"Трамп кінә тақты. Иран қарсы "шапты". Қазақстан қалың ойға батты"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3241

АҚШ президентінің тосын қадамы Қазақстан үкіметі жоспарының күл-талқанын шығаратын түрі бар.

"Трамп кінә тақты. Иран қарсы "шапты". Қазақстан қалың ойға батты"

Америка басшысының Иранмен арадағы ядролық келісімнен шығып, ауыр санкцияларды қайтаратыны туралы мәлімдемесі бүкіл әлемді дүрліктіруде. 

"Бүгін мен Иранның ядролық мәмілесінен Америка құрама штаттарының шығатынын жариялаймын!" – деп мәлімдеді кеше кешке АҚШ лидері Дональд Трамп. Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт Иранды "ядролық келісімнің күшіне енгеніне қарамастан, уран байытуға және ядролық қаруды әзірлеуге кірісті" деп айыптады.  

Трамп мырза Каспий бойынша көршіміздің энергетика, мұнай химиясы және қаржылық секторларына қарсы бағытталған, бұрын тоқтатылған санкциялардың қайта жаңғыратынын нықтады. Ол алда Иранға қарсы "санкциялардың ең жоғарғы деңгейін" енгізетін жарлыққа қол қоятынын, ал егер Теһран ядролық қаруды дайындауын жалғастырса, бұл мемлекет бұрын-соңды болмаған проблемаларға маңдай соғатынын нықтады.   

"АҚШ-тың бұл мәмілеге қатысуы елдің ұлттық мүдделеріне жауап бермейді. Оған қол қоймау керек еді. Шынында, бұл келісім Иранға уранды байытуды жалғастыруға және ақырында ядролық серпінге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазіргі келісім ешқашан бейбітшілік әкелмес те еді. Өйткені тіпті Теһран ядролық бағдарлама бойынша мәмілені сақтағанның өзінде ол бәрібір қысқа уақыт ішінде ядролық қару жасай алады", – деген байбаламмен дәйектеді сөзін Дональд Трамп.

АҚШ президенті бұдан былай Иранға көмектесетін кез келген ел қатал санкцияларға душар болатынын қадап ескертті.

Төбесінен жай түсіргендей болған бұл жаңалыққа Иран дереу үн қатты.

Иран ислам республикасының президенті Хасан Роухани өз халқына қайырылып, АҚШ-қа "кетсең құры!" деген ауанда қыр көрсетті. Ол мәміледен проблемалы серіктестің шығатынына тіпті қуанатынын жеткізді.

Хасан Роухани "өз міндеттемелеріне ешқашан адал болмайтын АҚШ-тан" айырмашылығы сол, ИИР-дің ядролық бағдарлама бойынша "Бірлескен әрі жаппай қамтушы іс-қимылдар жоспарының" (БЖІЖ) барлық шарттарын тап-тұйнақтай сақтап отырғанына сендірді.

Ол сондай-ақ Америка бұл мәміледен шығуға қақысы болмағанын, себебі бұл халықаралық қауымдастық құптаған құжат екенін еске салды.

"Осы қадамы арқылы АҚШ халықаралық келісім бойынша міндеттемелерін сақтамайтынын көрсетіп отыр. Ал мәміленің өзге қатысушыларымен, яғни Ресеймен, Қытаймен және еуропалық елдермен БЖІЖ аясында жұмыстар жалғасады", – деді Иран президенті.  

Иранның ядролық бағдарламасы бойынша "Бірлескен әрі жаппай қамтушы іс-қимылдар жоспарына" 2015 жылы ИИР және "Алтылық тобы" (Ресей, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Франция және Германия) қол қойды. Америка атынан сол кездегі президент Барак Обама келісімін беріп, қолтаңбасын қалдырған еді. Құжатқа сәйкес, Иран ядролық бағдарламасын жапты, оның орнына халықаралық, яғни америкалық, еуропалық, сондай-ақ БҰҰ аясындағы санкциялар жойылды.

Бұл Қазақстанның да жеңісі болатын. Себебі, бұл бітімге қол жеткізілуіне жаһандық ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысы ретінде еліміз ерен үлес қосты, үлкен жұмыс жүргізді.  

Біздің Алматыда "5+1" форматындағы топтың отырыстары өтіп келеді, оларда Иранның ядролық бағдарламасы ахуалын реттеу жолдары анықталды. Алматыда өткен көпжақты келіссөздердің екі раунды көп жағдайда сенімсіздік мұзын ерітіп, ақыры Женевадағы уағдаластықтарға алып келді. Осылайша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы туралы келіссөздер үдерісіндегі серпінділікке қол жеткізуге өзінің үлесін қосты. Бірақ енді бәрі бұрынғы жағдайына қайта оралатынға ұқсайды.

Трамптың кезекті қыңыр қадамы көп елдің экономикалық жоспарын бүлдіруде. Басқаны айтпағанда, америкалық алпауыт Boeing корпорациясының Иранға қарсы АҚШ санкцияларынан тартатын шығындары 20 миллиард долларға жететіні мәлім етілді. Компанияның мәліметінше, Теһраннан бұған дейін келіп түскен және қолға алынған тапсырыстар АҚШ-та 100 мың жұмысшыны жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде екен. Азаматтық әуе техникасын Иранға жеткізуге ядролық мәмілеге қол қойылғаннан кейін рұқсат етілген болатын.

Сарапшылардың айтуынша, Дональдтың дауылы қазақ елінің де "бақшасына" зиян келтіруі ықтимал.

Ел үкіметі "Қазақстан–Түрікменстан–Иран" темір жол дәлізін дамытуда. Қазақ еліне тікелей Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік беретін, сөйтіп, Ресей, Қытай секілді алпауыттарға транзиттік тәуелділіктен құтқаратын бұл бағыттың жалпы құны бір жарым миллиард долларды, ал жалпы ұзындығы 963 шақырымды құрайды. Осы темір жол бағыты қолданысқа берілген соң, Парсы шығанағына, Шығыс Жерорта теңізі бойындағы елдерге, Үндістанның Батыс жағалауларына және Солтүстік Африка елдері нарығына қазақстандық жүктердің, соның ішінде отандық азық-түлік өнімдері жеткізілімінің көлемі еселеп артатыны жария етілген болатын. "Қазақстан–Түрікменстан–Иран" темір жол дәлізінің қазақстандық бөлігінің құрылысы аяқталды. Бірақ Иран экономикасы санкциялар ауыртпалығы кесірінен қайтадан депрессияға ұшыраса, бұл жоба әрі ұзауы, дағдаруы ғажап емес.

Иран нарығына және одан әрі араб елдеріне астық экспортын өркендету мақсатында Қазақстан ИИР-дегі Амирабад теңіз айлағында жаңа астық терминалын іске қосып еді. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстан Иранға тек қана астық жеткізу көлемін 5 есе өсіре алды. VІІІ Астана экономикалық форумында Қазақстан осы жолмен жүк тасу көлемі таяудағы жылдарда 10 млн тоннаға жететін болады деген ғаламат жоспарын да жаһанға мәлімдеді. Күрт өзгерген халықаралық жағдайда енді оның жайы белгісіз.

Айтпақшы, алдағы аптада, 17 мамырда Астанада ашылатын "Global Challenges Summit" атты Астана экономикалық форумы алаңында Иранмен еркін сауда аймағын құруға әкелетін 3 жылдық уақытша келісімге қол қою жоспарланған еді. Осы хабарға өткен аптада, 2 мамырдағы Үкімет отырысында түсініктеме берген ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов санкциялардан босап, экономикасы еңсесін тіктей бастаған Иран ислам республикасымен арадағы сауда-саттық келешекте зор ауқым алуы ықтималдылығын жадырай, жариялаған-тын.

"Қазақстан үшін экспорттық қызығушылық тудыратын жалпы тауарлар бойынша Иран нарығының сыйымдылығы 8 миллиард доллардан асатындығын атап өткен жөн. Осылайша, жеңілдік шарттарын ала отырып, қазақстандық өндірушілер экспортты 30 есе ұлғайтуға мүмкіндігі бар!" – деді Қазақстанның бас экономисі.

Егер Иранның мұнай экспорты қайтадан шектеліп, ел бұрынғы кедей күйіне жеткізілсе, бұл мемлекет өз импортын шектеп, шетелдік тауарларды алмастыру саясатына көшуі кәдік. 

Басқа түгіл, Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің Өскемендегі уран банкі де Иранмен арадағы халықаралық мәмілемен ұштастырыла құрылғаны жасырын емес.

"Біз Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раундын 2013 жылы Алматыда өткізуге бастамашы болдық. Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыны қамтитын іс-қимыл жоспарына қол қойылуын қоштаймыз. Қазір мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқығын кепілдендіру қажет. Нақ осы себепті біз Қазақстанда МАГАТЭ-нің Халықаралық аз байытылған уран банкін құру туралы келісімді қолдап, қол қойдық. Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қолданудың маңызды қадамы ретінде бағалауға тиіс. Сонда атом энергетикасын дамытқысы келетін елдер үшін уранды өздері байытудың еш қажеттілігі болмайды", – деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, 2015 жылғы 29 қыркүйекте, БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.

Келісімге қол қойылғалы бері, ядролық қару жасау ниетінен бас тартып, жаһандық нарыққа өз мұнайымен еркін шыққан Иран елі де ұзақ жылғы күйзелістен айығып, бой тіктей, әл-ауқат жинай бастағанына сарапшылар назар аударып еді. Бәлкім, бұл елдің байығанын, қуатты мемлекетке айналғанын қаламайтын күштер бүгінде батыста қайтадан басым болып отырғандай. 

Әрине, бір үміт те бар. Өзінің қаһарлы мәлімдемесі соңында АҚШ президенті Иранмен қайтадан ымыраласуға дайын екенін, бұл үшін алда жаңа келіссөздер басталуға тиістігін айтты. Яғни, Дональд Трамп Иранға төл шарттарын таңып, бұрын алматылық "бестік" түзгеннен тыс, өз ойын ережелерін енгізуге кірісетін сыңайлы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу