"Самұрық-Қазына" жеңілдік жасады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2212

Ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуларына қатысушылар үшін қойылатын талаптар айтарлықтай жеңілдеді.

"Самұрық-Қазына" жеңілдік жасады

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" әлемдік тәжірибені зерделей келе, 2016 жылы сатып алудың жаңа үлгісіне көшкенін жақсы білеміз. Атап айтқанда, қордың сатып алу жүйесіне қатысушыларды біліктілік бойынша алдын ала іріктеу тәжірибесі енгізілген еді.

"Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директорының орынбасары Қайнар Тайжановтың айтуынша, бүгінге дейін аталған жүйе негізінде 2600 кәсіпорын алдын ала іріктеуден өткен. Сондай-ақ, тағы 1 мыңға жуық компания іріктеу процестерінен өтіп жатыр. Ал қызығушылық танытқан компаниялардың жалпы саны 10 мыңға жетіп жығалады екен.

"Біз жұмысымызды одан әрі жетілдіріп, әрдайым жаңа ізденіс үстінде жүреміз. Осы орайда маңызды екі шешім қабылданып отыр. Оның біріншісі бағаға қатысты ұсыныстарды сұрау арқылы өткізетін конкурстарға байланысты. Яғни, 4 мың айлық есептік көрсеткішті немесе 9,6 млн теңгеге дейінгі соманы құрайтын сатып алуға қатысатындар іріктеу кезеңінен босатылады. Мұндай процесс көбінесе шаруашылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, канцеляриялық тауарлар, шаруашылық тауарлары, клирингтік қызметтерге қатысты. Бұған көбінесе шағын және орта бизнес өкілдері қатысады. Осылайша, бұдан былай кез-келген адам компанияның сатып алу процесінде бақ сынауға мүмкіндік алады", – деді Қайнар Тайжанов.

Ал екінші жаңашылдық – сатып алуға қатысушылар үшін алдын ала іріктеудегі анкеталық сұрақтардың екі есе қысқаруы. Қайнар Тайжановтың сөзінше, жалпы алты түрлі анкета бар екен. Соның барлығындағы сұрақтар саны кем дегенде екі есеге қысқарған. Анкеталық сұрақтар шынайы тауар өндірушіні анықтап, жалған кәсіпкерлермен күресуге, осылайша сапалы бәсекелестік орта қалыптастыруға бағытталған.

"Бұл қадамдар шағын және орта бизнес үшін өте тиімді болмақ. Олар қолданбайтын халықаралық стандарттардың талаптары алынып тасталды. Өйткені, осы уақытқа дейін шағын және орта бизнес көп жағдайда халықаралық стандарттардың талаптарын орындай алмайтынын аңғардық. Осылайша, "Самұрық-Қазына" бизнес өкілдеріне жеңілдік жасауды жөн көрді", – деді "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директорының орынбасары.

Қайнар Тайжанов атап өткендей, аталған өзгерістер осы жылдың 1 мамырынан бастап қолданысқа енеді. Соған қарамастан, ұлттық әл-ауқат қоры бизнес өкілдері арасында түсініспеушілік туындамас үшін жаңашылдықтарды 2 сәуірден енгізуді бастап кетті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу