"Қазақ қызы деген атқа кір келтірмеуіміз керек"

7131

Ыстамбұлдағы Сабанджы бизнес университетінде білім алып жатқан  магистрант түрік сериалдарына түсіп жүр.

"Қазақ қызы деген атқа кір келтірмеуіміз керек"

Соңғы жылдары Түркияда білім алатын қазақ жастарының қарасы көбейді. Солардың бірі Әйгерім Асылбаева. Біз кейіпкерімізбен Түркияның білім жүйесі жайлы әңгімелестік.

– Алдымен өзіңді таныстырып өтсең...

Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасымын. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекетік университетінде оқыдым. 2009 жылдан бастап Еуразия ұлттық университетінің кітапханасында жұмыс істедім. Кейін Астанадағы ұлттық музейде қызмет ете жүріп, оқуға түсуіме байланысты академиялық  демалыс алдым. 5 жасар қызым бар. Жолдасым "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда оқиды. Қызымызды елде ата-енем бағып отыр. Өзім де ата-әжемнің тәрбиесін алып өсіп едім. Түркияның жоғары оқу орнына түсу үшін 2016 жылы құжат тапсырдым.

– Бұл елге оқуға түсу оңай ма?

Қазақ студенттеріне Түркияға оқуға түсу үшін әртүрлі бағдарламалар бар. Соның бірі Анадолы елінің шетелдік студенттерге  арналған "Turkiye Burslari" тегін оқу бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша тапсыратын студенттер көп, грант аз, сондықтан оқуға түсу өте қиын. Мен бұл бағдарлама арқылы оқуға түсе алмадым. Интернет арқылы SIT, AILES және IOS бағдарламалары арқылы оқуға түсуге болатынын біліп, Ыстамбұлға келдім. Мен үшін IOS бағдарламасы ыңғайлы болды. 5-6 университетке интернет арқылы құжат тапсырдым. Алдымен менен "Түрік тілін білесіз бе?" деп сұрады. Егер, білмеймін десеңіз, бір жыл түрік тілін үйренесіз. Бір жыл бойы ТӨМЕР-де (Түркия Елшілігі жанындағы тіл үйрету орталығы) түрік тілін үйренесіз. Ал түрік тілін жақсы білсеңіз, арнайы сынақ тапсырасыз. Бірінші универитетке түсесің, сосын грантқа тапсырасың. Емтихан 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде география мен математикадан 3 сұрақ қойылады,  соған түрікше немесе ағылшынша жауап беруіңіз керек. 1 сұрақ - 1,5 ұпаймен есептеледі. Ал 1 қате 4 ұпайды алып кетеді. Сондықтан мұнда қателесуге болмайды. 5-6 сағатта қорытындысын айтады. Екінші кезеңде әр үміткер өз жобасын қорғайды.  Маған екі аптадан соң жауап келді. Осылайша

Ыстамбұлдағы Сабанджы бизнес университетіне оқуға қабылдандым. Бұл жерде тек 1 грант бөлінген екен. Менің қуанышымда шек болған жоқ.

– Сонда неше жасыңда оқуға түсіп тұрсың? Неге Түркияны таңдадың?

Оқуға 26 жасымда түстім. Мұнда оқимын, ізденемін деген жандарға жол ашық. Мәселен бакалавриат студенті атану үшін талапкердің туған жылы 1993 жылдан, магистратура үшін 1984 жылдан, доктарантура үшін 1979 жылдан жоғары болмауға тиіс. Әрбір қазақ жастарының шет елде білім алуына мүмкіндік жоғары. ҰБТ жауабы белгілі болысымен немесе диплом алғаннан кейін www.turkiyeburslari.gov.tr сайтына құжаттарын тапсырып, бақ сынай алады. Бірақ Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі белгілі университеттерде шетелдіктер үшін бөлінетін грант саны тым аз. Қазақстандықтар Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі (British Council) арқылы Chevening стипендиясына, АҚШ елшілігі арқылы Fullbright, Германия елшілігі арқылы DAAD бағдарламасына өтініш білдіре алады. Дегенмен тағы айтып өтейін, Түркияға оқуға түсу жеңілірек. Түрік тілін  үйрену де оңай. Мен академиялық түрік тілін 8 айда меңгеріп алдым.

Түркиядағы оқу жүйесінің біздегі оқу жүйесінен айырмашылығы бар ма?

Бұл жерде оқу жүйесі мүлде бөлек. Шетелдік студенттер үшін грант жеке беріледі. Жылына 1-2 ғана грант болуы мүмкін. Әр университетте әртүрлі. Грант оқу ақысына ғана арналады. Қалған шығынды өзің өтейсің. Шәкіртақы жоқ. Мысалы мен шәкіртақы алмаймын, бірақ  тегін оқимын. Оқу өте қиын. Кредиттік балон жүйесімен білім аламыз. Шетелдік студенттерге талап та, тәртіп қатаң. Дәрістен мүлде қалуға болмайды.

– Шәкіртақы алмасаң қалай күн көріп жүрсің?

Ыстамбұл өте үлкен қала, сондықтан мұнда мүмкіндік  өте көп. Жұмыс іздеуге болады. Мен түріктердің "Dolunay", "Ates Bocegi" деген сериалдарына түстім. Джем Ялмаздың "Arif v- 216" деген комедиялық фильмінде ойнадым. Бұл туынды Түркияның бүкіл кинотеатрларында көрсетілді. Киноның қаламақысы қомақты. Рөлі ең төмен актердің өзіне 1500-2000 лира төленеді.

– Кімдердің рөлін сомдадың?

"Dolunay" сериалында  медбике рөлін, басқа сериалдарда даяшының, басты рөлдердегі кейіпкерлердің құрбыларын ойнадым.

Әңгімеңізден байқадым, бұл сала сені қатты қызықтырады екен. Дегенмен бизнес және менеджмент мамандығы бойынша білім аласың. Болашақта бизнеске бет бұрасың ба әлде актриса болғың келе ме?

Қазір мен Түркияның "Топ -5" жылжымайтын мүлік компаниясында жұмыс істеймін. Үй, вилла , котедж сатумен айналысамыз. Осы компанияның бөлімшесін Қазақстаннан ашқым келеді. Өзіңіз де білесіз, Ыстамбұл үлкен мегаполис. Өзіндік мәдениеті, тілі, тұрмысы бар.  Бұл жақта өзіңді жоғалтып алмауға тиіссің. Бұл елде тек білім алып жатқан жоқпыз, қазақ елінің абыройы мен намысын арқалап жүрміз. Сондықтан қазақ қызы деген атқа кір келтірмеуіміз керек. Түркияға оқуға түскеннен кейін нағыз өмірмен бетпе-бет келдім. Бәсекеге қабілетті болуға тиіс екенімізді түсіндім. Болашақта Қазақстан  экономикасының бір тармағын дамуды үлес қосуды жоспарлап жүрмін.

– Оқу мен жұмысты қалай сабақтастырасың?

Біз  оқуға түскенде шет елден келген студенттерге жұмыс істеуге болмайды деген заң болды. Жұмыс істесек, оқудан шығып қаламыз ба деп қатты қорықтық. Бірақ өмір сүру керек болды. Амалсыздан жұмысқа тұрдық.

Қазір бұл заң өзгерді. Десе де  оқу бірінші орында тұруға тиіс. Түрік профессорлары өте қатал. Оқуға жүрдім-бардым қарасаң, университетпен қош айтыстырып жібереді.

– Әңгімеңе рахмет.

Сұхбаттасқан Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу