Ұлттық банк инфляция бойынша өтемақыны жоймақ

1571

Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақылық жинақтарының үлкен бөлігін мемлекеттік кепілдіктен шығарып тастамақ.

Ұлттық банк инфляция бойынша өтемақыны жоймақ

Қазіргі заңнама бойынша Қазақстан азаматтарының барлық зейнетақылық жинақтарын инфляцияның жалмауынан қорғайтын мемлекеттік кепілдік қарастырылған.

Бұл "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңының 6-шы бабында, сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктерді орындау қағидаларында нақты жазылған.

Бірақ осы тәжірибе өзгеруі мүмкін.

Осы орайда қаржылық реттеуші БЖЗҚ-ға негізделген қолданыстағы жүйенің "кінәратты" екенін мойындады.

"Зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіру зейнетақы агенттерінің қызметін, салымшалардың миграциясын жойды, әкімшілік шығыстарды төмендетті және инвестициялық кірістер және зейнетақы активтерінен болатын комиссияны 3 есе азайтты. Алайда зейнетақы активтерін басқарудың қолданыстағы моделінің бірқатар кемшілігі бар, олар салымшылардың мүддесінде зейнетақы активтерін басқару бойынша бәсекелес нарықтың және салымшыларда басқарушы компанияны таңдау құқығының, халықта өздерінің зейнетақы жинақтарын жоспарлауға мүддесінің болмауынан да көрініс беруде", – дейді Ұлттық банк.

Сондықтан Ерболат Досаевтың командасы зейнетақы активтерін басқаруға берудің жаңа моделін ұсынып отыр. Оның мәні неде?

Қарапайым тілмен айтсақ, зейнетақылық жинағы әйелдерде 10,1 миллион теңгеге, ал ерлерде 8,2 миллион теңгеге жетсе, одан асқан барлық сома "зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларға" (ЗАБК) берілмек. Және оларға берілетін барлық қаражатқа әлгі айтылған мемлекеттік кепілдіктің таратылуы тоқтатылады.

"Салымшыларға өздерінің зейнетақы жинақтарының "жеткіліктілік" шегінен асатын бір бөлігін зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларға аударуға, ал қалған жинағын Ұлттық банктің басқаруындағы БЖЗҚ-да сақтауға құқық беру ұсынылады. Яғни жалпы, зейнетақы жүйесінің жинақталған бөлігі сақталады. "Жеткіліктілік" шегі ретінде зейнетақы жинақтарының сақтандыру ұйымымен ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз емес ай сайынғы сақтандыру төлемін өмір бойы төлеу туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қажетті мөлшері қарастырылады. Бұл мөлшер әрбір жыл үшін жеке белгіленеді, 2019 жылғы көрсеткіші – әйелдер үшін 10,1 млн теңгеден жоғары, ерлер үшін 8,2 млн теңгеден жоғары", – делінген зейнетақымен қамсыздандыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң тұжырымдамасында.

Құжатта айтылғандай, салымшы зейнеткерлік жасқа жеткен кезде оның зейнетақы жинақтары жинақталған инвестициялық кірісімен бірге БЖЗҚ-ға кері қайтарылады, бірақ "осы зейнетақы жинақтарына инфляцияны ескеретін мемлекеттік кепілдік қолданылмайды".

"Осы арқылы мемлекет бір оқпен бірнеше қоянды атып алғысы келіп отырғанға ұқсайды. Біріншіден, Үкімет тек 8-10 миллион теңгеге дейінгі жинақтарға ғана инфляциялық "өтемақы" береді, одан асатын триллиондардың инфляция бойынша шығынын өтеу ЗАБК-ларга, яғни бизнеске артылады. Екіншіден, "жеткіліктіліктен" артық зейнетақы жинақтары бар салымшыларға неғұрлым тиімді инвестициялық стратегияны таңдау құқығын береміз деп алдарқатып, қоғам көтеріп жүрген бір мәселені күн тәртібінен алып тастамақ. Әйтпесе, жұртшылық та, сарапшылар да дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес, азаматтарға зейнетақылық активтерінің артық сомасын жоғары білім, сапалы медициналық қызмет, ипотека, басқасын алуға жұмсау мүмкіндігін беруді сұрап жүрген-тін. Билік басқа жолмен жүретінін аңғартуда. Үшіншіден, Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқарушылардың қызмет көрсету нарығында институционалдық бәсекелес орта қалыптастырылатынын алға тартуда. Шынында, бұл бұрынғы жеке жинақтаушы зейнетақы қорларын қайта жандандыру болып табылады", – дейді экономист Вячеслав Свиридов.

Айта кету керек, қаржылық реттеуші өзі әзірлеген жаңашылдықтар арқылы осы жүйеге "агрессивтілік" сипат бермек.

"Неғұрлым өктем-агрессивті инвестициялық саясаты есебінен ЗАБК басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің ағымдағы кірістігінен асады деп жоспарланып отыр", – делінген Ұлттық банк әзірлеген заң жобасының тұжырымдамасында.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу