШ-тың Иранға қарсы ұйымдастырған халықаралық одақтың ауызбіршілігін ұстап тұруына кедергі келтіреді. Айта кетсек, Моххамад Зариф қайтадан сыртқы саяси мекеме басшысының орнын иеленеді. Осы жайттарды ескерсек, сайлауда Руханидің жеңіске жетуі белгілі бір дәрежеде Иран сыртқы әлемге ашық болады деуге үміттендіреді.

Екіншіден, Рухани екінші мәрте президент сайланғанда Иран халықаралық оқшаулаудан шығып жаңа мәртебеге ие болды. Осыған орай сарапшылардың басым бөлігі Теһран батыстың державаларын алаңдатып отырған өзінің ракеталық бағдарламасын одан әрі дамытатынына қарамастан, қазіргі кезде Иран мен әлем арасында айтарлықтай жайлы қарым-қатынас орнады.  Осыған байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Иранды "зұлымдық ордасына" қайтару ниетіне қарамастан, Руханидің қайта сайлануы осындай жағымды үрдістердің сақталуына үміттендіреді. Бірқатар халықаралық сарапшының пікіріне сәйкес, "қазіргі жағдайда Иран әрекет етіп, мәлімдеме жасауда барынша абай болғаны жөн, ал қайта сайланған Рухани бұл міндетті сәтті орындай алады".

Десе де көптеген сарапшы Теһранның әскери ядролық бағдарламаларын қысқартуға деген ниетінің шынайылығына күмән келтіреді. "Әл-Жазира" телеарнасының саяси шолушысы Марван Бишардың бағалауына сүйенсек, Рухани бірінші президенттік мерзімінде реформалар мен ұстамдылық туралы бос ұранды қолжаулық етіп, Таяу Шығыста Махмұт Ахмадинежадтың әрекетінен де бетер басқыншыл әрі арсыз саясат жүргізген. Қазіргі кезде, "Би-Би-Си" басылымының дипломатиялық шолушысы Дж.Маркус атап өткендей, "Иран Сүрия, Ливан және Йемендегі қарулы қақтығыстардың негізгі ойыншысы ретінде Парсы шығанағындағы жағдайға едәуір ықпал етіп отыр. Теһран тіпті Ирактағы әскерилері, кеңесшілері мен өзге де жақтастары арқылы шииттік оқшаулыққа дем беріп, АҚШ-пен бақталасып отыр. Сондай-ақ Иран "Ливандағы "Хезболл" мен Газа секторында кейбір палестиналық топтарға қолдау көрсетіп отыр.



Мәскеудегі Карнеги орталығының директоры Дмитрий Трениннің пікірін дәйексөз етсек, "Руханидің ұлықтау рәсіміне шетелдік қонақтардың көптеп келуі мемлекет болып қалыптасқанына 2,5 мың жылдан артық уақыт өткен Иран Таяу Шығыстағы тұрақты белді ел болғанын және болып қала беретінін айқындайды".

Ирандағы сыртқы саяси жағдайдың одан әрі өрбуін талдай келе, Израильдің ұлттық қауіпсіздікті зерттеу институтының сарапшылары осы сайлауалды науқанында президент Рухани мен Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) басшысының арасындағы шиеленісе түскен қарым-қатынасы ашық текетірес кезеңіне өтетінін нақтылап айтты.

Бұл текетіреске себепші болған негізгі уәж ретінде израильдік сарапшылар Руханиді қолдап отырған реформаторлар лагері мен жуырдағы сайлауда оның қарсыласы болған ирандық басқарушылар тобының өкілі Ибрагим Раиси арасында басталған жасырын бәсекелестікті атап өтті. Сондай-ақ Иранның жаңа жоғарғы басшысын сайлайтын  уақыт та алыс емес екені айтылып жүр, себебі 77 жасар аятолла Хаменеидің денсаулығы соңғы кездері сыр беріп жүр. Осыған орай бұдан әрі Рухани бастаған реформаторлар мен ИРСК кіретін консервативтік орта арасында ішкі саяси күрес басталады деген болжам бар.

Халықаралық сарапшылардың басым бөлігінің пікірі жақын арада Теһран АҚШ және батыспен 2005-2006 жылдары болған "соғыс та емес, бейбітшілік те емес" бейтарап жағдайды қайтаруға тырысады дегенге саяды. Мұндай жағдайда Иран басшылығы үшін сыртқы әлеммен экономикалық қарым-қатынас жасаудың қажетті деңгейіне жетуге мүмкінік береді.

Әйгерім Сүлейменова, Сағат Хабаров, Теһран
 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу