Жалпыға ортақ декларация

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6167

Ауы мен бауы сағызша созылған бастама.

Жалпыға ортақ декларация

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мәди Тәкиев екі жылдан соң еліміздің 12 млн 900 азаматы мүлкі мен табысын жария етуге міндеттелетінін мәлімдегенде ел елең ете қалды.  

Себебі ол кәмелеттік жасқа толмаған қазақстандықтар да жалпыға ортақ декларация тапсыруы тиіс екенін және үйде 5 мың айлық есептік көрсеткіштен артық ақша ұстауға болмайтынын жариялады.

"2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның кәмелеттік жасқа толған барлық азаматтары, оралмандар мен бір жерде тұруға рұқсат қағазы бар адамдар, мүлік пен жер үлесіне ие кәмелетке толмаған тұлғалар және Қазақстан аумағында мүлкі бар шетелдіктер декларация тапсыруы тиіс. Кәмелетке толмағандар үшін мемлекетке ата-аналары немесе қамқоршылары есеп береді. Декларацияда үйде сақтап жүрген қаражатты да көрсету қажет. Егер ақшаңыз 12 млн теңгеден асатын болса, оны банкте сақтауға және капиталыңызды декларацияда көрсетуге тиіссіз", – деді Мәди Тәкиев журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, екі жылдан соң декларация тапсыратын азаматтардың 7 млн 400 мыңын қала тұрғындары, 5,5 миллионын ауыл тұрғындары құрайды.

Қазақстандықтардың 80%-ы декларацияны электронды түрде тапсыруға дайын екенін айтқан Мәди Тәкиев: "Жеке тұлға декларациялау жүйесіне кірмей тұрып, 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдайы бойынша несиелік, дебиторлық қарызы, қолма қол ақшасы, банктегі шоттары және мүлкіне қатысты "250 Форма" атты кіру декларациясы өткізуге тиіс. Декларацияны қағазға рәсімдейтіндер 15 шілдеге дейін, электронды түрде өткізетіндер 15 қыркүйекке дейін үлгерулері керек. Декларацияның "260 Форма" деген қысқаша түрін студенттер, зейнеткерлер сонымен қатар жалданбалы жұмысшылар тапсырады. Декларацияның бұл түрі Қазақстан халқының 70%-ын қамтиды. Осы декларацияны тапсыру арқылы жоғарыда көрсетілген адамдардың санаты бір жыл ішінде қосымша табыс таппағанын растайды. Кеңейтілген декларацияда бір жылдық табыс, салықтық шегерiмдер, жылжымайтын мүлiк, көлiк, бағалы қағаздар, меншiктi капитал, инвестициялық алтындарды, туынды қаржы құралдарын сатып алу, ақысыз алу немесе иелiктен шығару туралы есеп беріледі", – деді Мәди Тәкиев.

Айтақшы мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі мүлкі мен табысын жариялаудан жалтарған мемлекеттік қызметкерлер әкімшілік жауапқа тартылып, 120 мың теңге айыппұл төлейтінін айтты. Ал қарапайым адамдар декларация тапсырмаса не болатыны туралы тіс жарған жоқ.

Нақтылай кетейік, жалпыға ортақ декларация туралы сөз елімізде кеше, я болмаса бүгін қозғалып отырған жоқ. Бұл туралы бастама көтерілгеніне жылдардың жүзі болды.

Мемлекет басшысы осыдан 8 жыл бұрын жаппай декларациялауды қолданысқа 2013 жылы енгізуді тапсырды. Алайда бастаманың ауы мен бауы бітпей, соңы сиырқұйымшақтанып, кейінге шегеріле берді. Десекте үкімет қарап отырған жоқ. 2014 жылғы 1 қыркүйекте ақша мен мүлікті заңдастыру акциясын бастап кетті. Осы арқылы бұған дейін салықтан жалтарып келген адамдарға мүлкін заңдастырғаны үшін рақымшылық жасауға кепілдік берді.

Адамдар алғашында үкіметтің ұсынысына сенімсіздік танытқанымен, бірте-бірте жасырып ұстаған дүние-мүліктері мен ақшаларын заңдастыра бастады. Ал үкімет уәде еткендей, ешкімге тиіскен жоқ. Бұл – елімізде 2017 жылы басталған  жалпыға ортақ декларациялаудың алғашқы кезеңіне дайындық еді.

Жалпыға ортақ декларациялаудың мемлекеттік қызметкерлерге арналған алғашқы кезеңінде облыс әкімдері мен басқарма басшылары табыстарын жариялады. Олардың басым бөлігінің жалақысы 500-600 мың теңгенің ар жақ, бер жағында болды. Бірлі-жарымы болмаса, шенеуніктердің басым бөлігінде мүлік болмай шықты. Жалпақ тілмен айтқанда, шенділер мен шекпенділердің және қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің жалпыға ортақ декларация тапсыруы нақты нәтиже үшін емес, есеп беру үшін ұйымдастырылды. Бірақ бұдан үкімет ұтпаса, ұтылған жоқ, себебі ол өзінің мақсатына бір табан болса да жақындай түсті.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, 2017 жылы жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне халықтың неғұрлым дайын тобы қатысты.

"Жалпыға бірдей декларациялау мақсатты түрде  екі кезеңге жоспарланған. Алғашқы кезеңге қатысқан топ қарапайым адамдарға үлгі әрі мысал болады. Олар халықты жалпыға бірдей декларациялауға шақырады және адамдарды осы қадамға дайындайды", – деді қаржы министрі тілшілермен тілдескенде.

Негізі жалпыға ортақ декларация тапсыру АҚШ, Канада, Германия, Франция елдерінде бұрыннан бар. Яғни бұл қорқынышты дүние емес. Кім көлеңкелі ақша немесе мүлік айналымымен айналыспаса, мемлекетке есеп беруден қорықпайды. Бұл бастама тек "арты қуыстардың" ғана оң жамбасына келмейді.

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын Париж қаласынан 65 млн еуроға сатып алынған пәтер туралы шу шықты. Кейін мәселенің мән-жайы анықталып, Мәди Такиев пікір білдірді. Ол Қазақстанның сұрауына байланысты Франциядан жауап келгенін, үй сатып алған салық төлеушінің барлық әрекеті заңды екенін және ол өзінің кім екенін жарияламауды сұрағанын баяндады.

"Францияда сатып алынған пәтердің иесі үкімет қызметкері емес", – деді Мәди Такиев. Біз мұны не үшін айтып отырмыз?  Жалпыға ортақ декларация тапсырған кез келген тұлғаның аты-жөні оның рұқсатынсыз еш жерде жарияланбайды. Адамдар мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметінен әлдекімдердің миллиондаған, миллиардтаған ақшасы немесе қисапсыз дүниесі бар екенін білуі мүмкін, бірақ нақты байлық  иесінің аты-жөні кім екенін біле алмайды.

Орайы келіп тұрғанда тілге тиек ете кетейік, мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, ел азаматтарының әлемнің 69 мемлекетінде 12 мыңнан астам мүлкі бар. Оның басым бөлігі АҚШ, Испания, Түркия, Болгария, Франция, Ресей, Ұлыбритания мемлекеттерінде тіркелген.

Былтыр 68 мың адам шет мемлекеттегі табысы туралы декларация толтырған. Нәтижесінде қазақстандықтардың шетелдің қаржы ұйымдарында  820 млрд теңге сақтап отырғаны белгілі болған.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу