"Азия Авто" "Vesta" - ның жаңа түрін құрастырады

Артур Мискарян Артур Мискарян
9189

"Lada"-ның әмбебап  түріндегі жаңа көліктер 2018 жылдан бастап сатылымға шығады.

"Азия Авто" "Vesta" - ның жаңа түрін құрастырады

"Азия Авто" зауытында "Lada Vesta"-ның әмбебап үлгісіндегі екі түрін - "Vesta SW Cross" және "Vesta SW" құрастыру қолға алынбақ. Жаңа өнім келер жылдан бастап отандық тұтынушыларға жол тартады деп күтілуде.

 "Vesta"-ның жаңа түрінің дизайны 2015 жылы жол талғамайтын көліктер мен кроссоверлердің "Moscow Off-Road Show" халықаралық көрмесінде көпшілік назарына ұсынылған "Cross Concept"-ке ұқсас. Автокөліктің сыртқы пішіні жаңа корпоративтік дизайнге сәйкес келетін Х бейнелі сипатқа ие. "Lada Design" директоры Стив Маттиннің пікірінше, "Lada Vesta SW Cross" және "Lada Vesta SW" әу бастан автокөліктің хэтчбек және кроссовер секілді түрлеріне қызығып, соларға басымдық беретін адамдардың назарын бірден өздеріне аудартуы тиіс.

Өндірушілер "Vesta" автомобилінің әмбебап шанақты түрінің тиімді тұстары көп екендігін алға тартып отыр. Мәселен "Lada Vesta SW" салонының кеңдігі және онда бесінші есіктің болуы көпшілікті таңқалдырмай қоймайды. Аталған автокөлік түрінің артықшылықтарының бірі де осы. Ал "Vesta SW Cross" өз кезегінде түнгі шамдарының жарықтығымен және шанақты қорғау элементтерінің көптігімен ерекшеленіп, тұтынушыларға қолайлылық тудырады. "SW Cross" нұсқасының тағы бір артықшылығы – дөңгелек жолтабанының ұлғайтылғандығы және дөңгелек көлемінің үлкендігі.

"Vesta"-ның әмбебап түрінің елімізде қандай бағаға сатылатындығы әлі жарияланған жоқ. Ал "Lada Vesta"-ның базалық жиынтықтағы седан шанақты түрі 3890000 теңгеге сатылуда. Седанның ең қымбат түрінің бағасы – 4595000 теңге. Оның бағасын өзге көліктермен салыстыруға болады. Мәселен, қазақстандық құрастырылымдағы "JAC S3"-тің бағасы 4050000 теңгеден басталып 5100000 теңгеге дейін жетеді. "Renault Sandero"-ның әмбебап түрін сатып алу үшін 3525000 теңге шығандауға тура келеді. Оның қымбат түрі 4655000 теңге тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, "Vesta Cross SW" пен "Vesta SW" Ресей нарығына осы жылдың күзінде жол тартпақ. Автокөліктің ресейлік нарықтағы бағасы да нақтыланған жоқ. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, "Vesta"-ның әмбебап түрінің бағасы кем дегенде 800000 рубль (шамамен 4490000 теңге) тұрмақ.

Еркебұлан Қыздарбек, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу