"Жасыл" облигациялар жарты жылдан соң "жетіледі"

2448

Әкімдіктер бағалы қағаз шығарушы атануы мүмкін.

"Жасыл" облигациялар жарты жылдан соң "жетіледі"

Алғашқы "жасыл" облигациялар 2017 жылдың соңында "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) биржасына шығуы мүмкін. Бұл туралы аталған орталықтың басқарушы директоры Айдар Қазыбаев мәлімдеді.

"Қазір АХҚО биржасының іске қосылуын күтіп отырмыз. Біз "жасыл" қаржы маңызды құрал екенін жақсы білеміз. Бүгінде бұл бағытта атқарылған жұмыс көп. "Жасыл" облигациялардың осы жылдың соңында немесе келер жылдың басында биржаға шығуы үшін барымызды саламыз", – деп мәлімдеді журналистерге Айдар Қазыбаев.

Қазір қаржы орталығының алдында тұрған міндет – реттеуші ережелерді бекіту, "жасыл" бондтарды шығару үшін эмитенттерді әзірлеу және жобаларға қаржы бөле алатын инвесторларды іздеу.

"Біз Қазақстанның бірқатар ірі компаниясымен және әкімдіктермен келіссөз жүргізуді қолға алдық. Егер олардың жобасы өңірлерде "жасыл" автокөлік немеме "жасыл" экономиканы қолдауға бағытталған болса, бұған бюджет қаржысын шығындаудың қажеті жоқ. Олардың "жасыл" облигацияларды шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл әкімдіктер мен компанияларға қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз АХҚО акционерлік қоғамдар, коммуналдық компаниялар, муниципалды ұйымдар тарапынан берік эмитент таппаған жағдайда, "жасыл" облигацияларға қаржы салуға ниетті ірі инвесторлармен келіссөз жүргіземіз", – деді топ-менеджер.

Айдар Қазыбаев атап өткендей, әлемдік нарықтағы "жасыл" облигациялар жыл сайын 40-50%-ға өседі. Оның деректеріне сүйенсек, бүгінде бұл нарық шамамен 150 млрд доллар шамасында бағаланып отыр. Эмитенттердің 50%-дан астамы – қоршаған ортаны ластап отырған муниципалды орган немесе ірі корпорациялар.

"Мәселен "жасыл" қаржы бағытындағы ірі эмитент ретінде Нью-Йорк шаһарын немесе АҚШ-тың бірнеше қаласын алуға болады. Мұның артықшылығы – бұл несие емес. Облигацияларды нарықта сатуға болады. Эмитент ретінде жақсы жобалары бар, инвесторлардың қызығушылығын тудыра алатын қалалық немесе өңірлік муниципальдық органдар, ал инвестор ретінде көмір, мұнай секілді салаларға қаржы құюды доғарған банктер қарастырылады. Мұндай банктердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді", – деді Айдар Қазыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, "Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы "жасыл" қаржы жүйесінің даму концепциясын таныстырған болатын. Бұл концепция Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп әзірленді. Қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовтің сөзінше, концепция Қазақстандағы әлеуметтік-экологиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін "жасыл" облигацияларындың шығарылуын қарастырады.

Концепцияда Қазақстанда "жасыл" қаржы жүйесін дамытудың жеті ұсынысы қамтылған. Оған мыналар жатады: "Жасыл" қаржы жүйесін енгізу бойынша жол картасын құру; "Жасыл" қаржы жүйесі бойынша қаржы институттарындағы кәсіби мамандарды дайындау; Қаржыландырудың ұзақ мерзімді ресурсы ("жасыл" облигациялар үшін реттеуші нормаларды әзірлеу) ретінде "жасыл" облигацияларды алға бастыру; АХҚО биржасында жылыжайлық газ қалдықтарына квота бөлетін сауда нарығын іске қосу;

АХҚО биржасындағы листингтік компаниялар үшін Environmental-Social-Governance (ESG) – экология – әлеуметтік жауапкершілік - басқару әдісін пайдалана отырып есептеу және ашықтық жүйесін әзірлеу; АХҚО заңнамалық және реттеу базасын біріктіру (ҚР ұлттық банкін "Астана" халықаралық қаржы орталығын реттеуші деп тану); Қосымша мемлекеттік қаржыландыруды қарастыру – БЖЗҚ-ға (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) "жасыл" экономиканы инвестициялау және ұлттық қормен "жасыл" қаржыландыруды дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды құруға мүмкіндік беру.

Еркебұлан Қыздарбек, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу