"Ақылға қонымсыз санитарлық талаптарды мүлдем алып тастау қажет"

2948

Бүгінде бизнестің бас ауруына айналған мәселелердің бірі – санитарлық талаптың көптігі.

"Ақылға қонымсыз санитарлық талаптарды мүлдем алып тастау қажет" Фото: matrica.kz

Оның саны былай тұрсын, ішінде адам ақылына сыймайтын талаптар кәсіпкерлерді әбден шаршатты. Осы уақытқа дейін ол ережелерді қанша қысқартса да, логикаға қайшы міндеттер азаятын емес. Дегенмен бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин алдағы уақытта санитарлық ережелерді мүлдем алып тастауға уәде беріп отыр.

Ашығын айту керек, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында ескірген, тіпті ақылға қонымсыз талаптар аз емес. Мәселен қоғамдық тамақтану орындарына қатысты ережелерге сәйкес, қара нан мен ақ нан бөлек сақталуы қажет. Ал астыңғы және үстіңгі сөрелердің арақашықтығы, кем дегенде, 35 сантиметр болуы шарт. Сол сияқты тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға түнгі уақытта азық-түлікті кіргізуге рұқсат жоқ.

"Енді ондай талаптар мүлдем ақылға сыймайды. Тұтынушылар үшін қара нан мен ақ нан бөлек жатты ма, бірге сақталды ма, бәрібір емес пе? Ал ол нанның екі түрін бір-біріне тигізбейміз десек, целлофанға да салып, сақтауға болады ғой. Ал енді нанды бөлек сақтап, оның арақашықтығын сантиметрмен өлшеу деген ақылға қонбайды", – дейді бас прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаев.

Қисынсыз талаптар мұнымен бітпейді. Санитарлық талаптар бойынша "макарон по-флотски" жасауға тыйым салынған. Ал жұмыртқадан жасалатын омлеттің шекті қалыңдығы 3 см деп белгіленген. Бұдан бөлек отандық кәсіпкерлер азық-түлікті сақтауға қатысты талапты тым тәптіштеп тастағанына наразы. Мысалы қоғамдық тамақтану орындарында сусымалы азық-түлік өнімдері жататын сөрелер қабырғадан 50 см-ге алыс орнатылуы шарт. Сол сияқты мектепке дейінгі нысандардағы үстелдер күннің көзі түсетін қабырғадан бір метрге шалғай қойылуы қажет.

"Қазіргі кезде мектепке дейінгі нысандарға қатысты талаптар қайта қаралып жатыр. Білім және ғылым министрлігі 120-дан астам талапты қайта қарап шығуды сұрап отыр. Алайда нақты шешім әлі шығарылған жоқ", – дейді "Атамекен" палатасы қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров.

Осы уақытқа дейін барлық санитарлық талапқа ревизия жасалды. Соның нәтижесінде тексеру қағаздарынан ол санитарлық талаптардың 80 пайызын, яғни 9172-сін алып тастау туралы шешім шығарылды. Тексеру қағаздарында 2371 талап қалды. Дегенмен санитарлық ережелерде жалпы талаптар сақталды. Оның ішінде де даулы мәселе көп.

Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин осы саладағы ережелердің солқылдақ екенін біліп отыр. Оның ойынша, кәсіпкерлік нысандарға санитарлық тексеру жүргізу кезіндегі тәртіп бұзушылықтың басым бөлігі жас мамандардың біліксіздігінен болып отырады.

"Иә, санитарлық-эпидемиологиялық тексеру кезіндегі тәртіп бұзушылық үшін біз де айыптымыз. Одан қашпаймыз. Бұл кемшіліктің басым бөлігі, нақты айтсақ, 90 пайызы университеттен кеше ғана келген жас мамандардың мойнында. Ашығын айту керек, денсаулық сақтау министрлігінен кеткеннен кейін біз маман тапшылығын қатты сезе бастадық. Педиатрлар мәселесі қалай өзекті болса, біздегі жағдай да солай болып тұр", – дейді Жандарбек Бекшин.

Дегенмен алдағы уақытта елімізде санитарлық ережелерді мүлдем алып тастау жоспарланған. Бүгінде өндірістік бақылау енгізіле бастады. Оның арнайы бағдарламасы болады. Ол HАССP (Hazard Analysis and Critical Control Point – қатерлерді талдау мен қауіпті салаларды анықтау) қағидаларына негізделеді. Бекшин мырзаның айтуынша, HАССP-тың негізгі мақсаты – кәсіпкердің жеке жаупкершілігін көтеріп, өзін-өзі бақылау қағидасын енгізу. Ондай жүйе кезінде санитарлық бақылау өз жұмысын жалғастыра береді.

Айта кеткен жөн, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жаңа министрліктің құрамына кіретін болды. Оны денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой да растап отыр.

"Иә, санитарлық бақылау қызметі бізге ауысады. Бұл жоспар емес. Президенттің жарлығы шықты. Ол міндетті түрде жаңа министрліктің құрамына кіреді. Қазіргі кезде бұл құрылымды ауыстыру шаралары жүргізіліп жатыр", – дейді Алексей Цой.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу