Жас министрдің ескі зауыттарға тісі батпай ма?

18433

Экология министрі жаңа кәсіпорындарды жағадан алып, ескі кәсіпорындарды есіркемекші.

Жас министрдің ескі зауыттарға тісі батпай ма?

Жаңадан құрылған экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тізгінін Мағзұм Мырзағалиев қолға алғанда, одан жігерін жасынға жанығандай жастық қуат, пәрмен мен жасампаздық күтілген болатын. Сол үміт ақталмай жатқан сыңайлы. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жас министрді жасқанбауға шақырды. Өтіп бара жатқан аптаның сәрсенбісінде өткен мәжіліс отырысында ол министрлік ауаны ластаушы алыптарға қарсы күрес ашса, бүкіл депутаттық корпус қолдауға дайын екенін жеткізді.

"Экология мәселесі – ұлт болашағының мәселесі. Бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі аса маңызды. Тоқсаныншы жылдарда инвестиция, жаңа технологиялар тарту керек болды. Сол кезде салынған зауыттар мен комбинаттар бүгінде қоршаған ортаны ластап, көптеген аурудың көзі болып отыр. Экология министрлігі осыны қатаң қадағалап, бірінші болып дабыл қағуға, мәселемен кәсіби түрде айналысуға тиіс. Мағзұм Маратұлы, егер ірі кәсіпорындар экологияға және тұрғындар денсаулығына зиян келтірсе, біз оларғаиқатаң талап қоюға тиіспіз. Кешіріңіз, Қазақстан кім көрінген басынатын ел емес, мұнда көнерген технологиялармен жұмыс істеуге болмайды деу керек", – деді Нұрлан Нығматулин.

Депутаттар министрге оның ведомствосы әзірлеп жатқан Экологиялық кодекстің жаңа жобасында ауаны ластаушы кәсіпорындарға шығарындыларын азайту, Еуропадағыдай технологияларының "жасыл" екенін растайтын сертификат талап ету туралы баптарды енгізуді ұсынды.

Алайда министр депутаттар ақылына құлақ аспайтынға ұқсайды. Өйткені жаңа кодекс жобасында өндіріс алпауыттары "кешенді экологиялық рұқсатнама" алуға міндеттелмейтін көрінеді. Бас эколог бұл шараны ерікті етуді ұсынды.

Дегенмен, ведомство І санаттағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көбі әлі де ескірген технологиямен жұмыс істейтінін, соның кесірінен табиғатқа теріс ықпалы көбеймесе, кемімегенін мойындап отыр.

"Мұндағы проблема неде? Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған нормативтер мен лимиттер эмиссияның ең жоғарғы шамасында бекітіледі. Әдетте, ол шама зауыт-кәсіпорынның ең жоғарғы қуаттылықтарына сай есептеледі. Ал құрал-жабдығы тоза бастаған кәсіпорындар жоғарғы қуаттылықта жұмыс жасамайды. Тиісінше бұл өндіріс алпауыттарын ескі техноллогияны жаңғыртуға мүлдем ынталандырмайды", – дейді экология министрлігі.

Қолданыстағы экологиялық заңнама зауыт-кәсіпорындарды 4 санатқа бөледі. Оның біріншісі – табиғат пен адам денсаулығына ең қауіптісі. Ресми мәлімет бойынша бұл санатқа елдегі 2405 кәсіпорын кіреді. Олар жыл сайын шамамен 3,9 млн тонна зиянды заттар шығарады. Егер елімізде жыл сайын қоршаған ортаға 4,9 млн тонна зияндызат шығарылса, алпауыттардың үлесі 80% деген сөз.

Жаңа экологиялық кодекстегі күшейтілген талаптың көбі негізінен жаңадан ашылатын кәсіпорындарға ғана қатысты болмақ.

"Экологияны көбірек ластап отырған өндіріс алпауыттарына қоршаған ортаға кері ықпалын бірте-бірте төмендету бойынша жеке жоспарлар жасау мүмкіндігі беріледі. Ал кешенді экологиялық рұқсатнамаға өз еркімен көшкендерге салықтық жеңілдіктер және басқа да артықшылықтар бар", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Санкция қыспағындағы Ресейде кешенді экологиялық рұқсатнама алу бірінші санаттағы барлық кәсіпорындарға міндетті болып есептеледі. Беларусь елінде мұндай рұқсатнама барлық заңды тұлғалардан талап етеді. Көршілердің көшіне ілесе алмай отырғанда "жасыл" технологияға толық ден қойған Еуропа туралы ауыз ашудың өзі ұят.

Тоқсаныншы жылдары қазақ жерінің төріне орнығып алған шетелдік инвесторларды жаңа технологияларға жаппай көшіру үшін салықтық жеңілдіктермен ынталандыру кімге тиімді? Жалынып, жалпаймай-ақ, заңмен міндеттеуге не кедергі? Қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңінде ашылатын бірлі-жарым зауытқа ғана талап қойғаннан табиғат тазара ма?

Экология министрлігінің түсіндіруінше, егер бәрін міндеттесе, ірі бизнесті шығынға батып, жүктемесі артуы мүмкін. Оның үстіне құрал-жабдықтары әбден тозған кәсіпорындардан жаппай талап ету "қиынға түсетін" көрінеді. Кодекс жобасында кешенді экологиялық рұқсатнаманың болуы жаңадан құрылатын кәсіпорындар үшін тек бес жылдан кейін талап етілмек.

"Енгізудің мерзімі мен кезеңіне келсек, кешенді экологиялық рұқсатнама алу міндеті 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін іске қосылатын І санаттағы зауыттарға бұл талап қолданылмайды", – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Демек, зиянды технологиялары бар кәсіпорын салғысы келетін инвесторлардың әзірге уақыты жеткілікті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу