Шығыстың шебері

Қуықтай бөлмеде зергерлік бұйым әзірлеп жүр.

Шығыстың шебері

Жас зергер Ертай Сәрсенов Үржардан Астанаға қоныс аударыпты. Ойымызға бірден "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген мәтел түсті.

Тұрдығұловтың төл шәкірті
Бұл жігіттің бұйымдарын алғаш Өскеменде өткен "Қазақстанның үздік тауары" атты байқауда көргенбіз. Сол байқауда ол үздік атанған.

Көненің көзіндей боп сөрелерде самсап тұрған зергерлік бұйымдардың авторы жасы жер ортасынан асқан әккі шебер-ау деп топшылағанбыз. Өйткені бұйымдардың бойынан біздің көз ешбір мін таба алмаған. Алайда алдымыздан ұзын бойлы, көзінде оты бар, жасы отызға тола қоймаған жігіт жымиып шықты. Күректей алақандарын ұсынғанда салалы саусақтардың ағаш ойып, күміс қашағаннан ақжемденіп кеткенін бірақ байқадық. Сөйтсек Ертай атақты Жолаушы Тұрдығұловтың төл шәкірті екен. Ал қолөнерге әкенің ізімен келіпті.

Үржардың Жаңатілек ауылында дүниеге келген Ертайдың ұлы атасы Сәрсен ауыл арасына аты шыққан аңшы, ер шауып, таспа тілген жан болған екен. Ал нағашы жұртынан Уәли есімді атасы етікшіліктің арқасында елдің алғысын арқалап өтіпті. Текке тартпайтын адам болсын ба? Ертайдың өз әкесі Алтай да әлі күнге темірден түйін түйіп келеді. Бұл машық Ертайға да ес кірмей тұрып қонса керек. Технология пәнінен сабақ беретін әкесінен бір елі қалмай жүріп, шеберхананың исін бойына сіңіріп өседі. Баланың ыңғайын байқаған әкесі оның қолын қақпайды. Әсіресе дәнекерлеу, станокта темір жону сияқты нәзік шаруаларды мықтап үйренуіне күш салды. Әке тәлімі мектеп бітірген шақта ойланбастан Алматыдағы қазақ педагогикалық университетінің көркемсурет факультетіне түсуіне ықпал етті.

"Мектеп қабырғасында үйренгеніміздің тек кіріспе ғана екенін университетте тез ұқтық. Өйткені мұнда Жолаушы Тұрдығұлов бастаған  аңыз адамдар сабақ берді. Қазақтың көшпенді тұрмысы қолөнермен біте қайнасып жатқанын түйсіндік. Көшпенді өркениеттің тұнып тұрған бай мұрасын бойға сіңірмейінше қолөнер шебері болу мүмкін емес екенін ұстаздарымыз құлаққа құйып бақты. Қазақ қолөнерін мұхит асып АҚШ-тан келген ғалымдардың зерттеп жүргенін көрдік. Осының бәрі ұлттық қолөнерге бағыттап жіберсе керек, кейін дипломдық жұмысқа күмістелген нарқобыз жасайын деген шешімге келдім. Жолаушы аға өтінішімді қабылдап, диплом жетекшім болды", – дейді Ертай.

Бұл істе ұстазы Жолаушының үйреткені аз болмады. Соның айтуымен Үржар өңірінің қарағашын алдырып, қобызды содан шапты. Астына тұғыр орнатып, күміс салпыншақтар тақты. Бұл жұмысы ұстаздарының көңілінен шығып, "бес" деген баға алған. Одан да маңыздысы "Жолаушының шәкірті" деген бейресми "диплом" алып шықты. Енді кез келген кәнігі шебер оның бұйымдарынан Жолаушының қолтаңбасын көріп, бауырына тартатын болады деген сөз еді. "Жақсымен жолдас болсаң, жетесің мұратқа" деген осы да. Бұл 2008 жыл болатын.

Университеттен кейінгі екі жыл қол жаттықтырып, көз қанықтыруға, бір сөзбен айтқанда тәжірибені байытуға кетті. ЮНЕСКО көлемінде танымал зергер Серікқали Көкеновтың қол астында жүріп, күмісті баппен балқытудың қыр-сырын үйреніп, сұлба сызу, оны күміске қондыру бойынша дәріс алды. Осыдан кейін Үржар ауылында жеке шеберханасын ашқан.

Қазақ неге күміс таңдаған?
Зергер үш айдай қолөнерден уақытша қол үзіп, емделгенін айтады. Сегіз жыл бойы көздің майын тауысып еткен еңбегі белге зақым келтірсе керек. Иін ағаштай иіліп, күнұзақ шұқшиып отыру оңай емес, әрине. Беломыртқадан жарықшақ байқаған алматылық дәрігерлер зергерлікті уақытша үзе тұруға кеңес беріпті. Ол дерттен құлантаза айықпаса да, тіршілік қамыты қолына қайта қайла ұстатыпты.

"Ай сайын бес күн укол аламын. Соның күшімен жүрміз. Толық емделуге қыруар қаржы керек екен", – дейді өзі.

Ертайға салсаң жер бетінде күмістен киелі, күмістен таза, күмістен асыл металл жоқ. Айтуынша, адам аурасында көзге көрінбейтін бактерияның 1,5 мың түрі шоғырланған екен. Күміс соның 700-ден астамын өлтіруге қабілетті. Қазақ мұны ертеден білген.

"Ұзақ жолға шыққан бабаларымыз алты малта аспен бірге күміс сақинасын тастамаған. Жанторсықтағы сусын біткенде ағынды судан құйып алып, оны күміс салып тұндырған. Күмістің гигеналық тазартқыш екенін білмесе сөйтер ме еді", – дейді Ертай Сәрсенов.

Зергер ертеде құдайы қонақтардың түскен үйдегі әйелдердің қолында жүзік бұйым бар-жоғына үлкен мән бергенін айтады. Күміс тотемі қазақ санасына мықтап енгені сонша, әйелдер ұнды қолына күміс тағып барып илеген екен. Күміс құман, күміс қасықтарды былай қойғанда тіс шұқығыш, құлақ тазалағыш сынды гигиеналық заттың бәрі күмістен жасалғанын мұражайға барсаңыз көресіз. Ер адамдардың ер-тұрманы, кісесі мен кемері түгел күміспен көмкерілуінде де терең ілім жатыр. Жас зергер мұның көбін университеттегі кураторы Қорлан Кәкітайқызынан естігенін айтады.

"Кеңес дәуірінде қазақты мал соңынан салпақтап көшуден басқаны білмейтін халық деп оқытты ғой. Бала күнімізде ол әңгіменің шет жағасын біз де естіп өстік. Ұлттық қолөнерге бет бұрғанның арқасында бұл пікірдің түбірімен негізсіз екенін ұқтым. Соны ісіммен дәлелдеу үшін күміске маманданған зергер болуды ұйғардым", – дейді Ертай.

Бұйымдары мұхит асып жатыр
Жүзік, білезік, сырға, тұмар, алқа сынды әшекей бұйымдарының түр-түрін тапсырыс берушінің жасына, жынысы мен отбасылық жағдайына қарай сан түрлі оюлармен әдіптеп жасауды меңгерген жас зергер қолөнердің қосымша табыс көзі екенін айтады. Ер-тұрманды күміспен күптеу де Ертай үшін қиын емес. Айтуынша, тұрақты айналысса  зергерліктен ай сайын бір адамның жалақысына пара-пар пайда түсетін көрінеді. Ал нарқобыз сияқты бағалы дүниелер көбінесе үлкен көрмелерде сатылады. Сондықтан Ертай да жер-жерде өтетін көрмелерден қалмауға тырысады. Сондай шаралардың арқасында ұлттық нақыштағы кәдесыйларын Италия мен АҚШ-қа аттандырған сәттер болыпты.

"Үржарлық сері" атанған Тәттімбет Кәпұлының ит жүгіртіп, құс баптайтын саяткер екенін бүгінде жұрттың бәрі біледі. Сол Тәттімбет сері барлық әбзелдерін осы Ертайға күмістетеді екен. Белгілі өнертанушы Назгүл Сарыбаева да әшекей бұйымдарын Ертайға тапсырыс беріп жасатып жүр. Алайда Ертай табыстың көбі қарапайым халықтан түсетінін айтады. Алтынмен салыстырғанда күмістің бағасы да қолжетімді.

"Күміс – асықпайтын металл. Оны балқытудың өз бабы бар. 800-1000 градус арасында ұстау керек. Оған жетпесе шикі қалады, асырса жанып кетеді", – дейді зергер.

"Серікқали ұстазым күміспен жұмыс істеген кезінде үнемі әндетіп жүретін. Бізді де соған машықтандырды. Сөйтсек, күміс көңіл күйге қарай иілгіш  келеді екен. Оны кейін ұқтық", – дейді шебер.

"Күміс адам таңдайды. Тапсырыс берушінің мінезі қырсықтау болса, көпке дейін иілмей, жұмыс баяу жүреді. Күміс – сабырдың символы. Оның алтын сияқты буы ұрмайды. Мұсылмандардың некені күміс жүзікпен қиятыны содан болса керек", – дейді Ертай.

Ол биыл жазда Астанаға қоныс аударды. Жасы 30-дан жаңа асса да,  есімі республикаға тарап, бұйымдары мұхит асып жатқан зергердің шеберханасы қуықтай ғана бір бөлме. Айналасы 5 шаршы метр бөлме үшін айына 30 мың теңге төлеп отыр.

"Есілдің сол жағалауынан шеберхана алдым. Осындағы жалғыз ұлттық шеберхана менікі. Астанаға Атырау мен Алматыдан қоныс аударған шеберлерді танитынмын. Олар мұндағы қымбатшылыққа шыдамай, қайта көшіп кетіпті. Менің осы шеберхананы тапқаныма бір ай болды. Әзірге ескі таныстарым ғана тапсырыс беріп жүр. Негізгі табыс көзі – көрме", – дейді зергер.

Ертай өзі туған Үржар ауданынан да ғимарат тапшылығынан қиындық көрген екен.  Жергілікті әкімдік аудан орталығынан бос бөлме ұсынып, кейін оны қайтарып алыпты. Ұлттық құндылықтардың қашан да қағажу көріп жүретініне іштей біз қынжылғанымызбен, Ертай сыр білдірмеді.

"Ең бастысы, денсаулығымды түзеп алсам", – дейді ол.

Біз болашағынан зор үміт күттіріп жүрген шеберге қолыңнан қашау түспесін деген тілек білдірдік.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу