Танкерлерге жасалған шабуыл мұнай бағасын 4 пайызға көтерді

4318

АҚШ-Иран шиеленісі ушыққан шақта Парсы шығанағында энергетикалық отын таситын кемелерге оқ ату оқиғалары жиілеп барады. 

Танкерлерге жасалған шабуыл мұнай бағасын 4 пайызға көтерді

Бейсенбі күні стратегиялық Ормұз бұғазы маңында норвегиялық және жапондық танкерлер шабуылға ұшырады. Олар өртеніп жатқанда, экипаж мүшелері дереу қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнына АҚШ –тың Таяу Шығыстағы флотының кемесі жетті. Теңіздегі  оқиға  Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс мейлінше күшейген шақта орын алып отыр.

Осы сәтте президент Хасан Рухани ел астанасында Жапония премьер-министрімен бетпе-бет  кездесу өткізіп жатқан. Синдзо Абэ бұл мемлекетке Иран-АҚШ тайталасын жеңілдету жолдарын іздеп барды деген мәлімет бар. Вашингтонның санкциялары салдарынан қазір Жапония да Иран мұнайын импорттай алмай отыр.  Ал, Жапония сауда министрлігі  оқ тиген екі танкерде "Жапониямен байланысты жүк" болғанын мәлімдеді.

Дегенмен  Жапония үкіметінің Бас хатшысы Йошихиде Суганың айтуынша, Абэ Иранға Тегеран мен Вашингтонды  татуластыру үшін емес, Таяу Шығыстағы тайталасты тоқтатуға көмектесу миссиясымен барды. Сонда да Аятолла Хаменей Абэмен кездесіп, оған Трамптың  "хат алысуға" лайық еместігін жеткізді деген хабар тарап отыр.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Рувайс портынан 75 мың тонна мұнай өнімдері тиелген танкерлер шабуылға ұшырады деген ақпарат жарияланғаннан  кейін Brent маркалы шикізаттың бағасы бірден 4 пайызға қымбаттап, 62 долларға жетті. Осылайша, Парсы шығағындағы су жолының ғаламдық энергетикалық шикізат тасымалы үшін қаншалықты маңызды екені тағы да айқын көрініс берді. Әлем елдеріне жеткізілетін көмірсутегінің үштен бір бөлігі дәл осы Ормұз бұғазынан өтеді.

"Біз әлем мұнайының 30 пайызы Ормұздан өтетінін ұмытпауымыз керек. Егер, онда қауіп туындаса, тұтас Батыс әлеміне шикізат жеткізу қиындайды", - дейді INTERTANKO танкер қауымдастығының басшысы Паоло д-Амико.

Өткен айда Араб Әмірліктерінің Фуджаира порты маңында төрт танкерге оқ атылды. Сол үшін Құрама Штаттар мен Сауд Арабиясы Тегеранды айыптап отырғанда, тағы екі мұнай тасушы кеме шабуылға тап болды. Әрине, Иран өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып келеді.

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, танкерлердің бірінде болған жарылыстан өрт басталған. Екіншісінің борты оқтан тесілген. Иран мемлекеттік телеарнасы қос трейлерден 44 адамның эвакуацияланып, елдің оңтүстігіндегі Хормозған портына жеткізілгенін хабарлады.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, танкерлерге торпедомен, минометпен шабуыл жасалса керек.  Бұдан бір күн бұрын Йеменде Иранға жақтас шиит-хуситтер Сауда Арабиясындағы бір әуежайға зымыран жіберіп, 26 адамды жаралады. Өткен айда сол хуситтер Судияның мұнай станциясына дронмен соққы бергенін мойындады.

Аймақтағы жағдай президент Дональд Трамп Тегеранның әскери бағдарламалары мен Таяу Шығыстағы ықпалын шектеуді талап еткеннен кейін ушығып отыр.  Осы мақсатпен Ақ үй басшысы Иранның атомдық амбициясын тоқтатуға бағытталған ядролық келісімнен шықты. Ол тарихи құжатқа 2015 жылы АҚШ-пен бірге Қытай, Ресей, Франция, Германия, Ұлыбритания, Иран қол қойғаны белгілі. Оның шарттарына сәйкес, Ислам Республикасы уран байытуды шектеуге көнді. Содан кейін Батыс бұл мемлекетті экономикалық санкциялардан босатты.

Трамп Тегеранның ядролық бағдарламаны тоқтатқанына үнемі күмәнданып, ақыры оған қарсы эмбарголарды қайта қалпына келтірді. Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменей өз елінің ядролық қару жасауға әрекеттеніп жатпағанын мәлімдеп, егер мұндай арсенал қажет болса, Ислам Республикасын Американың өзі тоқтата алмайтынын ескертіп отыр.

"Америка біліп жүрсін, егер біз атомдық қару жасағымыз келсе, оған АҚШ кедергі бола алмайды", - дейді шииттік Иран теократиясында барлық мемлекеттік мәселелер бойынша соңғы сөзді айту құқығына ие Хаменей.

Иран үкіметінің мәлімдеуінше, елде аз байытылған уран өндірісі төрт есеге артты. Бірақ, АҚШ-тың жаңа санкциялары Ислам Республикасының шетелге артық уран мен ауыр салмақты су сатуына тыйым салып отыр. Соның салдарынан Тегеран енді ештеңеге қарамай әлемдік державалармен жасалған ядролық келісімнің шарттарын бұзуға мәжбүр болуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу