Тимур Құлыбаев: Алматы ел бизнесінің талбесігі

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2636

Қалада заңсыз автотұрақтармен ымырасыз күрес жүргізіліп жатыр.

Тимур Құлыбаев: Алматы ел бизнесінің талбесігі

Алматы қаласының кәсіпкерлері үшін жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі конференцияда бизнеске "бір терезе" қағидатымен қызмет көрсетуге басымдық беру қажет екендігі айтылды.

Жиынға "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сонымен қатар мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтық  өкілдері қатысты. Олар кәсіпкерліктің айналасындағы мезгіл мәселелерін талқылады.

"Алматы ел бизнесінің талбесігі. Мұнда бизнес өзін қалай сезінсе, ел бойынша сондай жағдай қалыптасады", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның айтуынша, Алматы "кәсіпкерлер қаласы" деген  мәртебеге ие. Себебі мұнда шағын және орта бизнеске ең қолайлы жағдай жасалған.

Басқосу барысында Қазақстандағы шағын және орта бизнес өкілдері өндіретін өнімнің 26%-ы Алматы қаласына тиесілі екені жарияланды. Сонымен қатар биыл  Алматыдағы шағын және орта бизнес субъектілері 7,4%-ға, ал ішкі нарықтағы өсім көрсеткіші 11,7%-ға ұлғайғаны айтылды.  

"Орталықтан бастап, әр ауданда кәсіпкерлер үшін ыңғайлы сервис құру керек. Онда кеңес беру ғана емес, монополист компаниялар ұсынатын қызмет түрлері мен жер учаскілерін бөлуге қатысты қызмет көрсету қамтылуы тиіс. Сонда кәсіпкерлер уақыттан, жол шығынынан құтылып,  қызмет түрлерін тұрғылықты жерден алу мүмкіндігіне ие болады", – деді Тимур Құлыбаев.

Өз кезегінде шаһар басшысы Алматыда кәсіпкерліктің аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін баяндап: "Мемлекеттің бизнес, экономика және ел дамуына қатысты кез келген маңызды шешімі "Атамекен" ҚР ҰКП қолдауынсыз іске қосылмайды. Қызу талқылаулар мен пікіріталас туып жатады, дегенмен ортақ шешімге келуге тырысамыз, өйткені бұл бизнестің қарқынды дамуына әсер етеді", – деді.

Бауыржан Байбектің сөзінше, қала әкімдігі "Атамекен" КҰП-пен бірнеше бағыт бойынша бірлескен жұмыс атқарып жатыр.

"Ерекше тоқтала кеткім келетіні, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және қаланың жаңа шағын аудандарында сауда орындарын құру мақсатында көше саудасын реттеуге басым берілуде.  "Атамекен" мұндай сауда нүктелердің жалға алу мерзімін 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартып, оларды аукцион арқылы жалға беруді ұсынып отыр", – деді қала әкімі.

Конференция кезінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай тасымалдаушы-компаниялар жеке автопарктерді субсидиялау мәселесін көп көтеретінін айтты.

"Палата тиісті жұмыс атқарып, мемлекет субсидиялайтын маршруттардың санын 66-дан 89-ға жеткізді. Мақсатқа жету үшін жергілікті бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді", – деді ол.

Директордың мәлімдеуінше, қалада заңсыз автотұрақтармен ымырасыз күрес жүргізіліп жатыр. Олардың орнына көпдеңгейлі автопаркинг салу көзделген.

Жиында машина жасаушылар комитетінің мүшесі Павел Беклемишев пікір білдіріп, алдағы  5 жылда машина жасау саласына серпін беру қажеттігін ұсынды. Бұл сұраққа "Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жауап берді. Ол мәселе жақын арада шешілетінін, арнайы жұмыс тобы ізденіп жатқанын жеткізді.

Жиында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытып, оған ауыл тұрғындарын, оның ішінде қыз-келіншектерді тарту мәселесі сөз болды.

"Алматы қаласы мен облысы үшін бұл маңызды мәселе. Себебі бұл жерде шағын үлес өте көп, сондықтан кооперацияға басымдық беру қажет. Кооперация жұмыспен қамтуға ғана емес, сапалы өнім өндірісіне, нарыққа кедергісіз шығуға, делдалдарсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді", – деді "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы. 

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу