Бүгінде Bank RBK-ның өтімділігіне қатысты мәселе шешілді. Bank RBK банк секторының қаржылық тұрақтылығын көтеру бағдарламасы шеңберінде Ұлттық банктен 120 млрд теңге алды. Бұл алғашқы транш қана. 22 қарашада Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев атап өткендей, Bank RBK реттеушіден жалпы 243 млрд теңге көлемінде қолдау көрмек. Ұлттық банк басшысы банкті сауықтыру процесі аяқталған соң, Bank RBK барлық міндеттемелерге жауап беретін сенімді қаржылық институтқа айналатынын айтты.
Сонымен қатар Bank RBK-ға қаржы институтының жаңа инвесторы Владимир Ким басқаратын "Қазақмыс Холдинг" ЖШС көмек көрсетпек. Қазірдің өзінде банктің жарғылық капиталы 60 млрд теңгеге артты. Банктің меншікті капиталының өсуі Bank RBK-ның 600 млн болатын қарапайым акцияларын қосымша шығару арқылы жүзеге асырылды. Оларды "КСС Финанс" ЖШС сатып алды. Бұл құрылымның жарғылық капиталының 100%-ы Владимир Кимге тиесілі. Аталған мәміленің нәтижесінде "КСС Финанс" компаниясы Bank RBK-ның дауыс беретін акцияларының 99,01%-ын иеленді. Ал қалған акционерлердің үлесі, оның ішінде Владимир Кимнің де (ол жеке тұлға ретінде 435 мың қарапайым акцияға ие миноритарлық акционер болып табылады) үлесі "шайылып" кетті. Қазіргі уақытта миноритарлардың акциясын сатып алу жоспарланып отырған жоқ.
Сондай-ақ Bank RBK-дағылар "КСС Финанс" ЖШС-ның 99,01%-дық үлесі (Владимир Кимнің жанама үлесі) банктің қазіргі уақытта орналастырылған акцияларының 605 990 мың бірлігіне байланысты құрылғанын атап өтті. Банктің жарияланған қарапайым акцияларының саны 1626407 мың бірлікті құрайды.
Инвесторлардың жарғылық капиталды толтыруы 2017 жылдың 7 қарашасында "Bank RBK" АҚ, ҚР үкіметі, ҚР Ұлттық банкі және "Қазақмыс" компаниялар тобы бекіткен шекті келісімге сәйкес жүзеге асырылды.
"2018 жылдың 19 қаңтарына дейін жаңа инвестор банк капиталына тағы 100 млрд теңге салады. Осылайша банктің меншікті капиталының өсімі 160 млрд теңгеге жетеді. Бұл – шекті келісімде көрсетілген шарттың бірі. Банктің меншікті капиталының өскенін және Ұлттық банктен алғашқы транштың жеткенін ескерсек, банктің өтімділігіне қатысты жағдай толықтай реттелді деп айтуға болады. Банк қазір өз міндеттемелерін орындауға қабілетті", – деді "Bank RBK" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Пол Торстен.
"Клиенттер мен салымшылар өз қаржысын еш қиындықсыз ала алады. Алайда біз олардың әрқайсын өзімізде қалдыру үшін күресеміз. Банктің өтімділігі бар. Банк балансын тазартқан соң, ол Қазақстан нарығындағы үздіктердің біріне айналады деп сендіремін. "Қазақмыс Холдинг" компаниясы менеджментке қатаң бақылау жүргізеді. Клиенттер әрқашан біздің стратегиямыздың назарында болады", – деді директорлар кеңесінің төрағасы.
Қазір банктің күмәнді кредиттерінің көлемі 595 млрд теңгені құрайды. Бүгінде оның бәрі арнайы құрылған коллекторлық (SPV) компанияға берілген. Пол Торстен мырза атап өткендей, аталған компанияны құру реттеушінің шарттарының бірі болатын. Бұл болашақта банкте кредиттерді қайтару проблемасы туындамас үшін қажет.
"Біз барлық ірі кредитормен сөйлесеміз. Кредиттік қоржынның сапасын зерттейміз. Бірінші кезекте барлық кепілдіктің сапасына мән береміз. Одан кейін қайтару мерзіміне, үшіншіден бұл процесті жеделдетуге назар аударамыз. Банкте өз кредиттерін қамтамасыз етіп отырған қалыпты кредиторларда баршылық", – деді Владимир Ким.
Сондай-ақ Владимир Ким банк көп жағдайда сапасыз менеджментке қатысты осындай жағдайға тап болғанын атап өтті.
"Өз басым компанияның дұрыс жұмыс істегенін, компания басшылары корпоративтік басқаруды, балансты сақтаудың дұрыстығын, аудит жүргізілуін, ең бастысы несие беруді дұрыс атқарғанын қалаймын. Bank RBK-да болған жағдай кездейсоқтық емес. Бір жағынан ерекше оқиға. Мен мұны салғырттық деп атар едім", – деді Владимир Ким.
Сонымен қатар банктің акционері қазіргі таңда аудиторлар тобы құрылғанын атап өтті. Аталмыш топ жетекші қор биржаларының стандарттарына сәйкес, Bank RBK-ның қызметін мұқият тексермек. Қазірдің өзінде олар Bank RBK-ның банктік жүйесі ашық болмағанын байқап отыр.
Өз кезегінде Пол Торстен журналистерді Bank RBK-ның қазіргі жағдайы й енді қайталанбайды деп сендірді. Себебі "Қазақмыс Холдинг" менеджментке қатаң бақылау жүргізбек.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың қазан айының басында Bank RBK-да өтімділікке қатысты проблема пайда болды. Салдарынан банк өз клиенттеріне – жеке және заңды тұлғаларға қолма-қол ақша беруді шектеді.
Бұған дейін 2017 жылдың 23 тамызында S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Bank RBK-ның ұзақмерзімді және қысқамерзімді несиелік рейтингін В-/В-дан ССС+/С-ға дейін және ұлттық шкала рейтингін "kzB+"-дан "kzB"-ға дейін төмендеткен еді.
Банкті қаржылық сауықтыру жұмысы басталған соң, яғни 13 қарашада S&P агенттігі Bank RBK-ның рейтингін тағы да төмендетіп "D" дефолтты деңгейіне дейін түсірді. Өткен аптада Пол Торстен рейтинг агенттігінің аталған шешімі өзекті емес және процестің ағымдағы динамикасына әсер етпейді деп мәлімдеді.
"Біз S&P Global Ratings өзінің әдіснамасына сәйкес қатаң әрекет ететінін білеміз. Қағидаттардың сақталуына құрметпен қараймыз. Бастысы дәл қазіргі сәтте Bank RBK жағдайды күрт өзгертті", – деп мәлімдеді банктің директорлар кеңесінің төрағасы.
Владимир Ким бүгінде банк рейтингтегі жағдайды түзеуге ниетті екенін жеткізді.
2017 жылдың 1 қарашасында "Bank RBK" АҚ-ның активтері 941,6 млрд теңгені құрады. Клиенттердің қаржысы – 547,1 млрд теңге. Оның ішінде жеке тұлғалардың салымы – 190,2 млрд теңге. Аталған есептік күнде банктің меншікті капиталы 98,0 млрд теңгені құрады. Ал жарғылық капиталы – 64,4 млрд теңге. 2017 жылдың 10 айындағы банктің табысы – 3,6 млрд теңге.
Еркебұлан Қыздарбек, Элина Гринштейн