"Базис-А" кепілдік алды

Дана Иман Дана Иман
10048

Қазақстанда үлестік қатысу бойынша іске асып жатқан екінші жобаны аяқтауға кепілдік берілді.

"Базис-А" кепілдік алды

Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры "Базис-А" корпорациясымен Алматы қаласындағы "Легенда" көпқабатты тұрғын үй кешені (КТК) құрылысын аяқтауға кепілдік беру туралы келісімшарт жасады.

"Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры құрылысты аяқтауға кепілдік беру туралы екінші келісімшартқа қол қойды. Кепілдік берілген нысан Алматы қаласында орналасқан. Бұл құрылыс салушылардың өңірдегі тұрғын үй үлескерлерінің ақшасы есебінен сапалы тұрғын үй салуға деген құлшыныстың зор екенін көрсетеді. "Базис-А" корпорациясының қордың екінші кепілін алуға қатысты мәселеге тоқталар болсақ,  "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заңды қолданысқа енгізу кезінде тек осы  құрылыс компаниясы ғана үлестік қатысу құрылысы нарығының жаңа талаптарына  дайын болды. Сонымен бірге басқа ірі компаниялар, соның ішінде өңірлерден де серіктес компаниялар қордың қатарына қосылады деп ойлаймыз", – деді "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" АҚ басқармасының төрағасы Дәурен Онаев. Қордың баспасөз қызметі кепілдік алған жоба Абай даңғылы мен Манас көшесінің маңында орналасқан деп көрсетті. Тұрғын үй кешені  көпқабатты 27 үйден тұрады, жанында паркинг, балабақша болады.

Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының қолдауымен алғаш іске асқан жоба – бұл Астана қаласындағы Millenium Park 2 тұрғын үй құрылысы.

"Алғашқы кезекте 14-15-16 қабатты алты үй тұр. Жоба бойынша өкілетті компания – "KAT Construction" ЖШС. Мердігердің келісімшартына сәйкес нысан 2019 жылдың қаңтарында пайдалануға берілу керек", – деп хабарлайды қор.

Осы жоба аясында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ салымшыларынан өтініш қабылдау басталды. Үлескерлерге 14-блоктан 100 пәтер ұсынылды. Үлестік нысанға  500-ге жуық адам қатысқысы келіп отыр.

Астана қаласының әкімдігі жыл соңына дейін елордада апатты жағдайдағы 228 үй сүріледі де, 3519 тұрғын үй мен  адам тұрмайтын орын-жай көшіріледі деп отыр. Осы мақсатты іске асыру үшін "Елорда даму" ЖШС 566 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді пайдалануға бермек.

"Бұл жоба жақсы іске асып жатыр, бүгінгі күні 544 мың шаршы метр болатын 62 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 155 мың шаршы метрі, яғни 3074 пәтер апатты үйлердің иелеріне коммуналдық меншікке  қайтарымсыз берілді", – деп нақтылады "Елорда даму" ЖШС бас директорының қаржы және коммерция жөніндегі орынбасары Төлепберген Қойшыбаев.

Ол сүрілетін үйлердегі коммерциялық орын иелеріне өтемақы есебінде 45 адам тұрмайтын орын-жай тегін берілгенін айтты.

Астанада апатты үйлерді сүруге қатысты қанат қақты жобаны 2013 жылдан бастап "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылыс бағдарламасы шеңберінде қалалық әкімдіктің бөлімшелері мен "Елорда даму" ЖШС бірлесіп іске асыруда.  Бүгінгі күні елордада 62 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу