Жаһанданудың беймәлім болашағы

16591

1990 жылдардағы жаһандану жаңаша түрленіп, өткен жылға дейін өзінің шегіне жетті. Ал 2016 жыл бұл үрдістің кері кеткен уақыты болды.

Жаһанданудың беймәлім болашағы

Астана экономикалық форумында "Жаһандану: Беймәлім болашақ" атты сессияда пікір таластырған саясаткерлер мен ғалымдар Трамптың протекционистік (отандық экономиканы дамыту) саясаты мен Брексит аясында жаһандану үрдістерінің бәсеңдей бастағанын айтып, бірі әлем нарығы жаһанданумен қош айтысқанын айтса, енді бірі бұл үрдістің өзгеше түрге енетіні туралы пікірін білдірді.

Осы орайда мемлекет басындағы тұлғалардың ұлтшылдық немесе мемлекетшілдік ұстанымдарынң жаһандану үрдісіне кедергісін келтіргені айтылды. Отандық өнім мен ішкі экономкианы күйттеген үкіметтер бизнеске теңдей жағдай жасамай, өз мемлекеттеріне тиесілі компаниялардың ғана жайын күйттеп жатқанын алға тартты. Оған дәлел Трамптың баж салығын көтеруі, АҚШ-тың Жапония, Мексика, Канада, Тайвань, Тайланд секілді елдермен арадағы Транстынықмұхит және ЕО-пен бірлесіп құрған Трансатланттық сауда әріптестігі ұйымдарынан шығып кетуі. Ал Брекситтің кесірінен бірнеше ірі компаниялар Британиядан көшуге мәжбүр болған.

Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, саясаткерлер қандай шешім қабылдаса да, бүгінде технология тұйықталуға жол бермейді. Жалпы, жаһанданудың жалғаса беруіне төрт себеп бар: халық, бизнес, интернет және жаһандық жылыну. Жиырма бірінші ғасыр туристік нарықты айтарлықтай дамыта отырып, шекараны ашуға мәжбүр қылды. Ал демократияның етек жайғанын ескерсек, халық қазір биліктің шекараны жабу туралы шешіміне қарсы шығары анық. Ал өз кезегінде бизнес кедендік баж салықтарының көбеюіне немесе жаңасының пайда болуына тіпті мүдделі емес. Ал интернеттің болса да физикалық бөгеттерге бағынбайтыны анық. Ақыр соңында жаһандық жылыну барлық мемлекеттің бірге жұмыс істеуін талап етеді. Климаттық жағымсыз өзгерістердің алдын алудың жалғыз жолы мемлекеттердің ортақ іске кірісуі.

Жаһанданудың жаңа түрі – инфрақұрылымдық жаһандану

Харольд Джеймс, Принстон университетінің тарих профессоры:

"Жаһандану тарихына көз салатын болсақ, 1944-1945 жылдары екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталар тұсында АҚШ пен Ұлыбритания әлемде алғаш рет өз шекараларын ашып, шетелдік компанияларды қабылдап, өздерінің компанияларын шетелге шығара бастады. Бұл біз білетін қазіргі классикалық жаһанданудың басы еді. Ал 2016 жылы дәл осы екі мемлекет өздері бастаған жаһандануға кері әрекет етіп отыр. Керісінше, бірнеше жылдар бойы жабық мемлекет болып келген Қытай осы бағытта күшті жұмыс істеп жатыр. "Бір белдеу – бір жол" бастамасы жаңа заманның жаһандану үлгісі.

Жаһандану жойылады деген пікірмен өз басым келіспеймін. Тек оның формасы, оның негізгі қатысушы мемлекеттері өзгерер. Оның үстіне қазіргі жаһандану тек кеденді ашумен шектелмейді. XXI ғасырдың жаһандануы инфрақұрылымдық жаһандану. Оған мысал ретінде тағы да Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасын айтар едім. Шекараны ашып тастап жаһандануды шегіне жеткіздік деуге болмайды. Қазір бәсекелестік күшті. Бизнестің қызығушылығын тарту үшін үкіметтер жағдай жасау керек. Яғни инфрақұрылыммен қамтамасыз етпек керек.

Жаһанданудың тағы бір түрі ақпараттық-технологиялық жаһандану. Сандық технология бүкіл әлемді бір компьютер етіп жіберді. Сіз шекараны жапқаныңызбен, ақпараттық инфрақұрылымға тұсау бола алмайсыз. 

Жаһандану туралы екі жаңсақ түсінік

Франсуа Фийон, 2007-2012 жылдар аралығындағы Францияның премьер-министрі:

Жаһандану туралы түсінік әлем бойынша әлі күнге дұрыс түсінілмей отыр. Көпшілік, әсіресе дамушы елдердің азаматтары жаһандануды батыстың, соның ішінде АҚШ-тың ықпал ету мүмкіндігі деп түсініп, жаһандану АҚШ экономикасы үшін ғана пайдалы деп ойлайды.

Әлемдік дағдарыс кезінде жаһандану үрдістері бәсеңдейтіні түсінікті. Оған бола мемлекеттердің қайта тұйықталып қалуы жөн емес. Тарихқа қарайтын болсақ, батыстағы индустриялық дағдарыс кезінде де, одан кейін 2007-2008 жылдардағы АҚШ-тың қаржылық дағдарысы кезінде де жаһандану деңгейі төмендеді. Ал қазір террорлық қатердің күшейген уақытында Трамп әкімшілігі мен Британия интеграциядан бас тартып жатыр. Қазіргі араб әлеміндегі келіспеушілік дүниежүзілік саудаға кедергісін келтіруде. Яғни, саясат экономикаға зиянын тигізуде.

Бұл келеңсіздіктерді шешу үшін ең алдымен әлемде доллардың ықпалын азайтып, есесіне еуроның маңызын арттыру керек. Еуро халықаралық келісімдер бойынша жұмыс істейтін валюта, доллар секілді бір ғана елдің саясатына байланысты емес. Әрине, оған жету оңай емес, бірақ Еуропа осы бағыттағы жұмыстарынан бас тартпағаны жөн.

Сонымен қатар, жаһандану туралы тағы бір қате түсінік – "батыстың өркениетін өзгелерге тықпалау". Негізінде жаһандану дегеніміз керісінше, әр алуандылықты арттыру. Телефонды жалғыз Самсунг компаниясы шығармайды, жалғыз тамақ - МакДональдс емес. Шекараны аша отырып, кәсіпкерлер бір мемлекеттен бір мемлекетке ұласуға тиіс.

Қаржылық ұйымдар протекционистік саясатты "сызбайды"

Марек Белка, 2004-2005 жылдардағы Польшаның премьер-министрі, 2010-2016 жылдары Польшаның Ұлттық Банк президенті:

Жаһандану туралы айтар болсақ, ең алдымен қай елдің қай бағытқа бет алғанына назар аударуымыз керек. Егер бір ел бірнеше елдің одағы ұстанған саясаттан бас тартар болса, ол елдікі қате деу дұрыс тұжырым болмас еді. Осы орайда, жаһандану дегеніміз бір жағынан әр түрлі мүдделердің бірге жұмыс істеуі деп те айтуға болады.

Қазіргі жаһанданудың басындағылар дамыған елдер емес, дамушы елдер. Оған дәлел Қытайдың бағдарламасы мен Қазақстан бастаған ЕАЭО елдерінің интеграциялық қатынастары.

Негізінен қазір бизнестің жаһандануы құлдырағанымен, қаржылық жаһандану сол қалпы қалды. Саясаткерлердің протекционистік ұстанымдары ешбір банктің әлем бойынша жұмыс істеуіне кедергісін келтірген жоқ. Рас, жаһандану дұрыс екен деп бизнесті бетімен де жіберуге болмайды. Капитал ағыны белгілі бір деңгейде бақылауда болуы керек.

Орталық Азияға интеграция керек

Джоомарт Оторбаев, 2014-2015 жылдары Қырғызстан премьер-министрі.

Статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, дүниежүзінің ЖІӨ-нің 80 пайызы теңіз жағасынан 100 шақырым қашықтыққа дейін орналасқан қалалардың үлесінде екен. Бұл дегеніңіз, теңіз жолының төртінші индустриялық революция заманында да өз маңызын жоғалтпағанын көрсетеді. Дегенмен, бұған қарап құрлық жолының болашағы жоқ екен деген қорытындыға келуге болмайды. Мәселен, Люксембург пен Швейцария теңізге шыға алмаса да әлемдегі ең дамыған елдердің қатарында.

Ал Орталық Азияға келер болсақ, аймақтағы төрт елдің де теңіз жолына жете алмағанымен, транзиттік әлеуеті орасан. Жібек жолының алтын ғасырында біздің өңір әлемдегі ең өркениетті елдердің бірі болды. Қалайша транзит тоқтады, солай экономика құлдырады. Ал қазір сол құндылықты қайта жаңғыртудың мүмкіндігі туып отыр.

Осы орайда айта кетерлігі, Орталық Азия елдері өз араларында шекараны ашуы керек. Әрине, Қазақстан аймақтағы көшбасшы мемлекет, бірақ қаншалықты дамыған ел болса да, жалғыз жеткен жетістік, одақ болып дамуға жетпейді. Сонымен қатар, жақын болашаққа емес, алысты болжайтындай жоспар керек. Қазақстанның ЭКСПО ұйымдастыруын біз жоғары бағалаймыз. Транзиттік өңірдегі бұл орталық алдағы уақытта технологияның аймақтық хабы болары анық.

Дағдарыс қаржыландыруды қажет етпейді, технологиялық көмек керек

Сергей Глазьев, Ресей Федерациясы президентінің экономикалық кеңесшісі:

Жаһанданудың болашағына болжам жасамас бұрын технологияның тарихына көз жүгірту керек. Бүгінгі төртінші индустриялық революцияға дейін әлем жеті үлкен технологиялық дәуірді бастан өткерді. Соның әрқайсысының аяқталған тұсында экономикалық дағдарыс болған. Яғни, индустрияландыру дәуірі гүлденген кезде экономика да қарқын алады. Одан кейін жаңа технология пайда болып, ол өндіріске толық еніп кете алмай, ескі технология қолданыстан шыға бастаған кезде нарықта вакуум пайда болады да, нәтижесінде инвесторлардың ақшасын құятын жер болмай, капитал айналымға шықпай, банктерде қалып қояды. Бұл өз кезегінде экономикалық дағдарысқа ұласады. Ал қазір біз сондай кезекті айналымның (цикл) соңында тұрмыз. Алдағы бірнеше жылда бұлтты технологиялар мен сандық экономика кеңінен қолданысқа енеді. Сол кезде жаһандану процесі қайта күшеймек.

Қазір АҚШ-тың дағдарыс кезінде жасайтын үйреншікті әдісі - өндірісті қаржыландыру. Орталық банктер зауыт-фабрикаларды қолдау үшін қаржы бөледі. Ол дұрыс емес. Өндіріске қолдау көрсету үшін технологиямен көмектесу керек. Инновацияға жол ашу керек. Алайда инновацияның келуіне белгілі бір топтар қарсы. Өйткені олардың бизнесі ескі технологияға негізделген. Олар жаңа технологияны игеріп кеткенше, дағдарыс жалғаса береді. Жоғарыда айтылған вакуум деген осы.

Жалпы, соңғы 10 жылда әлем бойынша нақты ақша көлемі 3 есе көбейген. Бұл дегеніңіз үлкен қасірет. Оған себеп болған 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде ұлттық банктердің дағдарыстан қорыққанынан жаппай ақша басуға көшуі.

Сөз соңында мен бір революциялық ұсыныс айтсам деп едім. Әлемдік сауда доллардан бас тартуы керек. Экономикалық одақтар халықаралық келісімге негізделген валюта шығаруы керек. Оның жарқын мысалы Еуро. Еуроны басып шығару, оны жұмсау бір ғана елдің емес, ЕО-ға мүше барлық елдің келісімімен жүзеге асады. Ал бір ғана елдің валютасы терроризмді қаржыландырудың төте жолы. Бұл туралы бірер жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан.

Қорыта айтар болсақ, жаһандану ешқашан тоқтамайды, тек сипатын өзгертуі мүмкін. Өйткені, қарапайым халық, бизнесмендер мен ірі трансұлттық компаниялар ортақ нарықтың сақталуына мүдделі.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу