Санқилы санитарлық талаптың тағдыры қандай болмақ?

3788

Санитарлық қағидалар мен ережелерді қолдану кезінде әкімшілік кедергі мен сыбайлас жемқорлық қатерін қалай азайтуға болады? Кей кезде қойылатын талаптар неге қисынсыз әрі заңсыз болып келеді?

Санқилы санитарлық талаптың тағдыры қандай болмақ?

Бұл мәселе бейнеконференция түрінде бас прокуратурада өткен "Атамекен" палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысында басты тақырып ретінде қаралды.

"Бас прокурор Жақып Асанов пен "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бекіткен "Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы" жол картасын жүзеге асыру аясында жүргізілген талдау көрсеткендей, кей кезде қауіпсіздік мәселесіне тіпті қатысы жоқ өндіріс тәртібі мен жағдайын шамадан тыс қыспаққа алу, кәсіпкерліктің қалыпты дамуына қайшы шектеу қояды. Бұл парақорлықтың кең етек алуына әсер етеді", – дейді "Атамекен" КҰП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Басты тақырып бойынша негізгі баяндаманы КҰП қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров жасады.

Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық палата кәсіпкерлік қызметті жүргізуге жағдай жасауда ауқымды жұмыстың басын қайырды. Мысалы бизнес-ахуалдың жақсарғанының көрінісі сол, рұқсат беру қағазы мен лицензия саны азайып, тексеру рәсімі оңтайландырылды.

Алайда кәсіпкерден түсетін өтінішті талдау барысында барлық түйткілдің толық тарқатыла қоймағаны аңғарылған. Әсіресе мемлекеттік мекеменің кәсіп иесіне жүктейтін талабы айрықша алаңдатып отыр. Оған дәлел – мұндай талаптың жалпы саны 28 мыңнан асқан.

"Әлбетте кәсіпкер талаптың бәрін қасақана орындамауға тырыспайтыны белгілі. Бірақ бұл талаптың түгелін есте сақтаудың өзі қиынға соғады емес пе?! Бұдан тыс, қыруар міндет сыбайлас жемқорлыққа жол ашатыны анық. Мәселен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласына келсек", – деп нақты тақырыпқа ойысты Ербол Өстеміров.

Департамент басшысының дерегіне қарасақ, қазіргі уақытта 83 біріктірілген талаптан тұратын 1 тексеру парағы қолданылады.

"Төртінші тармақты алсақ, шаруашылық және ауызсу мақсатындағы тұрмыстық кәдеге жаратуға арналған санитарлық қорғау аймағы, сумен қамту көзінің, орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау нысанының, су құбырлары мен су алу құрылымдарының санитарлық қорғалатын тұстарындағы талапты кеңейтер болсақ, ұлттық экономика министрінің 2 бұйрығынан табылады. Сонда бір ғана тармақта 343 талап бар. Тексеруші тарап осы қағиданың барлығын яки ішінара бір бөлігін жүктеген кәсіпкер қаншасын бұлжытпай сақтау керектігін түсінбей дал болады", – дейді Ербол Өстеміров.

Мәселенің шешімін табу үшін КҰП бас прокуратурамен, ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, білікті сарапшыларды тарта отырып, мемлекеттік бақылау (қадағалау) кезіндегі тексеруді оңтайландыруда ортақ көзқарас түзген.

Жаңа тәсілдерге сай, тексеру парағына келесі жайлар енуі тиіс: өндірістен шыққан түпкі өнімнің қауіпсіздігіне тән талаптар зертханалық талдау, өлшеу арқылы таразыланбақ; нақты тексеруге болатын талаптар құжатты екшеуден, қажетті құрал-жабдық пен көрсеткіш, таңбалауды сол жерде салмақтаудан тұрады; тексеру парағына ішкі технологиялық үдерісті сипаттайтын талаптар кірмегені абзал, себебі бұл өндірістік-технологиялық бақылауды тексерілетін субъектінің өзі ұйымдастырады.

Осы орайда баяндамашы тұтынушылар құқығын қорғау комитеті 2 ай бойы тексеру парағын тексеруге белсенді атсалысқанын айтты.

Нәтижесінде 41 санитарлық ереже сүзгіден өтіп, 11543 талап анықталған. Назарға іліккен тексеру парағындағы талаптың 9172-сін, яғни 80 пайызын алып тастау жайы ұйғарылған. Сәйкесінше тек 20%-ы – 2371 қағида күшін сақтап қалмақ. Батыл қадамның арқасында құзырлы саладағы бұлыңғыр баптар жойылып, тексеру парағы бизнес субъектісіне орындауға мүмкін болатындай анық күйге енген.

"Мысалға келтірсек, тамақ өнімінің көтерме және бөлшек сауда нысанына қойылатын санитарлық талаптың 76%-ын алып тастауға кеңес берілді", – деп мәлімдеген Ербол Өстеміров, бүгінгі таңда ұлттық экономика министрінің жаңа тексеру парағын (барлығы 45) бекіту жайлы бұйрығының жобасы "Атамекенде" зерделеніп жатқанын, жақын арада өз ұстанымын білдіретінін жеткізді.

Департамент жетекшісі артық әрі қисынсыз, өзектілігін жойған талаптар тазаланғанымен, халықтың санитарлық салауаттылығын қамтамасыз ететін жалпы қағида орнында қалғанын айтты.

"Сонымен бірге сөренің қабырғамен арадағы орналасу алшақтығы сынды шамадан тыс нақтыланған талап кәсіпкердің наразылығын тудырды. Мәселен төгілетін өнімді қабырғадан 50 см аралықта сақтау керек", – деп мән-жайға қанықтырған Ербол Өстеміров бүгінде мектепке дейінгі мекемеге қатысты талаптар қарастырылып жатқанын, білім және ғылым министрлігі 120-дан астам талапты алып тастауға кеңес бергенін хабарлады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесінің орындауы мүмкін емес талабына қатысты Солтүстік Қазақстан облысының 5 ауданындағы кәсіпкерлерден арыз-шағым келген. Бұл жерде орталықтандырылған кір жуу жайлы талаптар қиындық тудырған. Мысалы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылында 1400 адам тұратындықтан, кір жуу нысанын құру тиімсіз.

"Көтерме және бөлшек сауда нысанындағы азық-түлік өнімін қайта қаптауға қойылатын талап та алаңдатады. Өйткені жарма, қант, макарон секілді тауарлар 50 келілік не одан да артық салмақтағы қапта сатып алынады. Содан сатып алушыға ыңғайлы болуы үшін ұсақ дүкен оны санитарлық ережеге сай бөлмеде, тексеруден өткен өлшеу аспабында 1 келілік пакетке қайта салады. Алайда тексеруші мұны заңбұзушылық деп бағалайды", – деп әңгімелеген Ербол Өстеміров үлкен өндірістік цехтағы жылудың болуы жайлы талапты орындау мүмкін емес екенін дәйектеді. Мысалы желдету жүйесі жұмыс істеп тұрған жайға жылы ауаның жіберілуін көзіңізге елестетіп көріңіз.

"Метакон" және "Темірбетон" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне дәл осы себеппен айыппұл салынған. Бұл мәселе тұтынушылар құқығын қорғау комитеті басшыларының алдында көтерілгенімен, берілген жауапта санитарлық ережеге енгізілетін өзгерістің ғылыми негізделуі керектігі айтылған.

"Бұл мәселеге байланысты Мәскеу мен Минск қалаларында ғылыми институттың барын бағамдадық. Германия мен Франция институттары да еуропалық стандарт аясында сапалы зерттеу жүргізе алады деп ойлаймыз. Түйткілді толығымен тарқату үшін, Кеңестен үкіметке артық не ескірген, қайталанатын талапты ғылыми талдауға қаржы бөлуді ұсынуды сұраймыз", – деп қорытындылады "Атамекен" палатасы қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергімен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров.

Парламент мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың "Бурабай су арнасы" кәсіпорнының кәсіпкерлерге жасаған қысымына қатысты сұрағына бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мардымды жауап бере алмады. Осы орайда портал тілшілеріне енді ғана жеткен жағымды жаңалық, Бурабай аудандық прокуратурасы "Бурабай су арнасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының әрекетін заңсыз деп таныды.

Естеріңізге сала кетейік, коммуналды шаруашылық бірқатар қоғамдық тамақтандыру нысаны аумағындағы ағын суды өз бетінше тексеріп, қосымша тазалау жұмысын жүргізгені үшін кәсіпкерден ақылға сыймайтын төлемақы талап еткен. Онымен қоймай, компания кәсіпкерлік нысандарының су жүйесін ағытып тастап, төлемақыны тезірек төлеуге, болмаса кепілхатқа қол қоюға мәжбүрлеген.

Талқылау барысында кеңес мүшелері, тұтынушы құқығын қорғау орындары, кәсіпкерге орындалуы мүмкін емес немесе заңсыз ескертуді әдейі беретін жайлар жиі аңғарылатынын нұсқады. Жекелеген санитарлық баптар қисынсыз талаптардан тұратындықтан, алып тастау ұсынылды.

Кеңес басшысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметін денсаулық сақтау саласына кіріктіру керектігін айтты. Себебі халық денсаулығын қорғаумен, түрлі аурудың алдын алу және қарсы тұру жұмысымен кәсіби маман айналысуы қажет. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық реттеудің тығырыққа тірелгені сол, қызметті ғылыми негізделген сүйемелдеу жағы ақсап тұр. Сондықтан жауапты міндетке тәжірибеде ысылған білікті маманнан бөлек, денсаулық сақтау жүйесінің ғалымдарын жұмылдырған жөн.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың баяндамасында айтылғандай, облыс прокурорлары өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерін жоюда шаралар кешенін атқарып отыр.

Отырыс қорытындысында кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі санитарлық ереже мен қағиданы қолдану кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауда, құқықтық регламенттеу мен ұйымдастыруды қамтамасыз ету барысында жүйеде ақау барын тұжырымдады. Соның салдарынан кәсіпкерлік қызметке әкімшілік кедергі туындап, саладағы жемқорлық жайы жойылмай тұр.

Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылар құқығын қорғау комитеті халықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын қадағалау мен бақылауды жүргізгенде, жемқорлыққа түрткі болатын себеп-салдарды анықтау мен жоюда парақорлық тәуекелін ішкі талдауды жүзеге асыру ұсынылды.

Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне, іс жүзіндегі Санитарлық қағидалар мен ережелерге мониторинг жасап, өзгерістер әзірлеуге кеңес берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу