"Сүттен ақ, судан таза емес, бірақ олар салық төлейді"

Артур Мискарян Артур Мискарян
2776

Бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов неліктен кәсіпкерлерді айыппұлмен жазалау керек екенін түсіндірді.

"Сүттен ақ, судан таза емес, бірақ олар салық төлейді" Фото: palata.kz

- Болат Әбілқасымұлы, "Атамекен" КҰП жүзеге асыруға атсалысып отырған заңнаманы ізгілендіру жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Бас прокуратурамен бірлесіп жол картасын жасадық.  Біз Қылмыстық кодекстің экономика саласына қатысты бөлігін ізгілендіру мәселесін қарастырып жатырмыз. Алдымызға қойған міндеттің бірі – бизнесті негізсіз қылмыстық процеске тартудан сақтау. Қоғамға қауіпті емес экономикалық құқық бұзушылықты қылмыс деп танымау қажет.

Қылмыстық заңнаманың жазалау шаралары кәсіпкерлік белсенділікті төмендететінін түсінеміз, кейде қолданылып жататын қатаң шаралар жасалған құқық бұзушылықтың дәрежесіне сай келмей жатады. Сондықтан мемлекет пен бизнес-қоғамдастығының мүддесінде тепе-теңдікті сақтай отырып, қылмыс деп тану шегін мейлінше төмендету керек.

Әрине  кез келген кәсіпкерлік және өзге қызмет субъектісі азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін қасқана әрекеті үшін жауапкершілік тартуы тиіс. Сондықтан заңнаманы ізгілендіру дегенде мүлде жауапкершіліктен босату туралы айтпаймыз. Егер алаяқтық фактілері болса, әрине қылмыстық іс қозғалады.

Біз жалпы қылмыстық әрекеттердің жауапкершілігін қарастырып отырған жоқпыз. Кәсіпкерлерге қатысты арнайы нормаларға екпін қою керек, бұл нормалар тым қатал болмағаны дұрыс.

Экономикалық қылмыс үшін артылатын жауапкершілік те экономикалық болуы тиіс. Егер адамды айыппұлмен айыптауға мүмкіндік болатын болса, онда оны абақтыға қамау негізсіз. Себебі кәсіпкерлер – қоғамның экономикалық белсенді мүшелері, оларды қамауға алмай, түзелуге, одан әрі экономиканың дамуына үлес қосуға мүмкіндік беру керек.

- Заңнаманы ізгілендіруден қандай экономикалық пайда түсетінін есептеп көрдіңіз бе?

- Оны есептеу қиын. Айыпталған кәсіпкер қоғамға қауіп төндірмейді деген сөз емес. Ол салық төлеп тұрды, оны тексергеннен кейін ол айыппұл төледі, ал кейін оны тағы бір не екі жылға қамауға жапты. Бүгінгі күні біздің заң осындай. Заңнаманы ізгілендірудің мәні осында жатыр. Егер адам бір рет ұсталса, ол үнемі салықтан жалтарып жүретін әккі кәсіпкер деген сөз емес. 2009 жылдан бері біздің Салық кодексіміз 124 рет өзгеріске ұшырады, адам салықтан жалтарып емес, білместіктен төлемеуі мүмкін. Сол үшін жазалау, тіпті қамаға алу керек пе? Міне осыған байланысты экономикалық қылмыстар айыппұлмен жазалануы тиіс деп есептейміз. Оның үстіне кәсіпкер – экономикалық белсенді адам, ол қоғамға қауіп төндірмейді. Бізге не керек, болмашы құқық бұзушылық үшін түрмеде отырғаны ма? Жоқ, әлде оның жұмыс орнын ашып, салық төлегені қажет пе? Кәсіпкерді абақтыға жапсақ, біз оның жұмыскерлерін жұмыссыз қалдырамыз, біздің бұл әрекетіміз кімге, қандай пайда әкеледі?

Адал кәсіпкер: "Иә, мен салық төлемедім. Бұл менің қателігім және мен оның орнын толтыруға дайынмын", - дейді. Жақсы, орнын толтырсын да, одан әрі жұмыс істей берсін, бұдан кейін ол ұқыпты болады. Оны жазалап, қылмыстық іс қозғаудың қажеті қанша? Ең қызығы мынада, егер кәсіпкердің ешқандай кінәсі расталмаса, тергеу кезінде жұмсалған кәсіпкердің шығынын ешкім өтемейді, оған ешкім жауапты емес. Қылмыскерге іс ашпас бұрын "жеті рет өлшеп, бір рет кесу" керек.

Тергеуші еш кінәсі жоқ кәсіпкерге қатысты іс ашқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын түсіну керек. Мен Ресейдегі бір әріптесіммен сөйлестім, ол жақта егер кәсіпкерге қатысты іс негізсіз қозғалса, істі ашқан тергеушінің өзіне қатысты іс қозғау мәселесін қарастырып жатыр. Былтыр бізде  мыңнан астам іс қозғалды. Біз осы мәселені көтергеннен кейін, кәсіпкерлерге  қатысты қозғалған істердің саны 8 есеге азайды.

Бизнеспен айналысатын адамдар сүттен ақ, судан таза дегім келмейді. Олар әр түрлі. Бірақ олардың көпшілігі өнім өндіреді, солардың күшімен жұмыссыздықпен күресіп келеміз. Бес жұмыс орнын ашсын, мың жұмыс орнын ашсын, олардың қай-қайсысы да елімізге пайда әкеледі, олар салық төлейді.

- Сіздердің өңірлердегі өкілдеріңіз қалай жұмыс істейді? Өңірлік кәсіпкерлер сіздерге қаншалықты жиі  жүгінеді?

- Әр өңірде өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанынан бизнес-омбудсмен секторы құрылды.  Түптеп келгенде бұл бизнес-омбудсмендердің жергілікті жерлердегі өкілдері.

Олар келіп түскен әр өтінішті қарайды, құжат тотыруда кәсіпкерлерге жәрдемдеседі, мемлекеттік органдар мен соттарда олардың мүддесін қорғайды, мемлекеттік органдардың тексерулері кезінде бизнеспен қоса әрекет етеді, құқықтық және кеңес түрінде көмек көрсетеді.

2016 жылдың наурыз-шілде айлары аралығында біз әр өңірді аралап шықтық. Барлық 16  өңірдің кәсіпкерлерін, әкімдері мен прокурорларын жинап кездесу өткіздік.

Өңірлерде өткен бизнес-қоғамдастықтарының кездесулеріне шамамен 1700 кәсіпкер қатысты, жеке кездесуге 262 кәсіпкер келді.

Көптеген мәселе өңірлік деңгейде шешіледі және солай болуы тиіс. Егер кәсіпкердің мәселесі облыстық деңгейде шешілмесе, мәселе орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне кірсе немесе халықаралық сипатқа ие болса, іске Астана қатысады.

Бизнес-омбудсменнің атына өңірлік сипаттағы өтініш келіп түссе, бизнес-омбудсмен аппаратының сарапшылары өтініш берушімен байланысады, қосымша сұрақтарды нақтылайды, қажетті құжаттарды сұратып, өңірлік аппараттың секторына нақты тапсырма жолдайды.

Келіп түсіп жатқан өтініштердің негізгі бөлігі – өңірлік мәселелер. Кейде бір ғана сұрақты шешсек жеткілікті, бірден бірнеше, тіпті кейде ондаған, жүздеген кәсіпкерлік субъектілерінің мәселесі шешіліп кетеді. Мұндай сұрақтарды әдетте орталық аппарат шешеді.

- Бүгінде "Атамекен" КҰП қана заң жобаларына қорытынды пікір береді. Осы жеткілікті ме? Әлемде ресми лоббилердің мақұлдауынан кейін ғана заң қабылданатын тәжірибе бар...

- Заң жобалары, тіпті үкімет қаулылары КҰП-тың келісуінен өтеді, бірақ мұнда салалық комитеттер қарқынды жұмыс істеуі тиіс. Бізде заң қабылданғаннан кейін ғана комитеттер ол туралы еске түсіре бастайтын үрдіс қалыптасты. Палата комитеттер өз ұсынысын берсін дегенде, олардан белсенді әрекет байқалмайды.

Өңірлерде қызу жұмыс істеу керек.  Ол жақта да әзірге белсенділік төмен. Лоббизм деген осы, бастысы – сені ести алатындай жағдай жасау. Үкімет пе, парламент пе айырмасы жоқ, қисынды, пайымды ұсынысты адамдар тыңдайды. Кәсіпкерлерді естиді, біледі. Бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар талқыланады, тек салалық комитеттермен тығыз жұмыс істеу керек.

- Үкімет пен парламентте бизнес-омбудсмен өкілдіктерін құру жоспарда бар ма?

- Ондай жоспар жоқ. Бір бағытта жұмыс істейтін бірнеше омбудсменнің болуы дұрыс емес. Әлемдегі барлық елдерде бір омбудсмен бір бағытта жұмыс істейді: балалар құқығын қорғау бойынша, кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша, адам құқықтары бойынша және т.б. Біз жұмыс істеп жатырмыз, іскерлер қатынастар орнатылды, шағын және орта бизнес – экономиканың негізі екенін бәрі түсінеді, бұл туралы мемлекет басшысы да бірнеше рет айтқан. Сондықтан әлдебір кедергі болса, оны шешу керек, кәсіпкерліктің жаппай дамуына мүмкіндік беру керек.

- Жақында сіз кәсіпкерлерді жекешелендірген нысандарын сатуға мәжбүрлейтін бизнестен айырудың жаңа тәсілі анықталғанын айттыңыз. Онымен қалай күресуге болады?

- Ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың жанынан оларға қызмет көрсететін ЖШС құрылды. Олардың басым бөлігі өңірлерде орналасқан, бұл компаниялардың атын атамай-ақ қояйын. Сол ЖШС-ның 51%-ын сатып, ол сатылды деп есеп береді. Ал қалған 49% негізгі компанияда қалады. Кәсіпкерге қысым, тиісті жұмыс көлемі берілмейді деп қоқан-лоққы көрсетіп, кәсіпорыннан шығаруға ниетті адамдар табылады. Адамға сатып алған 51%-ын сатуға мәжбүрлейді, ал қалған 49%-ын "керек" адамға сатады.

Мен бірден кәсіпорынның 100%-ын  немесе алдымен 51%-ын, ал қалған 49%-ын кейінірек бір жыл ішінде сатуды міндеттеу керек дегенді ұсынамын. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек. Біз бұл туралы мәлімдеген кезде осындай жағдайға тап болған кәсіпкерлерден өтініш келіп түсті. Біз мәселенің түп негізін ашқанымызды түсіндік. Осыны қадағалау керек, кәсіпорынның 49%-ын 2-3 жыл қолда ұстамай, сатсын не 51%-ын сатып алған кәсіпкерге басқаруға берсін. Ал олар 51%-ын сатып, кәсіпорын сатылды деп жариялайды, жоқ, сатылған жоқ, әлі 49% бар.

- Мемлекеттік органдар тексеру жүргізген кезде кәсіпкердің кінәсіздік презупциясы қағидасын үнемі сақтай бермейді деп айтуға бола ма?

- Кез келген кәсіпкер кәсібін ешкім тартып алмайтынына сенімді болуы керек. Егер бұлай         болмаса, кәсіпкерлік жаппай дамымайды. Бізде кәсіпкерге қойылатын талаптардың саны шамамен 28 мыңға жететінін бірнеше рет айттық. Осыны шешу керек.

Егер сенің бизнесің дұрыс болса, сен дұрыс жұмыс істейсің, сені келіп тексеруге, жұмысыңды жабуға ешкімнің құқығы жоқ. Кәсіпкер мемлекет тарапынан жүргізілетін кез келген әрекеттен, тексеруден қорықпауы керек. Ал қорықпау үшін барлық бақылау-қадағалау қызметтерін қайта қарап шығу қажет. Мысалға улану жағдайы орын алған кезде ең болмағанда бір СЭС қызметкеріне жауапкершілік жүктелді ме? Жоқ, бизнесменге айппұл салынды, оны тексерушілерге емес. Бүгінгі күні бизнестің өзі де дамуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүдделі. Сондықтан бизнестің жұмысына араласатын тексерулер керек пе? Иә, бастапқыда, ашылған кезде керек шығар. Ал одан кейін оның қажеттілігі жоқ.

Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу