"Жасанды интеллект" 36 мың адамды тексеріп, 146 науқастан қатерлі ісік тапты

Қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға арналған жағдаяттық орталық жұмысы толықтай цифрлы жүйеге қосылған. Негізгі жұмысты  "жасанды интеллекті" атқарады.

"Жасанды интеллект" 36 мың адамды тексеріп, 146 науқастан қатерлі ісік тапты

Талдықорған  қаласындағы көп салалы аурухана жанындағы жағдаяттық орталық өткен жылдың соңында ашылды. Аз уақыт ішінде орталықтың қызметіне жүгінгендер саны көбейген. Бұл өңірде қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупінің жоғары екенін көрсетеді. Қазір облыс бойынша 1332 адам онкологтардың есебіне алынған. Алайда, Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің дәрігерлері бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін дейді. Яғни, аты жаман дерттің алғашқы белгілерін анықтау баяу жүріп жатыр. Оған әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарап, дер кезінде дәрігерге қаралмауы  мен скринингтен өтуге келмеуі себеп болуда. 2018 жылы  осы диспансерде 70 мың әйел скрининг тест тапсырған. Олардың ішінен 812 әйел тіркеуге алыныпты.  Бұлардың 38 пайызы ғана аурудың бірінші сатысында дәрігер көмегіне жүгінген екен. Өткен жылы осы дерттен облыс бойынша 63 әйел қайтыс болған. 

"Қатерлі дерттің зардабы туралы ақпарат жеткілікті болғанымен, адамдар дер кезінде дәрігерлік тексеруден өтуге асықпайды. Қазір ел бойынша мерзімді скрингтік тексерілу жиі өткізіледі. Соған қарамастан дерт белгілерін анықтауда кешігіп қалып отырмыз. Әсіресе, ауылдағы әйелдердің дер кезінде скрининг тесттен өтпеуі салдарынан көбіне аурудың 3-4 сатысында ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Ал бастапқы кезеңде ауру анықталған жағдайда науқас бұл аурудан толық жазылып кетеді деп сеніммен айтуға болады" дейді Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Саяхат Олжаев

Жалпы, Талдықорғандағы қатерлі ісік ауруларын ерте кезеңде анықтайтын жағдаяттық орталықтың ашылуы онкологтардың жұмысын жеңілдетті десе болады. Соңғы үлгідегі радиологиялық-ақпараттық кешен қауіпті дертті бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық жұмысы толықтай цифрлық жүйеге көшкен. Қызметті орталық серверге қосылған жасанды интеллект атқарады. Әрі бұл жерге облыстағы 13 емдеу мекемесіне қойылған сексенге жуық  цифрлы қондырғылары тікелей жалғанған. Яғни, орталықтанған жүйеде науқас бойында обыр белгілерінің бар-жоғы оңай анықталатын болды. Орталық компьютерлік магниттік-резонанстық томография, рентгенография, мамография сияқты тексеруге қатысты барлық зерттеулерді бір ортаға жинақтауға мүмкіндік береді.

"Жағдаяттық орталық былтыр желтоқсан айында іске қосылды. Содан бері 36 мыңнан астам тексеруден өтіп, 146 адамда қатерлі ісік аурының белгілері анықталды. Бұл аймақтағы денсаулық сақтау салсын дамытудағы озық үлгі", – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Бауыржан Ысқақ.

Талдықорғандағы цифрлы жүйеге көшкен заманауи медицина нысаны жалғыз бұл орталық емес екен. Қалалық балалар ауруханасы жанынан ашылған Неонаталды хирургия орталығы да Қазақстан бойынша санаулы нысанның бірі екен. Орталық жаңа озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мұнда лапароскопиялық баған, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоз аппараты, жаңа туған нәрестеге арналған "Жираф" реанимация үстелі, фототерапия аппараты, кювез қалтасы, реанимациялық төсектер бар. Емдеу қызметі 60 төсекке шақталған, 20 палата бар, реанимациялық бөлімге 9 төсек қойылған.

Алайда, Алматы облысының денсаулық сақтау саласын цифрландыру тек облыс орталығы мен ірі кенттерде ғана жолға қойылған сияқты. Ал ауылдар мен алыс аудан орталықтары әлі күнге дейін ескі жүйеде жұмыс істеуде. Негізі проблема ретінде емхана ғимараттарының күрделі жөндеуден өтпегені, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі және медицина мекемелерінің әлі күнге интернет желісе қосыла алмай отырғанын тізіп шығуға болады. Мысалға, Еңбекшіқазақ ауданында 3104 адамға бір дәрігерден келеді екен. Сондай-ақ, ауылдардағы интернет байланысының төмендігі ауруханалардың жұмысын цифрландыруға кедергі келтіруде. Дерек бойынша, Ақсу ауданындағы 17 ауылдық округтің сегізінде интернет байланысы мүлдем жоқ. Ал Балқаш аудандық ауруханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Балқаш – Алматы облысының шалғайдағы ауданы. Өңірді 30 мыңнан астам тұрғын мекен етеді. 1986 жылы қоланысқа берілген аурухан ғимаратына бұған дейін бір рет қана ағымдағы жөндеу жасалған екен. Облыстық бюджеттен жыл сайын денсаулық сақтау саласына қаржы бөлінгенімен, аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерін озық технологиядағы жаңа аппаратуралармен толық қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу