Сән-салтанатыңды табысыңа қарап шектейтін заманауи салық талабы есік қағып тұр

3253

2021 жылдан бастап қазақстандықтар жаңа талаптармен өмір сүретін болады.

Сән-салтанатыңды табысыңа қарап шектейтін заманауи салық талабы есік қағып тұр

Бұған дайындықты бүгін бастамағандар ертең кеш қалуы әбден мүмкін. Бұл үшін тұрмысың мен табысыңды сәйкестендіріп, басы артық табыстың қайдан қалғанын еске түсіріп, етек-жеңді жинауды қазірден бастау керек. Республикалық Кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев Алматыда өткен баспасөз жиынында қазақ елі бұл шараға технология жағынан дайын отырғанын айтты. Ендігі міндет – қоғамның дайындығы. Оның пайымдауынша, 2020 жыл – қазақстандықтарға мүмкіндік беріп отырған соңғы жыл. 2021 жылдан бастап қазақстандықтар жаңа заң, жаңа талаппен өмір сүретін болады: әлеуметтік желілерде құны 2-3 млн теңге болатын құнды ішіктері мен 500 мың АҚШ долларына сатып алған қымбат көліктерінің суретін салған кейбір жұлдыздардың "жұлдызды өміріне" 2020 жыл нүкте қояды дейді салық мамандары. Енді бағасы 500 мың теңгеден басталып, шексіздікке дейін жалғасып кететін жылжитын, жылжымайтын мүліктері мен картиналарын декларацияда көрсетіп, оның қандай ақшаға келгені туралы түсіндіруге тиіс: түсіндіре алмаса немесе жасырып қалса, тауар бағасының 10 пайызы көлемінде айыппұл төлейді.

Дмитрий Казанцев 2020 жылдан бастап Қазақстанның экономикалық жағынан белсенді 13 млн азаматы табысы мен мүлігі бойынша жыл сайын декларацияны толтыруды бастайтынын айтты.

Декларацияны Қазақстанның барлық кәмелеттік жасқа толған тұлғалары, этникалық оралмандар, елде тұруға рұқсаты бар тұлғалар және мүлігі мен табысы бар кәмелеттік жасқа толмағандар, Қазақстанда мүлігі бар немесе компанияларға қатысу үлесі бар шетелдік азаматтар өткізеді. Есепті 15 шілдеге дейін қағаз түрінде немесе 15 қыркүйекке дейін электронды түрде өткізуге болады.

"Табыс пен мүлік туралы декларацияда құны 500 000 теңгеден асатын және болашақта сатуыңыз ықтимал нәрселерді көрсетуді ұсынамын. Бұл бағалы бұйымдар, тондар, картиналар болуы мүмкін. Есепті қағаз түрінде тапсыруға және консалтингтік компаниялардың немесе таныс бухгалтерлердің қызметіне жүгінуге кеңес бермеймін, өйткені есепте конфиденциалды ақпарат көп болмақ", – дейді республикалық Кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев.

Ол әңгіме арасында бастапқы кезде нені көрсету керек екенін жіпке тізгендей етіп санамалап берді: олар жылжымайтын мүлік туралы ақпарат – ғимараттар, жер телімдері, үйлер, пәтерлер, Қазақстан ішіндегі және Қазақстаннан тысқары жердегі саяжайлар, сонымен қатар құрылысқа қатысу үлесі, жылжитын мүлік туралы ақпарат – көліктер, мотоциклдер, яхталар және басқасы. Сондай-ақ қанша ақшаңыздың бар екендігі туралы ақпарат та табыс декларациясында көрсетілуге тиіс.

Қазақстандық банктерде және одан тысқары жерде есеп-шотта, депозитте, карточкада қанша қаражаттың бар екендігі, ең бастысы, қолма-қол ақшаңыздың қанша екендігі туралы ақпаратты беруге тиіссіз.

Дмитрий Казанцев 2020 жылдан бастап қолма-қол ақша күйінде сақталатын қаржыға шектеу қойылатынын айтып өтті. Бастапқы кезде оның мөлшері 15 000 000 теңге болмақ. Уақыт өткен сайын бұл қаражының мөлшері азая береді. Маманның пайымдауынша, қазақстандықтар 2025-2030 жылдары жаппай есеп айырысудың электронды жүйесіне көшуі әбден мүмкін.

"Теориялық тұрғыдан алғанда сізге табысты декларацияламауға болады, бірақ мына жәйтті ұғыну керек, досыңыз сізге қарыз болған 1 000 000 көрсетпейтін болсаңыз, ақша қайтарылған кезде сіз салық төлеуге тиіс боласыз. Әйтпесе салық мекемесінде сіздің қаржыны қайдан алғандығыңыз туралы сұрақ туындамақ. Мәдени құндылықтар, бағалы бұйымдар, атадан балаға қалатын әшекейлер туралы да дәл солай. Әрине, оның бәрін көрсетпеуіңізге болады, бірақ болашақты ойлауыңыз қажет, өйткені оны сатамын деп ұйғарсаңыз, ол ақша жарияға шығады", – дейді Дмитрий Казанцев.

Маман осы ретте бұл шараның жаңалықтарымен де таныстырып өтті. Құны қымбат көліктердің бағасынан 10 есе асып түсетін сәйгүліктер енді биологиялық активтер санатында қабылданады. Маманның пайымдауынша, кіріс декларациясын өткізген соң сіз оның басқа да формаларын өткізуді жалғастырасыз. Бұл қысқа және кеңейтілген есеп форматында болмақ.

Қысқа есеп қызметкерлерге, зейнеткерлерге, студенттерге арналған. Олар 1 жыл ішінде табысында өзгерістер болмаса, қысқа форматта толтырады. Ал өзгерістер болса, көлік сатып, пәтер алғандар кеңейтілген есеп тапсыратын болады. Кеңейтілген есепте сыйға тарту етілген және мұра ретінде қалдырылған нәрселер көрсетіледі.

Сондай-ақ кәсіпкерлер де кеңейтілген есеп өткізетін болады.

Декларация өткізілмеген жағдайда немесе онда шынайы ақпарат көрсетілмесе, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (2019 жылы 75 750 теңге) айыппұл төлеу көзделген. Алайда, оның салдары бұдан да елеулі болуы ықтимал. Өйткені сіздің табысты жасырып қалғандығыңыз әшкере болса, салықтың (ЖТС) кем дегенде 10 пайызын төлейтін боласыз.

"2020 жылдан бастап кірісті жасыру мүмкін болмай қалады. Еске сала кетейін, бүгінгі күнде талап қою мерзімі 5 жылды құрап отыр. 2020 жылдан бастап 3 жыл деп енгізу көзделген. Демек, 2023 жылы салық мекемесі сізге 2022, 2021, 2020 жылдар бойынша декларацияланбаған табыс пен мүлік бойынша кінәрат таға алады. Сол себепті 2019 жылды мен адамдарды тегін оқытуға арнағым келеді, оқу "Табысты жалпыға ортақ декларациялауға қалай дайындалу керек" деп аталады", – дейді Дмитрий Казанцев.

Маман осы ретінде, салық декларациясын тапсыру алыс-жақын елдерде бір мезгілде өтетінін айтты. Сол себепті тапқан табысыңды шетелде жасырып қою мүмкіндігін нөлге бағалауға болады. Орталықтандырылған ақпарат жүйесі арқылы қай елдің азаматының қай елдің қаржы ұйымдарында ақшасының тығылып жатқанын анықтауға жарты минут қана кетеді.

"Банкте қарызы барларды, алименттен қашып жүргендерді шетелге жібермеу тәжірибесі қолданылып жүр. Ал 2021 жылдан бастап табыс декларациясында табыс көзінің қай жақтан келгенін анықтай алмағандар әуежайлардан, теміржол бекеттерінен ары қарай өте алмайды", – дейді Дмитрий Казанцев.

Ол, сондай-ақ еліміздегі ШОБ немесе жеке кәсіпкерлік нысаны ретінде тіркелген бизнес өкілдерінің 80 пайызы айлық табысының 50 пайызын ғана көрсетіп келгені құқыққорғау орындарына белгілі екенін жеткізді. Енді олардың да жолы кесілмек. Себебі ай сайын табысын 50 немесе 70 мың деп көрсеткендердің басым көпшілігі қысқы-жазғы демалыстарын шетелде өткізетіні белгілі. Енді оларға әуежайда құны 10 мың АҚШ долларынан асып кететін жолдамаларды қандай табысқа сатып алғандарын түсіндіруге тура келеді.

"Өркениетті елдерде адамдар заң қабылданса, тұрмыстарын заңға бейімдейді. Бұл жалпыға бірдей міндет. Біздің экономикамыздың көшін кері тартып тұрған фактор – заңды айналып өтуге тырысатынымыз. Күні бүгінге дейін салық төлеушілерге дайындықпен келуге мүмкіндік бердік. Ойлансын дедік. Бірақ нәтиже аз. Енді заң қуатының қандай екенін біз түсінетін боламыз", – дейді Дмитрий Казанцев.

Сарапшыларды декларацияны енгізудің қалай жүзеге асатыны алаңдатады. Өйткені миллиондаған декларация төлеушілерді салық органы қабылдай ала ма? Оның үстіне бұл декларацияны енгізуге шенеуніктердің өзі кедергі келтіріп келеді.

Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, шетел тәжірибесіне сүйеніп жасалған реформалар мен идеяларды әбден пысықтап, пісіріп іске асырмайды. Бұл – шенеуніктердің қателігі. Декларация тапсырған әрбір азамат сонда көрсетілген кіріс пен шығындарын анық көрсетіп, оның бір-біріне сәйкес болуын қадағалауы керек. Өйткені біздің елде кей шенеуніктердің шығындары заңды табысынан артық. Мүны шенеуніктер қаламайды.

"Қаржы мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар дәл декларация тапсырған кезде туындауы мүмкін. Сол кезде мемлекеттік қызметте отырғандар ол сұрақтарға жауап бере алмасы анық. Дәл осы себептен әлі енгізілмей отырғаны шындық. Бізде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар көп. Олар қай табыстарын көрсетеді? Декларация тапсыруға оларды қалай мәжбүрлейді? Салық органдары қызметкерлерінің біліктілігі өте төмен. Олар бір мезгілде миллиондаған адамның декларациясын қабылдай алмайды. Ал оларды дайындауға бірталай қаражат пен уақыт керек. Ауылдық жерлердің көбі интернетке қосылмаған", – дейді Айдар Әлібаев.

Мамандар табыс декларациясын тапсыру кезінде жұмыссыздар саны нақтылана түсетінін айтады. Ал бізде отандық экономика бір жолға қойылмағандықтан, жұмыссыздар саны артып келеді. Өндіріс орындары мен ғылыми зерттеу институттары да жоқ.

Тағы бір мәселе, табысы аз адамдарды алаңдатып, жеке тұлғаларды кірістерін декларациялауға міндеттеудің қажеті жоқ.

"Сондай-ақ жұмыс берушілердің жеке табыс салығын, зейнетақы аударымдарын төлеуі арқылы Қазақстанның барлық тұрғындарының кірісі туралы мәліметтер алудың басқа да тәсілдерінің бар екенін ескерген жөн", – дейді экономист Айдар Әлібаев.

Салық органдары мамандарының бәрі бірдей бұл шараға дайын емес екенін Дмитрий Казанцев те мойындайды. Олар заңның қабылдануын күтіп, ұйықтап жатыр.

"Табыс салығын жариялауға қоғамның өзі мүдделі болуы керек. Бізде ауқатты адамдар мен табысы өте төмендердің арасы тым алыстап кетті. Бұл әлеуметтік наразылықты туғызады. Сондықтан, жемқорлықтан ада, таза қоғамның қалыптасуына бәріміз бірдей мүдделі болуымыз керек. Бұрын қоғамның қаржылық сауаттылық деңгейі туралы көбірек айтсақ, енді салық мәдениеті, салық сауаттылығы туралы айтуға тура келеді", – дейді Дмитрий Казанцев.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу