Тимур Құлыбаев: "Машина жасау локомотиві Қазақстан экономикасына жаңа күш береді"

2913

Машина жасау саласын дамытуға қатысты маңызды мәселелер тағы да ұлттық палата назарында.

Тимур Құлыбаев: "Машина жасау локомотиві Қазақстан экономикасына жаңа күш береді"

Машина жасау және металл өңдеу комитеті басшылығы және "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде осы сектордың келешегі мен қазіргі жағдайы талқыланды.

Қазақстанның машина жасау саласы және оған қарасты мұнай-газ, тау-кен, автомобиль жасау, теміржол және ауыл шаруашылығы машинасын жасау салалары экономиканы дамытудың басты драйвері болуы керек.

"Өндіріс құралын өндіру" – кез келген мемлекеттің экономикалық күшінің негізі. Алайда бүгінгі күні осы саланың өнімінің көбісі басқа жерден әкелінеді. Саладағы жерсіндіру деңгейі өте төмен, ал қолда бар жобалар локомотив, автокөлік, комбайн, трактор, құрылыс техникасын жинауға қатысты өнеркәсіптерге берілген.

Алайда Ұлттық палата басшысының айтуынша, машина жасау бірлескен салаларды дамыту үшін мықты мультипликативті нәтиже беріп, халықтың жұмыспен қамтылуын бірнеше есе арттырып, ел экономикасының жоғары бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

"Бірінші – бұл машина жасау. Машина жасау нарығына жасалған сараптама мен барлық есептеу индустрия министрлігінде бар. Егер жүз мың машина жасайтын болсақ, онда автомобиль табағын, резинасын, әйнегін және пластмассасын жергіліктендіруге болар еді. Тек осындай көлемде өндірсек қана мемлекеттік қолдау, утилизациялық жинақ туралы сөз қозғауға болады", – дейді Тимур Құлыбаев.

Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы машинасын жасау. Еліміздің егіс алқаптары көп, бұл әртүрлі экологиялық таза АӨК өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Бірақ ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жағдайы көңіл көншітпейді. Шаруалар көптеген қажетті техниканы сырттан алады, бірақ бұл салада негізінен қолданылып отырған техника кеңес дәуірінен қалған.

Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің үлесі мүлде аз – 5% ғана. Мәселенің барлығы кәсіпорынның әр жерде орналасуында, сонымен бірге олардың өндірістік жоспары үйлестірілмеген.

"Бүгінде бір көліктің нақты бір моделін жерсіндіру маңызды болып отыр, мысалы жерсіндіру деңгейі 10%-дан аспайтын сол астық жинайтын комбайнды алайық. Міндетті түрде қосалқы құралдар, аспалы жабдықтар жасау және техниканы жөндеу қызметін жерсіндіру керек", – деп баса айтты КҰП төралқасының төрағасы.

Теміржол көлігінің Қазақстан экономикасы үшін жоғары маңыздылығын ескерсек, теміржол машина жасау өнімдеріне де қажеттілік туады. Иә, мұнда жағдай жақсырақ: Қазақстанда локомотив, жолаушылар вагоны өндірісі бір ізге салынған. Бірақ өзіміз дөңгелек, рельс, арқалық жасау үшін өндірістік құю мәселесін шешу керек. Оның үстіне ішкі нарықта мұндай өнімнің тұрақты тұтынушысы – "Қазақстан Темір Жолы" АҚ бар.

Мұнай-газ өнеркәсібі үшін машина жасауға келер болсақ, мұнда бұрғылау құралдарын және ілмекті арматура өндірісін жерсіндіруге болады. Өзіміздің мұнай тарту құралдарымызды жасау да болашағы бар болып көрінеді.

Тау-кен саласында да елімізде жасауға болатын өнімдер тізімін анықтап алу қажет. Ұлттық палата басшысы айтып өткендей, мұнда дамуға үлкен мүмкіндік бар, себебі жер қойнауын пайдаланушылардың барлығымен келісімшарт жасалған және үкімет өндірісті Қазақстанда жерсіндіруге мұнай және тау-кен өндіруші компанияларға демеу болу үшін белгілі бір тетіктерді пайдалана алады.

Тимур Құлыбаев Ұлттық палата сарапшыларына үкіметпен, парламент депуттарымен және тиісті министрлікпен бірлесіп, машина жасау саласының жүйелі кемшіліктерін шешудің жолын қарастыруды ұсынды. Әзірленген сараптамалық материал үкіметке қарауға берілуі тиіс. Сонымен қатар билік тарапынан мұқият қадағалауды талап ететін, қаражат салуды қажет ететін саланың дамуына жауап беретін арнайы құрылымды өнеркәсіпті мемлекеттік бақылау жүйесінен құру қажет екені айтылды.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу