Қазақстандықтардың аурулары жайлы мәлімет жекеменшіктің қолында отыр

Аскар Муминов Аскар Муминов
2810

Бизнес денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен жеке құрылымдардың біріне өтіп кеткен Қазақстан азаматтарының электронды денсаулық төлқұжаттарын сақтаудағы монополияны жоюды сұрауда.

Қазақстандықтардың аурулары жайлы мәлімет жекеменшіктің қолында отыр

Денсаулық сақтау министрлігіне бір бизнес-құрылымның қазақстандықтардың медициналық мәліметін сақтауда монополияға айналуына  ықпал жасады деген айып тағылып отыр. IT-сервистер мен қызметтерді әзірлеушілер денсаулық сақтау министрлігінің жауабын күтпестен, Қазақстан президентінің атына хат жолдады. Өтініштің мақсаты – о баста елде электронды медицинаны дамыту тұжырымдамасында  жазылғандай, мәліметтерді бірыңғай мемлекеттік жүйеге беру.

"Электронды денсаулық төлқұжаты (ЭДТ), негізінен, бірыңғай мемлекеттік сервисте жинақталуы керек болатын, алайда мұндай платформа жоқ, сонымен қатар әлі күнге дейін бұл салаға арналған заң жоқ", – деді MedElement медициналық ақпарат жүйесінің бас директоры  Виталий Ермоленко. Оның айтуынша, қазір қазақстандықтардың ЭДТ-сы  "Даму" ақпараттық технологиялар орталығы" ЖШС-ның  Damumed мәліметтер базасында сақталуда.

Жалпы ЭДТ – пациенттің идентификаторын, медициналық ұймдардың идентификаторларын, шұғыл жағдайға арналған негізгі клиникалық мәліметтерді, дәрілік заттарға реакциясы, өмір сүруінің негізгі көрсеткіштері, негізгі диагностикалық зерттеулер, физиологиялық жағдайы, алдын ала егу, ауру тарихы, тап қазіргі уақытта қабылдап жатқан дәрі-дәрмектері жайлы ақпаратты қарастырады.

Бұл ретте жалпы электронды денсаулық сақтау платформасын әзірлеу құны 17,8 млн доллар деп бағаланған, оның айтарлықтай бөлігі бағдарламалық қамтамасыз етуге  және Oracle, Ericsson Nikola Tesla сияқты өнімдерге кеткен. Қағаз жазбалар 2019 жылдың қаңтарынан бастап жойылады, содан кейін барлық жерде ЭДТ-ны пайдалануға көшу басталады, сол кезде ел монополистің қолына қарайтын болады деп Ермоленко мәселенің өзектілігін атап кетті.

Ұғымдарды бұрмалау
"Авиценна" медициналық ақпарат жүйесін енгізу және сараптама бөлімінің басшысы Нұрболат Мұсаев қазір оғаш жағдай орын алып отырғанын айтты. Бір жағынан алып қарайтын болсақ, ЭДТ-ны енгізу – бұл мемлекеттік бағдарлама, ал бір жағынан  барлық ақпарат жекеменшіктің қолында отыр. Нұрболат Мұсаевтың сөзінше, мұндай тәсіл қолжетімділік, тұтастық және жеке мәліметтердің құпиялығына күмән тудыртады. Ол жекеменшік компанияларда мәліметтердің тарап кетпейтініне кепіл жоқ дегенді айтты.

MedElement медициналық ақпарат жүйесінің бас директоры  Виталий Ермоленко мемлекет электронды денсаулық сақтауды дамыту міндетін қойып отырғанын атап кетті. Тиісті тұжырымдама әзірленген, осыған сәйкес бірыңғай мемлекеттік ұлттық  сақтауды құру қажет, клиенттер осы немесе басқа ақпарат жүйесіне тәуелді болмауға тиіс деп есептейді.

Сонымен қатар миллиондаған адамдардың медициналық мәліметтері заңмен бекітілмесе де жиналып, негізінен бір жеке компанияда сақталуда. Бұл жеке ақпараттың қорғалмауына және мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінің бір жеке компанияның жұмыс саясатына тәуелді болуына әкеледі.

MedStory жүйесінің техникалық директоры Кирилл Капитанов медициналық шенеуніктер нақты ұғымды алмастырумен айнылысып отыр деп есептейді. Олар электронды төлқұжатқа көшіру еліміздің барлық өңіріндегі халықтың 98%-ын қамтыды деп отыр. Алайда,  Кирилл Капитановтың айтуынша, бірыңғай өзара үйлесімділіктің ешқандай платформасы құрылмаған.

"Шын мәнісінде, медициналық ақпарат жүйелерін дәрігерлер емделушіні емдеу кезінде толтырып, пайдаланады, содан кейін бұл мәліметтер мемлекеттік сервиске кетуге тиіс. Алайда ол жоқ, оның орнына Damumed жұмыс жасап жатыр. Мұны жеке бір компанияның мүддесіне көмектесу деуге болады, бұл біреуге тиімді және керек болып отыр ", – деп атап кетті Капитанов.

Денсаулық сақтау министрлігі тіс жармай отыр
Виталий Ермоленко нақты компания қалай таңдап алынды, конкурстар мен тендерлер қалай өтті, баға және жүйені келешекте пайдалану бойынша салыстырулар болды ма деген сауалдарға денсаулық сақтау министрлігі жауап бермей отырғанын тілге тиек етті.

"Компания жасырын таңдап алынған, медициналық ұйымдарға өз өнімімізді ұсынғанда денсаулық сақтау министрлігінен жүйенің таңдап алынып қойылғанын естідік. Нарықта жасырын таңдау арқылы монополияландыру жүрген, мемлекеттік сатып алулар туралы заң нормалары бұзылуда", – деп нақтылады Ермоленко.

Президентке жолданған хатта медициналық ақпарат жүйесінің "толық жетілмеген" талаптары бекітілгені (2018 жылдың 27 наурызындағы ҚР ДМ-ның №127 бұйрығы), талаптар тізімі саланың шынайы жағдайын ескермейтіні және таңдалған жүйенің жұмысы үшін "лайықталғаны" анық екені айтылған.

"Бұл ретте ақпараттық жүйелердің талаптарға  сәйкестігін тексеру бойынша стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілер бекітілмеген және денсаулық сақтау министрлігі белгілі бір компанияның жұмыс істеуіне көмектеседі де, нарықтан басқа бәсекелестерді алып тастайды. Ақпараттық жүйелерді аймақтық енгізуді және пайдалануды тоқтатып, медициналық ақпарат жүйелерін жеткізушілер үшін мемлекеттік лауазымды тұлғалардың теңсіз жағдайлар жасау фактісін тексеруді бастау қажет", – деп жазылған президентке жолданған хатта.

Монополизм нарықты жояды
Медицина саласындағы IT-компаниялардың өкілдері өздерінің 2018 жылдың маусымында тікелей денсаулық сақтау министріне жіберген өтініштеріне жауап болмағандықтан, президенттің атына хат жолдауға мәжбүр болғанын айтады.

"Қазір нарықтың 80-90 пайызын жекеменшік компания – "Даму" ақпараттық технологиялар орталығы" ЖШС-сы жаулап алған. Былтырғы жылы бұл компания нарықта тек 40 пайыз үлеске ие болған, ал бір жыл ішінде тағы 40 пайызды алып отыр. Бұл жерде Қазақстанның цифрлық медициналық нарығын жоятын ашық әкімшілік ықпалдасу орын алып отыр. Яғни басқа медициналық IT-компаниялар нарықтан шететілуде, бәсекелестік жоқ, монополия қолдан жасалып отыр. Мұның барлығы медицина саласындағы  IT секторды жоюға әкеледі. Бірқатар компания қазірдің өзінде нарықтан кетуге мәжбүр болды, ал қалғандары қызметкерлерінің санын қысқартуда", – деді Human Development Group АҚ президенті Асқар Бекбаев.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігіндегілер электронды денсаулық төлқұжатын енгізу медициналық қателіктердің азаюына, медициналық көмектің қолжетімділігін, оның сапасы мен тиімділігін арттыруға әкеледі деген болатын. Науқастар өздерінің денсаулығы, күнделікті медициналық тексерулер туралы жеке ұсыныстары, жергілікті дәрігерге бару қажеттілігі туралы ақпараттарға қауіпсіз қол жеткізуі керек – бұл біртұтас клиникалық көріністі қалыптастыруға жәрдемдесуге тиіс.

Ашық дереккөздердегі, сондай-ақ компания сайтындағы мәліметтерге сәйкес, Damumed кешенді медициналық ақпараттық жүйесі "Даму" ақпараттық технологиялар орталығы" ЖШС-ға қарайтыны белгілі болды. ЖШС-ның өзі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен және ақпараттық технологиялар саласында қызмет ұсынумен  айналысады. Damumed еліміздің 13 өңіріндегі 300-ден астам ұйымда жұмыс істейді және еліміздің 25 мыңнан астам медициналық қызметкеріне бұлтты сервисті ұсынады.

Abctv.kz  "Даму" ақпараттық технологиялар орталығы" ЖШС-ға және денсаулық сақтау министрлігіне жағдайға түсініктеме беру туралы сұраныс жолдады. 

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу