ҰКП пен АХҚО серіктес атанды

2653

"Атамекен" ұлттық палатасы мен "Астана" қаржы орталығы елдегі іскерлік ахуалды бірлесіп жақсартады. 

ҰКП пен АХҚО серіктес атанды

"Атамекен" ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен "Астана" (АХҚО) халықаралық қаржы орталығының  басқарушысы Қайрат Келімбетов  ҰКП мен  АХҚО арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге  қол қойды.

Кездесу барысында атап көрсетілгендей, халықаралық қаржы орталығы экономиканы әртараптандыру, еліміздің экономикасының тұрақты өсуі мен толыққанды қаржы жүйесін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттегі құрылымдық реформалардың бөлшегі болып табылады. Осы мақсатты орындау үшін ҚР Конституциясына бірқатар өзгертулер енгізілді. Жуырда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы "ЭКСПО-2017" көрмесінен кейін бірден іске қосылады деп хабарлады.

Қаржы орталығы базасында ағылшын құқығы принципіне және әлемдік алдыңғы қатарлы  қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген дербес сот құрылмақ. Дербес сот орталық қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауға арналған  құралдарды қамтамасыз ететін, инвесторлар үшін қолайлы құқықтық ортаны қалыптастыруға көмектеседі. 

"Төрт жылда "Атамекенге"  кәсіпкерлерден келіп түскен өтінімдер ішінде сот даулары көш бастап тұр. Бұл ­­- кешенді шешімді талап ететін жүйелі мәселелер. Осы орайда өзіміздің құқықтық кеңістікте ағылшын құқығы негізінде үздік тәжірибені енгізбекпіз. Осылайша көптеген дауларды сотқа дейін шешуге мүмкіндік туады.  Төрелік әдіс дамыған елдердің барлығында дерлік қолданылады, осы тәжірибе бізде де қолданылатын болады. Бизнес мүддесін қорғаушы  ретінде "Атамекен" үшін бұл өте маңызды. Жалпы ұлттық палата мен АХҚО ынтымақтастығы елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған", – деді Тимур Құлыбаев.

ҰКП төралқа төрағасы бұған дейін қазақстандық бизнес өкілдері басқа елдердің төрелік сотына  жүгінуге мәжбүр болғанын айтты.

"Стокгольм, Лондон сондай-ақ егер Қазақстанның өз ішінде арбитражды дамытатын болсақ, онда дауларды Қазақстан аумағында реттеуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар Астананың сол жағалауында "Бәйтерек", "Самұрық-Қазына" сияқты ірі ұлттық холдингтердің орналасқанын ескерсек, онда осы компаниялармен сатып алуға қатысты мәселелер туындаған кезде біздің кәсіпкерлер мұны АХҚО әзірлейтін рәсімдер негізінде реттей алады", ­- деді Тимур Құлыбаев.  

Ол бұл бизнес үшін корпоративтік басқару стандарттарын арттыру дегенді білдіреді деп атап өтті. Бұл Сингапур, Нью-Йорк, Гонконгтың халықаралық биржасына өздігінен шығатын компанияларға ғана қатысты емес, сонымен қатар листинг рәсімінен өткен компанияларға да қатысты.

Тимур Құлыбаев АХҚО 11 қыркүйектен бастап жұмыс істейтінін айта отырып, ҰКП осы мәселеде қаржы орталығына үлкен көмекші болатынына сенім білдірді.

Қайрат Келімбетов болса "Атамекен" мемлекет басшысының АХҚО құруға қатысты бастамасына алғашқылардың  бірі болып қолдау көрсеткенін айтты.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов ірі компанияларды жекешелендіру бойынша елбасының бастамасы отандық қор нарығы дамуы үшін жақсы мүмкіндік болып, отандық компанияларға оң әсер етіп, олардың қосымша инвестициялық тартымдылығын арттырады  деп атап өтті.

Қайрат Келімбетов қазір АХҚО аясында корпоративтік басқарудың ең үздік тәжірибесін қолданатын болсақ, кейін бұл тәжірибені барлық Қазақстан бойынша қолданатын болады деп атап көрсетті.            

"Жақсы корпоративтік басқару ­– бұл ел дамуының кепілі. Бұл бірінші жағдай. Екінші, бұл шындығында да қаржы орталығының ішінде жұмыс істейтін жаңа институттар. Сондай-ақ сот пен арбитраждық орталық қазақстанның қатысушылары үшін қолжетімді болады. Қазақстанның бизнесі, оның ішінде "Атамекен" ұлттық палатасының мүшелері осындай жақсы мүмкіндікке ие болады, ал бұл еліміздің қалған қаржы жүйесіне әсер ететін болады деп үміттенеміз. Үшінші, бұл – қор нарығы. Nasdaqи Шанхай қор биржасымен бірлесіп АХҚО қор биржасын іске қосамыз. Онда "Самұрық-Қазына" компаниясын жекешелендіру жоспарланып отыр. Тимур Асқарұлы айтып кеткендей, біз ең бірінші мемлекеттік компаниялар жекешелендірілу керек деп есептейміз, ал мұның бәрі қор нарығын қайта іске қосуға себеп болуы керек", -­ деді ол.  

Қайрат Келімбетов АХҚО үшін ҰКП ең басты серіктес екенін нақтылап кетті.

АХҚО-ның басқарушы директоры Саясат Нұрбек abctv.kz-ке АХҚО шетелдік банк топтары, инвестқорлар, консалтингтік компаниялар, арнайы жекеменшік банктер қуана келетін ортаны құрғысы келетінін айтты.

"АХҚО-ны  құру Қазақстан Республикасының қаржы нарығын сапалы дамытуға өте үлкен ықпал етуі керек. Бүгінгі күні Қазақстан нарығын, банк жүйесін  Орта  Азия тіпті Еуразиялық өңірмен салыстыратын болсақ, онда оның ең дамығандар қатарынан көруге болады. Алайда бізге мұнымен тоқтап қалуға болмайды.  Біздің жоспарымыз бойынша орталыққа жұмыс істеуге өте мықты Goldman Saks, инвестициялық банктер, халықаралық қаржы корпорациялары  мен ұйымдар   келетін болғандықтан, банктік емес секторды, қор нарығын, күрделі қаржылық құралдарды және АХҚО-ны одан әрі дамыту керек. Яғни біз стандартты көтереміз. Осының нәтижесінде қаржы нарығына қатысушылар осы стандартқа сәйкес болуға тырысады. Жалпы қаржы нарығының сапасын көтергіміз келеді, осының есебінен  тәжірибе мен құзіретке, бұдан да жоғары  стандарттарға қол жеткіземіз. Ал бұл қаржы секторын сауықтыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның әртараптануы мен бәсекелестігін тудырады", - деді ол.  

Ол елдің арасындағы бәсекелестіктің артып келе жатқанын, сондықтан Қазақстан қаржы секторындағы жағдайды дамытуы керектігін атап кетті.

"Бізге тоқтап қалуға болмайды. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, Өзбекстан валюталық реттеу тәртібін өзгерту туралы жарлыққа қол қойды, ал бұл өңірлік бәсекелістігінің артуына әкеледі. Егер бір орында тұрып қалатын болсақ, онда бәсекеге тап боламыз", - деді ол.

Оның айтуынша, 2017 жылдың қазанынан бастап АХҚО орталыққа қатысушыларды тіркеуге дайын болады, ал 2018 жылдың 1 қаңтарында қаржы орталығы толық іске қосылады. 

ҰКП басқарама төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов келісімге қол қою тарихи оқиға деп есептейді.

"Бұл- негізгі бес саланы қарастыратын ынтымақтастық туралы келісім", ­- деді ол abctv.kz-ке. Әңгіме корпоративтік мәдениетті арттыру және корпоративтік дауларды  шешу туралы   болып отыр.

"Ұлттық палата құрылғаннан бері бізге шамамен 18 мың шағым келіп түсті. Оның шамамен 8%-ы – кәсіпкерлер арасындағы дау. Әрине олар жалпы заңды құзіреті бар соттарға шағымданады, алайда бұл  соттардың жұмысын көбейтеді. Сонымен бірге үлкен дауларға бірнеше ай уақыт кетеді. Кейде тіпті жылдап соттасу керек болады, ал кәсіпкерлер үшін бұл тиімді емес. Сондықтан дауларды қарастырудың басқа жүйесін дамыту қажет. Оның шінде арбитражды дамыту керек", - деді Рүстем Жүрсінов.  

Келісім  аясында ҰКП арбитраждық аралық орталығы АХҚО арбитраждық орталығымен бірлесіп тиісті мәселелерді әзірлейтін болады. Ал ағылшын құқығы басқа негізгі сала болады, бұған көшу көршілес елдермен бәсекеде жеңіске жетуге мүмкіндік береді. Қаржы нарығын, жаңа құралдарды дамыту және АХҚО-ның шетелдік серіктестері арқылы қосымша капиталдарды тарту- бесінші сала болмақ.

"Кәсіпкерлердің қазіргі проблемасы – бұл қаржы құралдарын, кепілге қойылатын мүлікті қысу, жоғары мөлшерлемелер. Осы орталықтың арқасында бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз", - деп түйіндеген Рүстем Жүрсінов ҰКП кәсіпкерлер арасында АХҚО-дағы бизнес үшін ашылатын мүмкіндіктерді түсіндіру жұмысын жүргізеді деп атап өтті.               

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу