"Біз несие беруіміз, ал енді біреу шекілдеуік сатуы керек"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3427

Ләззат Ибрагимова "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" 2-3 жылда салымшылар санын 1,5 млн-ға дейін жеткізетінін айтты.

"Біз несие беруіміз, ал енді біреу шекілдеуік сатуы керек"

Бұған баспана бағасының тұрақтануы мен тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт ашуға комиссияның алынбауы әсер етуі тиіс.

 "3 cәуір күні банк тарихында тұңғыш рет тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт ашуға төленетін комиссияны алып тастадық. Бұрындары комиссиялық төлем шарт сомасының 0,55%-ын құраған болатын, яғни бізге салымшы келсе, мысалға, жас журналистердің біреуі келіп салым ашқысы келді делік. Пәтердің ең төменгі құны бір шаршы метрге 200 мың теңгені құрайды, яғни Астанадағы көлемі 50 шаршы метр пәтер 10 млн теңге. Егер наурыз айында келсе, депозит ашу үшін 55 мың теңге қажет деп айтар еді. Оның бірінші реакциясы: "Мен 50 мыңды депозит ашу үшін емес, жинаққа салу үшін әкелген едім" деген сөз болар еді", – деді  "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова

Әдетте мұндай жағдайда ТҮҚЖБ менеджерлері клиентке шартты төменірек сомаға, мысалға, 1 млн теңгеге ашуды ұсынатын.

"Бірақ іс жүзінде жас журналист те, банк те 1 млн теңгеге пәтер сатып алу мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Сондықтан ол несиеге келген кезде бәрібір шарт сомасын үлкейтеді, ал ол үшін  үлкейтілген соманың 0,55%-ын құрайтын екінші комиссияны төлеуге мәжбүр болады. Біз оны да алып тастадық. Егер былтырғы жылы бізде күніне 899 шарт ашылып, 900 салымшы келіп жаңа шарт жасаса, 3 сәуірден бастап күніне 2,7 мың жаңа шарт рәсімделуде. Ал жұма мен сенбінің жарты жұмыс күнінде (21-22 сәуірде – автордың ескерпесі) біз 3445 шарт жасадық", – деді Ләззат Ибрагимова.

Жаңа салымшыларды тартуға бағытталған тағы бір жағымды жайт – соңғы жылдары жылжымайтын мүлік бағасы сәл болса да тұрақтанды. Егер бұрын ТҮҚЖБ салымшыларды төмен пайызды несие алу үшін жылдар бойы қаражат жинап, қарыз алар кезде жылжымайтын мүліктің құны айтарлықтай қымбаттап кетуіне ұрынатын. Ал бұл жиналған қаражаттың құндылығын төмендететін.

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында үлкен міндетті іске асыру керек. Егер біз салымшылар санын жылына 290-300 мыңға арттырып отырсақ, 2-3 жылда 1,5 млн салымшысы бар банкке айналуымыз мүмкін, ал бұл өте үлкен жауапкершілік және IT, техникалық қызмет көрсету тарапынан алғанда үлкен жұмысты қажет етеді. Былтыр шамамен 30 мыңға тарта несие берілді. Менің жұмыс істеп жүргеніме 90 күн болды, 20 қаңтарда келгенмін. 4 айда адамдарға несие ретінде 60 млрд теңге қаражат берілді", – деді Ләззат Ибрагимова.

Қазіргі кезде барлық салымшылар саны – 864 мың адам, олардың жинақтары 435 млрд теңгені құрайды. 2017 жылдың бірінші тоқсанында ғана 71 мың жаңа салымшы келді.

Бүгінгі таңда "Бәйтерек" холдингінде қаражаттың толық айналымын қамтамасыз ете алатын 4 компания бар. Яғни "Бәйтерек девелопмент" Ұлттық қордан бөлінген қаражатты жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарына  үлестіреді. Яғни әр әкімдік өз бағалы қағаздарын шығарады, "Бәйтерек девелопмент" оларды сатып алады. Қазіргі кезде біз инвестиция және даму министрлігімен бірлесіп, ресурстарды өңірлер бойынша бөлу әдістемесін әзірлеп жатырмыз. Яғни әр әкімдік қанша сұраса, сонша береміз деген қағида бойынша емес, салымшылар саны, олардың жинаған қаражаты, қанша салымшы пәтерін сатып алуға даяр екенін зерттей келе 6-10 млрд аралығындағы мөлшерде қаражат бөлеміз.  Әкімдік бағалы қағаздарын қаражатқа ауыстырғаннан кейін, өзінің тендерлік рәсімдерін өткізеді, осыған орай ең төменгі бағаға қол жеткізіледі. Астана мен Алматы қалалары бойынша шектеу 200 мың теңге, ал қалған өңірлер бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрі 140 мың теңгеден түседі. Мысалға, Петропавлда маусым айында  603 пәтер болады деп күтілуде, ол жақта бір шаршы метр 120 мың теңгеден сатылады.

Тұрғын үй тапсырылғаннан кейін, ТҮҚЖБ салымшылары арасында жинақтардың мерзімі, сомасы және бағалау көрсеткіштері ескеріліп жалпы пул құрылады.

"Байқау өткізіледі", – деді басқарма төрайымы және тұрғын үй алуға үміткерлердің жалпы құрамымен қоса резервті құрам да болатынын баса айтты.

"Дәл осы "Нұрлы жер" үшін қосымша опция жасалған. Егер барлық бағдарламалар бойынша жалпы соманың 50%-ын жинау қажет болса, "Нұрлы жердің" аясында бар-жоғы 30% -ын жинаса жеткілікті, адамдар тезірек жинап алу үшін  20% айырмашылыққа Ұлттық қор қаражат бөлді. Бұл пул бекітілгеннен кейін, біз әкімдіктің құрылыс басқармасы мен біздің әр салымшы арасында сату-сатып алу шартын жасауды бастаймыз. Біз салымшымыз несиеге алған қаражатты құрылыс басқармасына аударамыз, ал құрылыс басқармасы түптің түбінде барлық пәтерді осылайша сатады және "Бәйтерек девелопмент" алдындағы облигациялық қарызын өтей алады. Осыдан соң "Бәйтерек девелопмент" екінші кезекті бастайды", – деп мәлімдеді Ләззат Ибрагимова.

Тендер жарияланған мезеттен бастап, құрылыс аяқталып, пәтердің барлығы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы  сатылғанға дейін әкімдікке тура 2 жыл уақыт беріледі.

Топ-менеджерлер жеңілдікпен баспана ала алмайды

ТҮҚЖБ басшысы енді банк топ-менеджерлерінің бірде біреуі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жүйесі бойынша мемлекеттік бағдарламамен пәтер алмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға  уәде берді.

"Бұрын барлығының құқығы болған (мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға – автордың ескертп.).  Бұл әдеп мәселесі, мен онымен келісемін. Біз дамып келеміз, сондықтан барынша ашық болуға тиіспіз. Квазимемлекеттік сектордағы жұмыс тәжірибемді ескеріп, өз атымнан кепіл беремін, басқарманың бірде бір мүшесі, банк басқарушыларының бірі де осындай жағдайға тап болмауы үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз", – деді ол. 

"Ақпан айында өткен қоғамдық кеңес отырысында  мен және менің жаңа орынбасарым отбасы мүшелеріміз, ата-анамыз мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыспайды деген міндет алдық, мен өз ағаларымның атынан да міндеттелдім. Жалпы, біз бұл процесті қадағалап отырмыз.  Бұл 2008-2010 жылдардың бағдарламалары.  Мұндай жағдайға жол ашқан фактордың бірі – ол кезде банкті көп адам білмейтін және ТҮҚЖБ қызметкерлері өз ақшасын банкте жинаған еді.  Әрине бағалау көрсеткіштері бойынша олар алға шыққан. Олар байқауға қатысқан кезде топ-менеджер болған жоқ, кейінірек жұмысқа орналасқан", – деді Ләззат Ибрагимова.

Ал қазіргі кезде банктің топ-менеджерлері жұмысқа орналасқаннан кейін екі апта ішінде өздеріне осындай міндеттемелерді алғаны туралы құжатқа қол қоюға тиіс. Мұндай норма ТҮҚЖБ іскерлік әдеп кодексінде белгіленген.

Айта кету керек, банктің салымшылары алатын баспананың сапасын тиісті органдар қадағалауға тиіс.

"Біз процестің соңындамыз, яғни бізге пәтер дайын күйінде, барлық құжаттарымен қоса келеді. Осы құжаттарға сәйкес, құрылысты қадағалайтын органдар баспананы пайдалануға беруге келіседі. Қазір осы мәселе көтеріліп отырған бірнеше нысан бар. Менің білуімше, "Нұр Отан" партиясына біздің салымшылардың ұжымдық шағымы келіп түскен, олар баспананың дәрежесімен келіспей отыр. Баспананың дәрежесі үшінші деңгей деп жазылған, ал олар төртінші деңгейге түсіру мәселесін қарастырып отыр, бірақ шындығына келгенде азаматтық-құқықтық жауапкершілік аясында шарттар жасалған",  – деді ол.

"Банк құрылыс процесіне мүлде араласпайды", – дейді Ләззат Ибрагимова және болашақта да ондай жоспары жоқ.

"Себебі әр адам өз ісімен айналысуы керек. Біз несие беруіміз керек, ал енді біреу шекілдеуік сатуы керек",  – деді ол

Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мен тұрғын үй құрылысын ынталандыруға Ұлттық қордан  539 млрд теңге қаражат бөлінді. Қаржыландыру жоспарына сәйкес, бүгінгі күні бұл қаражаттың 371 млрд 600 млн теңгесі игерілді. Салынған инвестиция есебінен 1,3 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, 20 мыңнан астам отбасыны баспаналы болды. Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 1,5 млн шаршы метр баспана беру көзделген, бұл – шамамен 25 мың пәтер.

Жанболат Мамышев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу