Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде қалдырды

Елдегі сауда балансы соңғы 20 жылда алғаш рет тапшылық сезінуі мүмкін.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде қалдырды

"Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/-1,5 пайыздық дәлізбен сақтай отырып, жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады", – деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Яғни өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялардың мөлшерлемесі –10,50%, өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операцияладың мөлшерлемесі – 7,50% болмақ.

Бас банк бұл жерде әлем экономикасындағы белсенділікке COVID-19 індетінің екінші толқыны әсер етіп отырғанын, ауру жұқтырғандардың рекордтық саны тіркелгенін, осыған байланысты Еуроодақ елдері мен Ресей Федерациясында жаңа шектеулер енгізіліп жатқанын ескерген көрінеді. Мұнай нарығында да әлемдік сұраныстың қалай құбылатыны белгісіз.  Геосаяси тәуекелдер артпаса, кемімей тұр. Осы жайттардың бәрі базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін шектесе керек.

Ұлттық банк мамандары елде екінші ай қатарынан инфляцияның тұрақтанғанын байқапты. Мұны олар дезинфляциялық факторлардың басым болып, халықтың нақты кірісінің төмендеуімен және іскерлік белсенділіктің баяу қалпына келуімен байланыстырады.  Сондай-ақ пандемия кезінде тежелген сұраныстардың шектеулер алынған кезде инфляция қарқынын арттыруы ықтимал көрінеді. Қысылтаяң кезде мемлекет бюджетінен атқарылатын кейбір ағымдық шаралар да шегерілгені белгілі. Осылай шоғырланған шығындар да экономикаға салмақ салуы мүмкін.

"Құс тұмауынан құстардың жаппай қырылуы, өндіріс өсімінің баяулауы, экспорттың жандануы, электр энергиясы тарифтерінің өсуі және Ресейдегі қант бағасының жылдам өсуіне байланысты бензин бағасы өсуі мүмкін", – деп жазады банктің баспасөз қызметі.

Қыркүйектің қорытындысы бойынша жылдық инфляция Ұлттық банктің күткенінен төмен (7,0%) деңгейінде қалыптасып отыр (Тамызда да 7,0% болған). Инфляция азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөліктері үшін 10,8% (тамызда 10,9%) және 5,5% (тамызда 5,5%) болып тұрақтанды. Ақылы қызметтердің инфляциясы 3,6% деңгейінде қалыптасты. Нарықта ет пен нан-тоқаш өнімдері бағасының жылдық өсу қарқыны баяулаған. Ал маңызды құрамдас бөлігі шетелден әкелінетін өнімдер жылдам қымбаттауда.  Сонымен нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының жылдық өсуі 13,4%, ет және ет өнімдері – 10,3%, май мен тоң май – 9,8%, шай мен кофе – 9,4%, алкогольдік ішімдіктер – 7,7% болды. Ал азық-түлікке жатпайтын инфляцияның серпінін халықтың нақты ақшалай кірісінің төмендеуі, карантиндік шектеулерден туындаған төмен тұтынушылық сұраныс салыстырмалы түрде кешеуілдетіп тұр. Есесіне бензин бағасының жылдық өсу қарқыны 2,7%-ға дейін үдеген. Ақылы қызметтер инфляциясы да жылдамдаған. Бұған реттелетін коммуналдық қызметтердің 0,7%-ға, атап айтқанда, электр энергиясының 6,6%-ға қымбаттауы себеп болды. Көрсетілетін қызметтердің ішінде білім беру және байланыс қызметтері 3,3%-ға және 2,1%-ға қымбаттаған.

"2020 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 2,8%-ға қысқарды. COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасына теріс әсері сақталуда. Алайда жекелеген секторларда карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне және мемлекеттік қолдауға байланысты жақсару байқалады. Қыркүйекте өңдеу өнеркәсібі (2,9%), ауыл шаруашылығы (5,1%), құрылыс (24,2%), ақпарат және байланыс (7,3%) салалары оң үлес қосты. Саудада наурыздан бері алғаш рет 2,7%-ға өсу тіркелді. ЖІӨ серпініне негізгі теріс үлесті тау-кен өнеркәсібі (-7,7%) және көлік (-23,1%) салалары қосты. Кәсіпорындарға жүргізілген сауалнамалар нақты сектордағы ахуалдың сәл жақсарғанын көрсетеді. 2020 жылғы қыркүйекте іскерлік беделдік индексі (ІБИ) 2,2 тармаққа көтеріліп, 47,6 (шілде – 44,7, тамыз – 45,4) болды. Бұл ретте ІБИ 50 тармақтан төмен сақталуда, бұл әлі де экономикалық белсенділіктің төмен және дезинфляциялық факторлардың басым екенін көрсетеді", – деп жазады Ұлттық банк.

Сондай-ақ еңбекақының өсуі бұрынғыдан да баяулап, салдарынан халықтың нақты ақшалай кірісі қысқаруда. Жылдық төмендеу 2,5% шамасында. 8 айда халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін кірісі төмендеп, жалдамалы жұмыс пен өтемақы түріндегі кірісі өскен. Бірақ бұл республикалық бюджеттің әлеуметтік көмекке бағытталған шығысын ұлғайтуда.

Халықаралық валюта қоры  қазанда 2020 жылға арналған әлемдік экономиканың даму болжамын 4,9%-дан 4,4%-ға дейін жақсартты. Алайда 2021 жылдың болжамдарын 5,4%-дан 5,2%-ға дейін түзетті. АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижелері және АҚШ тарапынан кейбір елдерге салынатын санкциялар сыртқы нарықтар үшін маңызды тәуекелдер туындатпақ. Еуроодақ экономикасы бойынша 2020 жылға арналған болжам 10,2%-дан 8,3%-ға дейін жақсарды. 2021 жылға 6,0%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді.

"Қалпына келу перспективалары коронавирусты жұқтырғандар санының өсуі аясындағы белгісіздікке, сондай-ақ Ұлыбританиямен болашақ сауда қатынастарына қатысты уағдаластықтың болмауына байланысты. Қытай экономикасы бойынша 2020 жылға арналған болжам 1,9%-ға дейін (алдыңғы бағалау – 1,0%) жақсарды", – деп жазады банктің баспасөз қызметі. 

Шілде мен тамызда импорттың құлдырауы ішкі тұтынудың әлсірегенін көрсеткен болатын. Ал әлемдік мұнай нарығындағы ахуал бір баррель үшін 40$ базалық сценариі бойынша қалыптасуда. Қыркүйекте Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 40$-дан төмен түсіп, кейіннен қалпына келді. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша 2020 жылдың соңына дейін және 2021 жылы мұнайға сұраныс қалпына келуді жалғастырады. Ұсыныстың өсуі қалыпты болады және оны негізінен ОПЕК-тен тыс елдер қамтамасыз етеді. Бұл ретте мұнай нарығындағы негізгі тәуекелдер: COVID-19 пандемиясына қатысты белгісіздік, Ливия мен АҚШ-та мұнай өндірудің қалпына келуі, ОПЕК+ елдерінің арасында тәртіптің төмен болуы.

Соңғы 20 жылда елдегі сауда балансы алғаш рет тапшылық сезінуі мүмкін. Ұлттық банктің есебі бойынша наурыз бен сәуірдегі сауда жағдайының нашарлауы 3-тоқсандағы төлем балансына әсер етеді. Бұл импортқа қарағанда экспорттың қарқыны қысқарғанына байланысты. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 14 желтоқсанда жарияланбақ.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу