Шаршы алаңда қазақ-өзбек "шайқасы" басталады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4634

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін жартылай финалдық жекпе-жектер өтеді.

Шаршы алаңда қазақ-өзбек "шайқасы" басталады Фото: kfb.kz

Жартылай финалдағы қарсыластарымыз

ХХІХ Азия чемпионатының жартылай финалында сегіз боксшымыз бақ сынайды. Жеңгендері финалға шығып, жеңілгендері қола жүлдені қанағат тұтады. Қайыс қолғапты үш қыранымыз ринг қожайындары өзбек баһадүрлерімен жұдырық түйістіреді.

Әрине, оңай емес. Жанкүйерлері демеп-жебеп отырады. Тек айқын басымдықпен жеңбесе, төрешілер де кімнің соққы дәл тиді деп, “санап” отырмайды. Сондықтан дұрыс тактика қолданып, жанкүйерлерінің айқай-шуына елеуреген қарсыласын пәрменді соққымен “жуасыту” керек.

Енді, ертең Ташкент төріне керілген рингке бақ сынайтын боксшыларымыздың кестесімен және олардың қарсыластарымен таныс болыңыздар:

Күндізгі бөлім (15:00-ден бастап, Астана уақытымен)

52 келі: Азамат Исақұлов – Жасур Латипов (Өзбекстан)
56 келі: Қайрат Ералиев – Чжан Жиа Вей (Қытай)

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Исраил Мадримов (Өзбекстан)
81 келі: Ерік Әлжанов – Нурягды Нурядиев (Түркіменстан)

91 келі: Василий Левит – Алаа Елдин Гуссун (Сирия)
Кешкі бөлім (20:00-ден бастап)

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Икболжон Холдаров (Өзбекстан)
69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Тувшинбат Буамба (Моңғолия)

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Хуссейн Яшайш (Иордания)

Жүлде саны

Биылғы Азия чемпионатында өзбектердің бір жүлдесі артық болатын болды. Жартылай финалға олардың тоғыз боксшысы шықты. Тек 91 келі салмақ дәрежесіндегі спортшысы ширек финалда ұтылып қалды. Оны жеңген – біздің Василий Левит. Қалған жігіттерімізге де Васяның жолын берсін дейміз.   

Сонымен, жартылай финалға шыққандар:

Өзбекстан – 9 боксшы

Қазақстан – 8

Моңғолия, Үндістан – 4

Қытай, Оңтүстік Корея – 3

Сирия, Филиппин – 2

Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Иордания – 1

Жеңілгендер әлем чемпионатына бара ма?

Өздеріңіз білесіздер, екі бокшымыз ширек финалдан аса алмады. Біреуі тәжірибелі қарсыласынан ұтылып қалып, екіншісі жарақат алып қалып, жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат берілмеді. Енді оларға 23 тамыздан 4 қыркүйекке дейін Гамбургте өтетін әлем чемпионатының жолдамасына таласуға тағы бір мүмкіндік беріледі.

Бұған дейін жазғанымыздай, Азиядан бүкіләлемдік біріншілікке 60 боксшы барады. Ташкент шаршы алаңында әр салмақ дәрежесінде алғашқы алтылыққа іліккен әлем чемпионатында бақ сынау құқығына ие болады. Олардың төртеуі – жартылай финалға шыққандар. Ал қалған екі жолдаманы ширек финалда ұтылып қалған төртеуі сарапқа салады. Қарсыластары да, жекпе-жектерінің қашан өтетіндері де белгілі:

49 келі: Жомарт Ержан – Корнелиус Квангу Лангу (Индонезия) – 7 мамыр
60 келі: Әділет Құрметов – Чу-Ен Лай (Тайпэй).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу