Шағын несиелердің көбін ауылдықтар алып отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8577

Бірінші жартыжылдықта 281 мың адам "Еңбек" бағдарламасымен қамтылған.

Шағын несиелердің көбін ауылдықтар алып отыр Фото: bnews.kz

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде осы жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 186 мың жұмыс орны құрылған. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артық. Ең көп жұмыс орны сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында құрылған. Жұмыс орындарының негізгі бөлігі, яғни 30 пайызы Алматы қаласына, Алматы және Маңғыстау облыстарына тиесілі. Сондай-ақ ауылдық жерлерде 77 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-мнистрі Ержан Жылқыбаев мәлімдеді.

"Еңбек" бағдарламасы қабылданғалы 190 млрд теңге бөлініп, 1,2 млн адам қамтылды. Ал осы жылы 124 млрд теңге көзделіп, кем дегенде 700 мың азаматты қамту жоспарланып отыр. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 100 мың адамға көп", – деді бірінші вице-министр "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында.

Деректерге сүйенсек, бағдарлама жарты жыл ішінде 281 мың адамды қамтыған. Оның 52 пайызы – жұмыссыздар. 198 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның 121 мыңы немесе 61 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

"Бағдарламаның бірінші бағыты "Кәсіптік оқыту" аясында қысқа мерзімді курстарға 22 мың адам жіберілді. Оның ішінде 3 мың адам оқуды аяқтады. 1 қыркүйектен бастап Тегін техникалық және кәсіптік білім алуға 22,3 мың жас азамат жіберіледі. Қатысушыларға берілетін стипендияның мөлшері 30 пайызға көбейіп, 21 788 теңгені құрайтын болады", – деді Ержан Жылқыбаев.

Сонымен қатар, оқудың тиімділігін арттыру мақсатында осы жылдан бастап білім беру ұйымдарына қойылатын талап та күшейтілген. Бұл ретте, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп оқу орындарының тізілімі жасалып, бекітілген. Тізілімге 615 оқу орны мен оқу орталықтары енді.

"Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағытын іске асыруға биыл 83 млрд теңге бөлініп, 19 мың адамды қамту жоспарда бар. Осы жылдың алты айында 4 мың шағын несие берілді. Оның 3218-ін ауылдықтар, 600-ін қалалықтар иеленді. Стартап жобаларды қолдауға 2130 шағын несие, зәкірлі кооперацияларды дамытуға 286 шағын ниесі, жеке ісін кеңейтуге 1402 шағын несие берілді", – деп толықтырды сөзін Ержан Жылқыбаев.

Шағын несие алушылардың ішінде әйелдердің үлесі 31,2 пайызға тең. Бұл дегеніміз – 1 622 шағын несие. Ал жастардың үлесі – 16,4 пайыз (855 шағын несие). Осының нәтижесінде биыл шағын несие алған адамдар жаңадан 5 мың жұмыс орнын құрған.

"Жыл басынан бері "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 15 мың адам қамтылды. Оның 12,5 мыңы бизнес жобаларын қорғап шықты. 2019 жылдың соңына дейін оқитындардың санын екі есеге арттырып, қосымша 40 мың адамды қамту жоспарлануда. Бұған қосымша 3,2 млрд теңге бөлінбек", – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан табысы аз, көп балалы отбасыларды және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарына гранттар беруге 12 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінде 2 334 грант өз иесін тапқан.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу