Елімізде қасиетті Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын В.Г.Фесенков атындағы "Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешім қабылданды", – деді Бас мүфти.
Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы ораза кезінде кімдерге ораза ұстамауға болатынын айтты.
"Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді", – деді Бас мүфти.
Індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтыны белгілі болды. Бас мүфти тарауық намазын отбасы мүшелерімен оқуға кеңес берді.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұқпалы індеттің таралуын алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда тағы басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтату керектігін айтты.
"Індеттің таралуын алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда тағы басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамын. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда жиналмауға үндейміз",– деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.
Бас мүфти ораза ұстаған адамдарға ауызашар бергісі келетіндерге басқа шешімдер ұсынды.
"Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі дін қызметкерлері 17 мыңнан астам отбасыға көмек көрсеткен. Бұдан бөлек мешіттердің тігін шеберханаларында тігілген 47 821 дана бетпердені халыққа тегін таратқан.
"Халқымызда "Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің" деген нақыл сөз бар. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық. Мен жұртымызға жолдаған Үндеуімде карантин кезінде үмітсіздікке бой алдырмай, сауапты амалдар мен қайырымдылық шараларға үлес қосуға шақырдым. Осы Үндеуден кейін дін қызметкерлері карантин кезінде 17 643 отбасыға көмек көрсетті. Халыққа карантин кезінде 47 821 дана бетперде тараттық. Бетперде мешіттеріміздегі тігін шеберханаларында тігілді. Қалған бөлігі демеушілердің көмегімен жеткізілді", – деді Бас мүфти.
Бұдан бөлек басқарма халыққа онлайн насихат айтып, қазақстандықтардың сұрақтарына дер кезінде жауап беру үшін call-орталық ашқан. Қазіргі кезде дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тілінде көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап беруде.
"Қазір біз еліміздегі төтенше жағдай кезінде халыққа үміт шуағын шашып, оларды жігерлендіріп, иманын күшейтіп, құлшылығын арттыру мақсатында онлайн насихат айтып, интернет желісі арқылы арнайы дәрістердің кестесін бекіттік. Сонымен қатар жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беру үшін call-орталық аштық. Оның нөмірі – 33-30-30. Орталыққа Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады. Орталықта дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді", – деді Бас мүфти.
Брифингке арнайы теле-көпір арқылы қосылған Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие Шіркеуінің Митрополит округінің басшысы, Астана және Қазақстанның митрополиті Александр қазақстандықтарды алда келе жатқан Пасха мейрамымен құттықтады. Сондай-ақ сәуірдің 18-інен 19-ына қараған түні Алматының басты шіркеуінен отандық арна арқылы арнайы трансляция ұйымдастырылатынын хабарлады.
"Пасха – бұл барша қазақстандықтарға ортақ мейрам. Шын жүректен провослав христиандарды және осы Пасха мейрамына қатысы бар барша халықты құттықтаймын. Пасханы осы жылы уақытша үйде қарсы алуға мәжбүрміз. Алайда жүрегінде сенімі берік адам үшін бұл кедергі емес. Себебі биылғы жыл сынаққа толы болды. Қатерлі індет біздің елге де келді. Ол халықты уайымға салды. Біз барлық науқастардың сауығуын тілейміз. Сонымен қатар медицина мамандарының барлық талабын орындауға шақырамыз. Сондықтан сәуірдің 18-інен 19-ына қараған түні Алматының басты шіркеуінен "Еуразия бірінші арнасы" арқылы арнайы трансляция ұйымдастырылады. Сонымен қатар "Хабар-24" арнасы арқылы көлемді репортаж жасалады",–деді Қазақстанның митрополиті.
Құралай Құдайберген