"Sdelka" қалай жасалды?

3023

"Sdelka" мобильді қосымшасын 19 мың адам жүктеді. Ал кәсіпкер жарнамаға  ай сайын 2 млн теңге жұмсап отыр. 

"Sdelka" қалай жасалды?

Тұрмыстық қызмет көрсетуге тапсырыс беретін "Sdelka" мобильді қосымшасын дүниеге әкелген "барахолканың" бұрынғы сатушысы Санавар Закирова кім? Ол "оффлайн" кәсіпке қалай келді? Аbctv.kz тілшісінің сұрақтарына кейіпкердің өзі жауап берді.

- Мен аспазшы және құрылысшы мамандығы бойынша білім алдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықта "барахолкада" сатушы болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе туристік компанияға орналастым. Ол жерде әбден тәжірибе жинақтағаннан кейін "СоМал-тур.KZ" ЖШС негізінде жеке туркомпания аштым.

Ұялы телефондарда мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсетіле бастаған кезде қатты қызықтым. Өмірге жаңа жоба әкелгім келді. Ойымды программист мамандығын меңгеріп жүрген қызыма айттым. Ол құптамады. Мен алған бетімнен қайтпадым. Қолданыстағы мобильді қосымшаларды зерттей бастадым. "inDriver"-ді ақтарып отырып, оның көлігі бар адамдарға ғана пайда әкелетінін түсіндім. Осылайша жасына, жынысына, біліміне, мамандығына қарамастан қолынан іс келетін адамдардың барлығына "нан тауып" жеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша ойлап таптым. Оған "Sdelka" деп ат қойдым.

Қазіргі нарықта мобильді қосымшаның түрі көп. Олардың бірі түсініксіз болса, екіншісінің мүмкіндігі шектеулі. Ал үшіншісінің пайдаланушысы аз. Себебі бағдарламаны IT мамандары жасайды. Олар көп жағдайда қарапайым адамдардың қабілетін назардан тыс қалдырады. Сөйтеді де бағдарламаны тым күрделендіріп жібереді. Мұның сыртында кейбір мобильді қосымшаның жарнамасы жоқ. Менің байқағаным, мобильді қосымша өте қарапайым болуы керек. Ол ашу, қарау, оқу, тапсырыс беру және шығу деген тізбектен тұруы тиіс. Мобильді қосымшаға кірген адам қай батырманы басарын білмей отырмауы керек. Біз осы ұстанымды темірқазық тұтып, "Sdelka" мобильді қосымшасының қарапайым болуына басымдық бердік.

Ерекше атап көрсетерлігі, біздің мобильді қосымшамыз табысы төмен немесе жұмыссыз отырған жандарға көмек құралы болып табылады. Яғни қолынан іс келетін адам үйде құр отырмай, түрлі салада қызмет көрсетіп, мобильді қосымшадан түскен тапсырыс арқылы отбасын асырай алады.

- Мобильді қосымша қалай жұмыс істейді, кімдер, не үшін қолданады?

- "Қазақстанда жасалған" деген брэндпен пайда болған мобильді қосымша елімізде ғана емес, Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Латвияда және басқа да посткеңестік кеңістіктегі елдерде қолданылады. Қандай да бір қызмет түріне жүгіну үшін елді, қаланы таңдап, тапсырыс бересіз. Тапсырыстың түрі, көлемі әртүрлі. Бала күтушісінен бастап, құрылыс материалдарын сатып алуға дейінгі аралықтағы кез келген қызмет түрін таңдауға болады.

Мұнда бағаны тапсырыс беруші белгілейді. Мысалы бір үйде 5 бала бар. Анасы барлығының шашын 1500 теңгеге қидырғысы келеді. Ол осы ұсынысын "Sdelka" қосымшасына жазады. Жақын маңда шаштараз болса, үйіне келіп, қызметін көрсетеді де ақшасын алып кетеді. Бұл – тапсырыс берушіге де, орындаушыға да тиімді.

-Мобильді қосымшаның қандай кемшілігі бар?

-Тапсырыс орыс тілінде ғана беріледі. Осы олқылықтың орнын әлемнің бірнеше тілімен толтыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Таяуда нақты нәтижесін көресіздер.

- "Sdelka" мобильді қосымшасын көпшілікке қалай таныттыңыз?

- Басында "WhatsApp" арқылы таратып көрдім, еш нәтиже шықпады. 2 млн теңге шығындап, "Алсеконың" да қызметіне жүгіндім. Олар мобильді қосымша туралы мәліметті коммуналдық қызмет ақысының түбіртегіне басты. Ол түбіртек төлем жасағаннан кейін банкте қалып қоятын болды. Соның салдарынан жоспарым тағы да жүзеге аспады. Бұдан кейін промоутер жалдадым. Промоутерлер адамдар көп шоғырланатын жерде ойыншық таратып, олардың ұялы телефондарына мобильді қосымшаны жүктеп отырды. Мұнымен қоса барлық әлеуметтік желіден акаунт аштық. Кейін 500 мың теңге төлеп, "Google AdWords"-қа жарнама бердік. Осыдан кейін ісіміз алға жылжи бастады. Бүгінге дейін "Sdelka" мобильді қосымшасын 19 мың адам жүктеп үлгерді.

Қазір ай сайын жарнамаға 2 млн теңге жұмсап жүрмін. Шығынды өтеп отыру үшін пәтерімді банкке кепілдікке қойып, несие алдым. Мобильді қосымша маған ешқандай табыс әкеліп жатқан жоқ. Алдағы уақытта абоненттік төлем арқылы пайда көруді жоспарлап отырмын. Әр тапсырыс қабылдаушыдан ай сайын 1 мың теңге жарна алсам деп ойлаймын.

- "Sdelka" мобильді қосымшасын әлеуметтік жоба деуге бола ма?

- Бұл мобильді қосымша ел арасындағы әлеуметтік шиеленісті жоюға ықпал етеді деп ойлаймын. Өйткені адал кәсіппен қаражат тауып отырған адам Сирияға соғысқа аттанбайды, ұрлық жасамайды, кісіге қиянат қылмайды.

Өткенде бір жігіт жол жүруіне 500 теңге жетпей тұрғанын айтып, осы ақыға кез келген адамға қол ұшын бере алатынын жариялады. Көрдіңіз бе, ол өз еңбегін 500 теңгеге сатып тұр. Яғни еңбек нарығында 500 теңгеге жұмыс істейтін адамдар бар.

Мобильді қосымшада "тегін беремін" деген батырма орналастырылған. Мұны пайдаланатындардың саны өте көп. Осының өзі сіздің сұрағыңызға нақты жауап болып тұр деп ойлаймын.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Риза Исаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу