ҚХР басшысының ресми кездесулері таңертеңнен басталды. Алғашқы болып Қазақстан президентімен кездесу өтті. Сапар ресми сипатта болғандықтан, жоғары шенді қонақты сән-салтанатпен – Ақорданың залында құрметті қарауыл сап түзеп, екі елдің делегация мүшелері екі жақта тұрып күтті. Ал резиденцияның кіре берісінде сыйлы қонақты Нұрсұлтан Назарбаев күтіп алды.
Ресми салтанатты рәсімнен кейін президенттер келіссөз жүргізу үшін оңаша кетті. Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында ҚХР басшысы Қазақстанға осымен үшінші мәрте келгенін және биылғы жылы бір-бірімен үшінші рет кездесіп отырғанын атап өтті.
"Бұл біздің елдер арасындағы ынтымақтастық деңгейінің жоғары екенін білдіреді. Біздің сенімді байланыстарымыз үкіметтеріміз арасындағы өзара іс-қимылдың барлық бағытына әсер етеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық қатынастар үлгі етуге тұрарлық деп нық сеніммен айтуға болады. Арамызда шешімі табылмаған мәселелер жоқ, туындайтын кез келген проблемалар өз шешімін тауып келеді", – деді ол.
Қазақстан президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар нәтижелі және тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
"Сіздермен бірлесіп жұмыс істеген жылдар ішінде Қазақстан арқылы 100 млн тоннадан астам мұнай, 180 млрд текше метрден астам газ тасымалданды. Қытайдың шекарадағы қызметтерінің мәліметтері бойынша, тауар айналымы 45%-ға өскен, біздің мәліметтер бойынша –30%. Неге мұндай айырмашылық бар екенін білмеймін. Есептеу әдістемесінен бе?" – деп таңданысын жасырмады ол күлімдеп. Си Цзиньпин әріптесінің әзілін түсініп, жымиды.
Қонақ болса Қазақстанда өзін жайлы сезінетінін білдірді. Қазақстан делегация мүшелерінің көпшілігімен (оның ішінде сырқы істер министрі Қайрат Абдрахманов, премьер-министрдің орынбасарлары Асқан Мамин мен Асқар Мырзахметов, АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов, "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Өмірзақ Шүкеев болды) ол бұрыннан білетін таныстарындай амандасты. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа баға беруде Си Цзиньпин әріптесінің пікірімен келісті.
"Біз мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың үздік үлгісін көрсетіп отырмыз деуге болады, арамызда тығыз қарым-қатынас орнатылды. Менің сапарымды осылайша тамаша ұйымдастырып бергеніңіз үшін сізге алғыс білдіремін. Мен "Бейжің" қонақүйіне тоқтадым, онда өз үйімдей сезіндім".
Қарым-қатынастың даму болашағы жайлы да екі басшының ойы бір жерден шықты – барлық сала бойынша болашақ бар. Оған қоса, екі ел де қазіргі заманның Жібек жолын дамыта отырып иық тіресе ілгерлеп келеді. Ал Қытай жария еткен "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы Қазақстанда жарияланған "Нұрлы жолмен" үндес.
"Бұл шынымен де біздің ортақ бастамамыз, ол әлемнің қазіргі заманғы жалпы үрдістеріне сай келеді. Шын мәнінде бұл – әлемнің экономикалық жаһандануының қатерлеріне жауап беретін ортақ бастама", – деп мәлімдеді ҚХР төрағасы.
Қазақстан президенті Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің арқасында транзиттік бағыттар пайда болғанын, екі теміржол және алты автокөлік өтпе жолы жұмыс істейтінін және осының нәтижесінде "Қазақстан Қытаймен сауда қатынастарын орнатудың арқасында өзі қалағандай транзиттік мемлекетке айналып келетінін" айтты.
"Төраға мырза, осының бәрі Сіздің қазақ-қытай қарым-қатынастарына ерекше назар аударуыңыздың арқасы, қытай халқы және Сіздің бізге деген достық, бауырластық қатынасыңыздың арқасы, сол үшін үлкен алғыс білдіремін және ұлы қытай халқының, Сіздің елдің алдында тұрған асқақ мақсаттарға жетуде табыс тілеймін, – деді ол. – Қытай жақын көршіміз ғана емес, сонымен қатар сенімді қатынас орнатқан дос және серіктес екенін біздің халқымыз біледі. Біз өз тағдырымызды, Қазақстанның дамуын стратегиялық тұрғыдан Сіздің мемлекетпен байланыстырамыз. Сондықтан Қытайды дамытам деген, өзіне лайық орынға жеткізем деген жоспарыңызға әрдайым қолдау білдіреміз. Қытай да жыл өткен сайын өзіне лайық орынға қарай ілгерлеп келеді. Ал біз әрқашан жаныңыздан табыламыз".
Келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты, осыдан соң мемлекет басшылары баспасөз құралдары үшін мәлімдеме жасады. Олар өткен келіссөздің табысты болғанын, негізгі мәселелер бойынша ұстанымның ұқсастығын және ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Екі ел басшысы ортақ мәлімдемеге қол қойды, ал делегация мүшелері 11 келісімді мақұлдады. Осылайша, үкіметтер арасында ортақ кино өндірісі саласында өзара қарым-қатынас жасау туралы, сондай-ақ Қазақстанға тікелей инвестиция әкелетін өндірістік саладағы қытай-қазақ қорының жекелеген түрін салықтан босату туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанның қаржы министрлігі мен ҚХР мемлекеттік салық әкімшілігі арасында салық мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылса, еліміздің инвестиция және даму министрлігі мен ҚХР коммерция министрлігі көлік инфрақұрылымын күшейту туралы келісімге келді. Сондай-ақ үкіметтер суперкомпьютер беру жобасы бойынша меморандумға қол қойды.
"Келіссөздер қытай-қазақ серіктестігінің жаңа бетін ашады", – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
"Алда қандай қиын сын-тегеуріндер кездессе де, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық идеясы өзгермейді. Екі ел де адал дос және сенімді серіктес болуға тиіс", – деп қолдау білдірді Си Цзиньпин.
Осындай достық сарында президенттер қоштасты, бірақ ұзаққа емес. Жұма күні таңертең мемлекет басшылары ШЫҰ-ның саммитіне қатысады, онда Қазақстан төрағалығын салтанатты түрде көршісі Қытайға тапсырады.
Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова