"Биылдан бастап Ұлттық қордан бюджетке трансферт тартуды доғардық"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1931

Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының құрылтайы қарсаңында, халықпен есептік кездесуінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

"Биылдан бастап Ұлттық қордан бюджетке трансферт тартуды доғардық"

Оның айтуынша, биылғы жыл басынан бері шағын және орта бизнестен ел қазынасына түскен түсімдер бірден 8%-ға немесе 216 миллиард теңгеге ұлғайып отыр.

Салыстыру үшін айтсақ, шағын және орта бизнес 2016 жылы ел бюджетіне 2,5 триллион теңге құйыпты. Ал былтырғы 2017 жылы бұл сүбелі үлесін 2,7 триллион теңгеге дейін жеткізген. Биыл бұл салада жаңа рекорд орнатылады деп күтілуде.

"Сонымен бірге, 2018 жылдың басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны тағы да 6,4%-ға немесе 12,1 мың заңды тұлғаға көбейіп отыр. Айта кету керек, 2016 жылы Қазақстанда тіркелген шағын және орта бизнес саны 188 мың 377 болса, өткен 2017 жылы бұл көрсеткіш екі жүз мыңдық межеден асып, 200 494-ті құрады. Бұл елімізде кәсіпкерлер қызметі үшін жағдайлардың жақсарғанынан көрініс береді", – деді Бақыт Сұлтанов. 

Ол "қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып жүргізіліп жатқан реформалар саласында" қоғам мен бизнес үшін өз министрлігі мен құрылымдарының барынша ашық екенін мәлімдеді. Былтыр есептік кездесуде бас қаржыгер атына жүзге жуық шағым-өтініш келіп түсіпті және "оларға қажетті түсіндірулер беріліп, тиісті шешімдер қабылданған".

Сондай-ақ ол өзі басқаратын ведомствоның атқаратын міндеттерінің өрісі өте кеңдігін және "салық жинаудан бастап шығыстарды қаржыландыруға дейін" созылып жатқанын еске салды. Қаржы министрлігінің жұмыстары аясына "қазынашылық, банкроттық, кедендік және салықтық әкімшілендіру, қаржы мониторингі, бухгалтерлік есеп пен аудит, мемлекеттік сатып алу мен мүлікті басқару мәселелері және тағы басқалар" кіреді.

Өз сөзінде бас қаржыгер мемлекеттің әлеуметтік шығыстарының артып бара жатқанын жасырмады. Атап айтқанда, бюджет құрылымындағы әлеуметтік шығындардың үлесі 2016 жылғы 49,8%-дан 2017 жылғы 51,5%-ға дейін өскен. Яғни, ел үкіметі бар тапқанының жартысынан астамын әртүрлі әлеуметтік төлемдерге, әлеуметтік нысандар салуға және басқаларына жұмсайды. Мұның үстіне коммерциялық банктер бюджетке аранын ашып отырғаны жасырын емес. Таяуда ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "тұтастай алғанда, банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы, 7-20-25 бағдарламасы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облигациялық бағдарламасы шеңберіндегі жаңа қарыздарды қосқанда", банктерге бағытталатын қаражаттың жалпы сомасы алдағы бір жарым-екі жылда 3,5 трлн теңгеге ұлғаятынын хабарлағаны мәлім.

Мемлекет былтыр "Нұрлы жер" аясында баспана салуға, тұрғын үй құрылысы жүретін аудандарға инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға 170,7 миллиард теңге бағыттапты.

Бұдан бөлек, 19 денсаулық сақтау нысанын және 178 білім беру мекемелері мен мектептерді тұрғызуға 110,3 млрд теңге жұмсалған.

Бұлардың барлығы да саналуан саладағы бизнесмендерге жүздеген миллиардтар көлемінде қосымша табыс табу мүмкіндігін берді.

Қаржы министрі былтыр "банк секторын сауықтыруға", "республикалық маңыздағы жолдарды салуға және қайта құруға, "индустриялық инфрақұрылымды дамытуға", "инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға", "сатып алу құқығынсыз арендалық баспана салуға", "білім беру объектілерін тұрғызуға" Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде 1,5 триллион теңге бөлінгенін айтты. 

"Алайда Ұлттық қордың қаржыларын үнемдеу, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін мұнайлық жинақтарды көбейту мақсатында биылғы 2018 жылдан бастап, Ұлттық қордан республикалық бюджетке нысаналы трансферттер тартудан бас тарттық!" – деді Бақыт Сұлтанов.

Ол мемлекеттің борышы былтырғы бір жыл ішінде қаншаға өскенін ашық айтты:

"2017 жылы қаржы министрлігі жалпы сомасы 1,6 триллион теңгеге ортамерзімді және ұзақмерзімді құнды қағаздарды орналастырды. Өткен жылы мемлекеттік борыш тағы 2 триллион теңгеге ұлғайды. Осылайша, 2018 жылдың басында жалпы көлемі 13,5 трлн теңгеге немесе 40,6 млрд долларға жетті. Соған қарамастан, мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде тұр және оның жағдайы қауіп тудырмайды деп санаймын. Мәселен, бұл борышты табысымызға шақсақ, оның 8,8%-ын құрайды", – деді ол.

Бұл ретте 15%-ға дейін өсіру мүмкіндігі қарастырылған көрінеді. Ал ЖІӨ-ге шаққанда үкіметтің өзі төлеуге тиісті мемборыш көлемі 26% болып отыр. Шектеу-лимит ЖІӨ-нің 50%-ы деңгейінде белгіленіпті.

Белгілі болғанындай, былтыр ондаған мың шенеунік заң бұзушылығы үшін жазаланбай, құтылып кеткен көрінеді. Қаржы министрінің түсіндіруінше, бұлар мемлекеттік сатып алулар, тендерлер кезінде жөнсіздікке жол берген.

"Мемлекеттік сатып алу саласында 31 мыңнан астам бұзушылықтың алдын алдық. Бұл мемлекеттік аудит тексерістері жүрген сол объектілердегі жауапты лауазымды тұлғаларға жауапкершілік шараларын қолданбауға мүмкіндік берді. Ден қою актілері бойынша 257 миллиард теңге соманың бұзушылығы жойылды", – деді бас қаржыгер.

Ол тендерлерде ең үлкен бәсекелестік қай салада екенін де айтты: бүгінде объектілерді салу, яғни құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларда орташа алғанда 7-8 компания бақталастыққа түседі екен. Бұл бюджет қаржысын 2 есе үнемдеуге жол ашыпты. Осының арқасында 2017 жылы 250 миллиард теңге ел қаржысы үнемделіпті.

Министр бұл үдеріс биыл да жалғасын тапқанын жеткізді: 2018 жылғы 5 айда ғана тендерлерде қаражат бұрын көзделгеннен 190 миллиард теңгеге аз жұмсалып, үнем жасалған.

Бас қаржыгер қазақстандықтарды ел бюджетін бақылауға қатысуға шақырды. Бұл Қазақстанның демократиялық ел ретіндегі рейтингін көтереді. Нақтырақ тоқталсақ, бюджеттік ақпараттың көпшілікке қол жетімділігін бағалау Бюджеттің ашықтығы индексімен өлшенеді. Бюджеттің ашықтығын зерттеуге Қазақстан 2008 жылдан бастап қатысып келеді және оң серпін көрсетуде. Мәселен, 2016 жылы Қазақстан орташа әлемдік көрсеткішті 42 балға көтере отырып, өз "Бюджеттің ашықтығы индексін" (рейтингін) 53 балға дейін көтерді.

"Азаматтарды бюджет процесіне тарту үшін біздің министрлік бюджеттік құжаттардың азаматтық нұсқасын да жариялайды. Бюджеттік деректерді жариялау – бұл тек бірінші қадам екенін атап өту керек. Екінші, анағұрлым күрделі қадам азаматтарды бюджеттік мәселелерді талқылау процесіне тартуды білдіреді. Қоғаммен байланыс орнату үшін министрліктің сайтында бюджет шығыстардың басым бағыттарын қоса алғанда, бюджетті жоспарлау және атқару мәселелері талқыланатын форумдар өткізу мүмкіндігі көзделген", – деді Бақыт Сұлтанов.

Жиын соңында ол кәсіпкерлерге жағдай жасау тақырыбына қайта оралды. Бұл жолда бизнесмендерге өз ісін жүргізуге кедергі жасамау көзделуде. Нәтижесінде, 2016 жылы 77,9 мың тексеру жүргізілсе, ал 2017 жылы 42,9 мың ғана тексеру жүргізіліпті. Бұл 45%-ға аз. Бірақ заң бұзған немесе төлейтін салығын азайтқан кәсіпорындармен сөз басқа.

"Биылғы жылы біз сондай-ақ тексерулер санын қысқартамыз. Сонымен қатар тексерулер сапасы мен тиімділігі жақсарды. Салықтық және кедендік тексерулер бойынша өндіріп алу 2016 жылы 64,7 млрд. теңгені, 2017 жылы – 99,7 млрд теңгені құрады. 2017 жылы камералдық бақылау бойынша хабарламалар саны 72 мыңға немесе үш есеге қысқарды, бұл ретте 30%-ға немесе 31 млрд теңгеге олар бойынша өндіріп алу өсті" деген бас қаржыгер жалпы алғанда, бизнесмендерден қосымша өндіріп алынған салық 123 млрд теңгені құрағанын мәлім етті.

Тағы бір қызықты мәлімет: қаржы ведомствосының күш құрылымдары 2017 жылы жалған лотереялық терминалдардың жұмыс жасауының 157 фактісін тіркеп, олардың "ошағын" жойған. Бұдан бөлек, заңсыз 234 электронды казиноны, 8 жасырын казиноны және 30 ойын автоматтарын әшкерелепті.

Сондай-ақ қаржылық айналымда жүрген 2511 жалған купюра, соның ішінде 41 мың доллар анықталған.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу