Василий Левит – үш дүркін Азия чемпионы

2600

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемппионатында алғашқы жеңімпаздар анықталды.

Василий Левит – үш дүркін Азия чемпионы

Кеше бес салмақ дәрежесіндегі чемпиондар анықталды. Финалда бақ сынағандар арасында біздің екі боксшымыз болған. Біреуі жеңіске жетіп, екіншісі ұтылып қалды. Ал жартылай финалға іліге алмаған екі жігітіміздің біреуі әлем чемпионаты жолдамасына қол жеткізді.

Жалпы, кешегі финалдық жекпе-жектерде өзбек боксшыларының бақтары жанды. Олар әзірше төрт алтын алды – Муроджон Ахмадалиев (56 келі), Элнур Абдураимов (60 келі), Исраил Мадримов (75 келі) және Бектемир Меликузиев (81 келі)

Әлем чемпионатының жолдамасы

60 келі: Әділет Құрметов – Чу-Ен Лаи (Тайпэй) – 5:0 (30:27, 30:26, 30:27, 30:27, 30:27)

Әділет ширек финалда моңғол Отдонгалай Доржнямбуумен кездесіп, жарақаттанып қалған. Қабағы жарылып, төрешілер жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермеген. Сөйтіп, жартылай финалға шыға алмаған. Әйтсе де, қатарға тез қосылып, кеше әлем чемпионатының жолдамасына таласты. Тайпэй бокшысын ұпай санымен жеңіп, 23 тамыздан 4 қыркүйекке дейін Гамбургте өтетін әлем чемпионаты лицензиясына қол жеткізді.

Финалдық жекпе-жектер

81 келі: Ерік Әлжанов – Бектемир Меликузиев (Өзбекстан) – 0:5 (25:30, 27:29, 28:29, 28:29, 28:29)

Бұл салмақтағы ұлттық құраманың үздіктері (Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы) жарақаттарына байланысты Ташкентке бара алмаған. Солардың орнына барған Әлжанов өзінен әлдеқайда ауыр боксшыларды түйреп шығып, финалға дейін жетті. Финалда өзбектің жас таланты Бектемир Меликузиевпен кездесті.

Бірінші раундта тіпті одан басым түсті. Бірақ салмағы өзінен ауыр өзбек боксшысына соққылары өтпеді. Ал екінші раундта оның пәрменді соққыларын өткізіп алды. Салмағы ауыр жігіттің жұдырығына төтеп беру оңай болған жоқ. Әйтсе де намысты қодан бермей, қайсарлық танытты.

91 келі: Василий Левит – Сумит Сангван (Үндістан) – 5:0 (28:27, 29:26, 29:26, 29:26, 29:26)

Бұл салмақта Василий Левитке Азияда тең келер ешкім жоқ екен. Оның өзге боксшылардан деңгейі жоғары екендігі көзге ұрып тұрды. Левит қарсыластарының бәрін де аса қиналмай жеңді. Финалда Үндістан үміті де қайрат көрсете алмады. Бұл боксшы 81 келіден ауысып келген. Ауыр салмаққа әлі бейімделе қоймаған сияқты.

Сөйтіп, Ташкентте Василий Левит қоржынымызға алғашқы алтынды салды. Әрі ол осымен үшінші рет Азия чемпионы атанды. Алғаш рет 2009 жылы Қытайда, содан кейін 2015 жылы Таиландта құрлық чемпионы атанған болатын. Енді өзбек рингінде саф алтынды өңірінде жарқыратты.

Ертең шаршы алаңға шығатындар

Әлем чемпионатының жолдамасы үшін:

49 келі: Жомарт Ержан – Корнелиус Квангу Лангу (Индонезия)

Финал. Кешкі бөлім (19:00-ден бастап)

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Шахрам Гиясов (Өзбекстан)

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Баходир Джалолов (Өзбекстан)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу