1 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, Қазақстанның жалпы сыртқы резерві 0,56%-ға (немесе 499 млн долларға) көбейіп, 88,44 млрд долларға жетті. Осылайша төрт ай қатарынан орын алған құлдырау тенденциясы тоқтады. Мұндай деректерді abctv.kz ҚР Ұлттық банкінің ай сайынғы есебінен тауып отыр. Аталған құрылымдағы негізгі өсім Ұлттық қордың активтері есебінен жүзеге асып отыр. Ұлттық қордың активтері 1%-ға өсіп (немесе 560 млн долларға), 57 млрд долларға жетті.
Қараша айының қорытындысы бойынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 0,2%-ға (немесе 61 млн долларға) қысқарып, 31,4 млрд долларды құрады. Бұл ретте, активтер құрылымында алтынның үлесі 1,9%-ға (немесе 226 млн долларға) артып, 12,2 млрд долларға жеткен. Ал валюталық активтер көлемі 1,5%-ға азайып (немесе 287 млн доллар), 19,2 млрд долларды құраған.
Осының нәтижесінде желтоқсан айының басында алтын-валюта резерві құрылымындағы алтын үлесі 38,8%-ға жетті. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Еске сала кетейік, мұндай тарихи мәнге жетеғабыл көрсеткіш еліміз тәуелсіздік алған жылдардың басында, дәлірек айтсақ 1993 жылдың желтоқсан айында (36%) байқалған болатын. Ал одан кейін бұл көрсеткіш төмен құлдырай берді. Оның ең төменгі мәні 2006 жылдың соңында тіркелді (7%). Осыдан соң реттеуші алтын қорын өсіруді қолға алды.
Осы жылдың 11 айында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтеріндегі алтынның бағасы 27%-ға өсті.Halyk Finance-тың есептеуінше, биыл жеке тұлғалардың реттеуші сақтайтын бағалы металдарының көлемі 14%-ға артты. Ұлттық банктің мәліметінше, 1 қарашада резервтердегі жеке тұлғалардың алтындарының көлемі 9,39 млн троя унцияны немесе шамамен 292,06 тоннаны құрады.
Атап өтерлігі, дәл осындай жағдай бөлшек сегментте де байқалып отыр. 1 маусым мен 1 желтоқсан аралығында Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер арқылы халыққа шамамен 51,64 келі алтынды жүзеге асырған (айына 8,6 келі алтын).
Биыл ағымдағы қорлар банк секторын құтқаруға триллион теңге көлемінде қаржы бағытталуына (3,3 млрд долларға тең) және осы жылғы түсімдердің артығымен орындалуына қарамастан,2,5%-ға (немесе 2,3 млрд долларға) айтарлықтай азайды. Еске сала кетейік, 1 желтоқсандағы дерек бойынша Ұлттық қорға 1,9 трлн теңгеден астам қаржы келіп түсті. Бұл осы жылдың жылдық жоспарынан 1,6 есеге артық (730 млрд теңгеге немесе 2 млрд доллардан астам қаржыға артық).
E-Minfin-нің деректеріне сүйенсек, желтоқсан айының басында орындалмаған трансферттер көлемі 162 млрд теңгені құрады. Ол мемлекеттік қазынаның жағдайы жақсы екенін және трансферттердің бір бөлігін секвестрлеу ықтималдылығын көрсетті.
Halyk Finance-тың болжамына сүйенсек, елдегі мұнай табысының өсуі биыл Ұлттық қордан бюджетке аударылатын қаржы көлемін 600 млн долларға қысқартады. Бұл жыл соңында "болашақ ұрпақ қорының" сыртқы активтерін 57,6 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның ұлттық қоры – ҚР қаржы министрлігінің арнайы есепшоты. Мұнай саудасынан тұтас елдің барлық кірісі жинақталатыны белгілі. Сол себепті бюджеттің әлемдік нарықтағы шикізат бағаларына деген тәуелділігін төмендету мақсатында құрылған. Қор жинақтау жолымен сыртқы активтерді қалыптастыру және басқару функциясын атқарады. Сондай-ақ кепілді және мақсатты трансферттерді беру арқылы ел бюджетіне қолдау көрсетеді.
Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов