"Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі логистикалық ойыншы бола алады"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3308

2020 жылға қарай транзиттен түсетін түсімді  5 млрд долларға жеткізу жоспарланған.  

"Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі логистикалық ойыншы бола алады"

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы уақытта көліктік қызметтің Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі үлесі тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен осы жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі жалпы өнімдегі көліктік қызметтің үлесі 8,3%-ды құраған. Сондай-ақ Қазақстан көліктік инфрақұрылымға, логистикаға инвестиция салуға басымдық беруде. Деректерге сүйенсек, соңғы 9 жылда көлік инфрақұрылымына бағытталған инвестиция көлемі 26 млрд АҚШ долларын құраған.

"Осы уақытқа дейін Қазақстанда 1700 шақырым темір жол, 3200 шақырым автокөлік жолы салынды. Каспий теңізіндегі порттардың қуаты ұлғайып, 15 әуежайды қайта жөндеуден өткіздік. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде барлық бағыт бойынша өсу динамикасы жақсарды", – деді Жеңіс Қасымбек Астанада өткен Х "ТрансЕуразия-2017" көлік-транзиттік әлеует жөніндегі халықаралық конференцияда.

Министрдің мәлімдеуінше, Ресей мен Қытай арасындағы халықаралық сауда-саттық көлемі 69 млрд долларға жеткен. Сондай-ақ Қытай мен Еуропалық одақ арасында 550 млрд доллардың, Ресей мен Орталық Азия арасында 18,5 млрд доллардың саудасы жасалған. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды да қанаттандыра түсуі тиіс.  

"Қазақстанның Қытай, Ресей және Еуропа нарығын байланыстыратын негізгі транзиттік ел атануға мүмкіндігі бар. Біздің ел Орталық Азиядағы негізгі логистикалық ойыншы бола алады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Халықаралық экспедиторлық қауымдастық федерациясы дүниежүзілік конгресінің қорытындысы бойынша, Азия мен Еуропа арасындағы темір жол желісінің саны күрт көбейген. Мәселен, 2013 жылы 72 блок-пойыз тіркелсе, 2016 жылдың соңында бұл көрсеткіш 1200-ге жеткен.

"Қытайдың негізгі жүк ағыны шығатын нүктеден тұрақты 15 бағытқа Қытай-Еуропа-Қытай контейнерлік темір жол желісі ашылды. Осыдан соң Қазақстан көлік-логистикалық қызмет көрсету жүйесін енгізді. Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы контейнерлік транзиттік тасымал көлемі 104 мың контейнерге немесе 100 есе өскен. 2020 жылға қарай аталмыш бағыт бойынша тасымал көлемін 800 мың контейнерге дейін жеткізу жоспарлануда. Басқа бағыттарды қоса есептегенде жалпы 2 млн контейнерге дейін жеткізу көзделуде", – деді инвестициялар және даму министрі.

Конференцияға қатысқан Латвия көлік министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Улдис Рейманс келер жылы Рига-Алматы бағында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін екенін жеткізді.

"Латвияның "АirBaltic" ұлттық компаниясы 2018 жылы Алматыға ұшақ ұшыра бастайды. Рейс Алматы мен Риганы байланыстырады. Биыл жаңа "Bombardier CS 300" ұшақтарын алдық. Латвия Литва, Эстония, Ресей, Беларусь, Қазақстан секілді елдермен қарым-қатынас орнатқысы келеді. Біз әрдайым өзара тиімді серіктесті қолдаймыз", – деді Улдис Рейманс.

Х "ТрансЕуразия-2017" көлік-транзиттік әлеует жөніндегі халықаралық конференцияға Қазақстан, Латвия, Литва, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Беларусь елдерінің өкілдері жиналды. Сарапшылардың пікірінше, дүниежүзілік экономикалық белсенділіктегі әлемдік көлік нарығының үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Ал әлемдегі көліктік кіріс мөлшері 4,5 трлн долларға жеткен.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу