Трамп: "Сауда соғысы жақсы және онда жеңуге болады"

3707

АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық тайталас дүниежүзілік өсімді тежейді деген қауіп күшейіп келеді.

Трамп: "Сауда соғысы жақсы және онда жеңуге болады"

Сейсенбі күні АҚШ тарифтік нысанаға алынатын қытайлық тауарлардың тізімін жариялады. Олардың жалпы құны – 50 миллиард доллар. Осылайша Трамп пен Бейжің арасындағы сауда соғысы тіпті қыза түсті.

Тізімге шамамен 1300 өнеркәсіптік тауар түрі енгізілген. Солардың қатарында электроника, ұшақ бөлшектері, дәрі-дәрмек, машиналар мен өзге де өнімдер бар. Биылдан бастап Америка аумағына кіргенде олардан алынатын импорттық салық 25 пайызға өседі.

"Ұсынылып отырған өнімдер тізімі ведомоствоаралық экономикалық сараптама негізінде жасалды... Және де олардың АҚШ экономикасына ықпалы азаюы керек", – дейді АҚШ-тың сауда өкілі Роберт Лайтхизер.

Мұның алдында бір күн бұрын Бейжің Құрама Штаттардан импортталатын 3 миллиард доллардың тауарына салықты көтерді. Ол тізімге америкалық жеміс-жидектер, жаңғақтар, шошқа еті мен шараптар кірген.

Экономистердің болжамынша, келешекте Қытай кек алу мақсатында АҚШ-тан келетін соя дақылдарына, ұшақтарға және машина жасау зауыттарының өнімдеріне де тарифті жоғарылатуы ықтимал.

Сонымен қатар, Қытай сауда министрлігі мәлімдеме жасап, Вашингтонды "мүлде негізсіз тариф пен біржақты протекционистік тәжірибеге барып отыр" деп қатаң айыптады.

Тізімге тұрмыстық электрониканың көбі ілікпеген
АҚШ-тың Сауданы реттеу агенттігі тізімінен химикаттардан бастап, сәуле шашатын диодтар мен машина бөлшектерін кездестіруге болады. Қысқасы, олардың қатарында қытайлық компоненттерден құрастырылған өнімдердің сан алуан түрі бар.

Дегенмен, тізімде Apple компаниясының ұялы телефондары мен Dell-дің ноутбуктері жоқ. Сонымен қатар, оған аяқ-киімдер мен киім-кешек те енбеген. Алайда, тізімге Қытайда жасалған тегіс экранды теледидарлар мен электромобильдер, көлемі 3 литрге дейінгі автомобильдер ілікті. Солардың арасында Geely Motors концерні Америкаға экспорттайтын көліктер бар.

АҚШ-та Қытайдан импортталатын заттардың жаңа тарифтік тізімін толық бекіту туралы кеңестер мен талқылаулар екі айға созылып, ол туралы тыңдалымды мамырдың 15-де өткізу жоспаланып отыр.

2017 жылы Қытай үшін АҚШ-пен арадағы сауда тепе-теңдігіндегі оңтайлы сальдо 375 миллиард долларға жетті. Ал, Трамп бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін төмендетуді талап етіп келеді.

Америкалықтарды алгоритмдік қалқан қорғамақ
АҚШ-тың Сауданы реттеу агенттігі компьютерлік алгоритмді қолданып, тарифтік мақсаттарды анықтады. Бұл тәсілдің көздегені – қытайлық экспорттаушыларға мейлінше зиян тигізетін, ал америкалық тұтынушыларға келетін зардапты шама-шарқынша азайтатын тауарлар тізімін таңдау.

Аталған сауда мекемесінің ресми өкілінің сөзінше, осы алгоритмнің арқасында АҚШ экономикасына залал әкелуі ықтимал өнімдер Қытайға қатысты тарифтік тізімнен алынып тасталды.

"Бұл шаралардың барлығы америкалық компанияларды технологиялар мен интеллектуалдық меншікті Қытай кәсіпорындарына беруге мәжбүрлеп отырған Бейжіңнің саясатына жауап ретінде қолданылып отыр", – дейді "Рейтер" агенттігіне берген анонимдік сұқбатында АҚШ-тың Сауданы реттеу агенттігінің тағы бір өкілі.

Оның сөзінше, Бейжіңнің саясатының түпкі мақсаты – Қытай экономикасын озық технологиялар саласында да әлемдік бәсекеде бірінші орынға шығару. Алайда, Қытай өз заңдарының сырттан технология көшіруді көздеп отырмағанын алға тартып отыр.

Трамптың көздегені – "Made in China 2025"
АҚШ-тың Сауданы реттеу агенттігінің мәлімдеуінше, Вашингтонның жаңа тарифі Бейжіңнің индустриялдық саясатына орасан пайда әкелуге тиіс "Қытайда жасалған-2025" бағдарламасын нысанаға алып отыр. Өйткені, бұл бағдарлама шетелден келген озық технологияны отандық өнімдермен алмастырып, болашақта Қытайды планетада жетекші позицияға шығаруды көздейді.

Мемлекетке қарасты "Made in China 2025" он стратегиялық өнеркәсіп сегментін дамытуды көздейді. Олар: озық ақпараттық технология, роботтық технология, ұшақ жасау, жаңа энергияға негізделген автомобильдер, фармацевтика, электр станцияларының жабдықтары, озық материалдар, ауылшаруашылығы машиналары, кеме жасау, теңіз инженериясы және озық теміржол жүйесі.

Трамптың тарифтік тізіміне бұл сегменттерге қатысты көптеген өнімдер енді. Олардың қатарында қытайлық антибиотиктер, өнеркәсіптік роботтар және ұшақ бөлшектері бар.

Клинтонға дауыс берген Голливуд енді Трамптың жағында
Трамп тарифті көтере отырып, Қытайды Американың интеллектуалдық меншігін жымқырғаны үшін жазалайтынын талай рет ескертті. Оның мұндай ұстанымы 2016 жылы президенттік сайлауда демократ Хиллари Клинтонды қос қолдап жақтаған Голливудқа да ұнап отыр. Өйткені, АҚШ-тың ойын-сауық индустриясы өз фильмдері мен телебағдарламаларын әлемдегі халқының саны ең көп мемлекеттің рұқсатсыз пайдаланғанын қаламайды.

Мәселен, Америка кино өнері қауымдастығының мәліметінше, оның өнімдері Қытайда 90 пайызға заңсыз көрілген. Ал, "Игра Престолов" соңғы 6 жылда Қытайда ең пираттық телешоуға айналды.

Трамптың пікірінше, "сауда соғыстары жақсы және онда жеңіске жетуге болады". Сонымен қатар, оның ойынша, мұндай тайталаста келіссөздерге келіскендер ғана олжалы болмақ.

Ақ үй әкімшілігінің жаңа бір мәлімдемесіне жүгінсек, Қытай бизнес жүргізудің ақысы ретінде америкалық компанияларды Бейжіңге технология беруге мәбүрлеген.

Кезек Еуропаға да жетуі мүмкін
Британияның "Гардиан" газетінің хабарлауынша, Дональд Трамп Қытайға таққан кінәні Еуропаға да тағуы ықтимал. Және де сондай айыппен АҚШ-тың 45-ші президенті америкалық экспорттаушылардың өмірін жеңілдетуді көздеуі мүмкін. Десек те, бұл "майданда" Трамп жалғыз емес. Мәселен, осыдан он жыл бұрынғы әлемдік қаржылық дағдарыстан бері дүниежүзінің 60 шақты ірі экономикасы бір-біріне қарсы 7 мыңдай протекционистік шара қолданған. Соның мыңы Вашингтон мен Брюссель арасында жүзеге асқан екен.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Трамптың қатаң позициясы Вашингтонды тіпті Дүниежүзілік сауда ұйымынан да теріс айналдырып, оны жеке-дара әрекет етуге итермелеп отыр. Өйткені, қазір заман сондай. Ал, ғаламдануға деген сенім Америкада ғана емес, өзге де дамыған елдерде сетінеп, халық айдаладағы халықаралық бюрократиядан, ұлт мүддесіне қызмет ететін саясаткерлерге көбірек иек артатын болды.

Трамптың соғысы әлем экономикасына қауіпті
Батыстың маңдайалды экономистері Дональд Трамптың сауда соғысы соңғы жеті жылда ең жоғары өсім көрсеткен ғаламдық өндірістің қалпына келу процесін қайта тежеуі мүмкін.

"G20 елдерінің көбіндегі өсім тұрақты және жақсарып келеді. Бірақ, Трамптың импорттық болаттан 25, алюминийден 10 пайыз салық алу жоспары ғалам экономикасын қиын жағдайға душар етпек. Әрине, мұндай саясат дүниежүзілік экономиканың қалпына келуіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан, ол жүзеге аспайды деп үміттенеміз", – дейді Парижде орналасқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас экономисті Альваро Перейра.

Дегенмен, оның тағы бір сөзіне қарағанда, дүниежүзілік экономиканың шапшаң дамуы АҚШ-тың Орталық банкін немесе Федералдық резерв жүйесін пайыздық үстемені биылдың өзінде 4 рет көтеруге мәжбүрлеп, долларды қымбаттатуға әкеп соқтыруы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу