Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов abctv.kz-ке сұхбат берді.
– Атамұрат Мөрәліұлы, соңғы уақытта теңге бағамы құлдырап, азық-түлік пен жанармай бағасы қымбаттай бастады. Қалай ойлайсыз, бұл жағдайдан отандық өнімнің үлесін арттыру құтқара ма?
– Әлбетте, отандық өнім үлесін арттыру керек. Оған қай салада болмасын мүмкіндік бар. Мысалы біз өзімізге жеткілікті жанармай шығарсақ, Ресейге тәуелді болмаймыз. Аграрлық саланы ішкі сұранысқа бағыттасақ, сырттан тағам тасуды азайтып, доллардың бағамына байланбас едік.
– Отандық өнім бәсекеге қабілетті болуы үшін не істеу керек?
– Біріншіден, отандық өнім сапалы, екіншіден, арзан болуы шарт. Тауар озық технологияларға сүйеніп дайындалуы керек. Оның органикалық жағына, яғни экологиялық тазалығына қатты мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлеуеті артуға тиіс. Қазақстан – аграрлы ел. Сондықтан агроөнімдердің молынанөндірілуіне басымдық берген абзал.
– Біздің агросаясатымызға жаңа бағыт ұстанатын кез жеткен тәрізді. Бұған қатысты қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Бізде ауыл тұрғындары түсінетін аграрлық саясат жоқ. Конституциямыздың 9 бабында: "Республика үкiметi мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, кауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуінің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады" делінген. Жылда Ұлттық банк пен үкімет қаржы-экономикалық саясатын жариялайды. Басқа салалар бойынша жарияланып жатқан саясат жоқ. Үкіметте бір-бірінен туындап жатқан бағдарламалар көп. Бір министр келіп, бір бағытты айтады, екіншісі басқа бағытқа сүйрейді. Ал ауылдағы көпшілік дүбәрә қалыпта. Мысалы министр Асылжан Мамытбековтың кезінде "Агробизнес-2020" қолға алынды. Жайылымдық мал шаруашылығын өркендетуге басымдық берілді. Мал суару үшін республикада 4 мың құдық қазу жоспарланды. Ветеринарияны дамыту қажеттілігі айтылды. Нәтижесі не болды?! Құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдық қазып, оның ақшасын ала алмай зар иледі.
Министр Асқар Мырзахметов келгенде фермерлердің басын қосып, оны ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру науқаны жүрді. Жақсы ұстаным еді. Өткен жылы республика бойынша 467 кооператив құрылып, олар 220 сүт қабылдау және 103 мал сою пунктерінің, оған қоса 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңдарының басын қоспақшы болған. Оның қорытындысы бойынша 135 мың жеке үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтары жұмыспен қамтылатын болған. Бірақ қорытындысы күткендей болмады. Өйткені құрылған кооперативтердің өндірісін ұйымдастыру, қаржы көздерін алу тетіктері, өнімдерін сақтау, сату жұмыстары толық шешімін таппады. Бұл іске жергілікті басқару органдары жұмылдырылмады. Оларға жауапкершілік арттырылған жоқ. Қағаз жүзінде науқаншылдықпен құрылған кооперативтер өміршең болмай шықты. Ал жаңа министр, премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев келген соң мақсат тағы өзгерді. Оның ұстанған бағыты бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 2,5 есе ұлғайту болды. Еңбек өнімділігі өндіріс шоғырланған үлкен кешендерде немесе өнім шығаратын зауыттарда маңызды. Макроэкономикалық көрсеткіштер нарық кезінде негізі ішкі жалпы өніммен өлшенеді. Бірақ біздің ауыл шаруашылығы министрлігі көрсеткіштерді жалпы өнім мөлшерімен бағалайды. "Жалпы өнім" және "Ішкі жалпы өнім" деген түсініктің айырмашылығы бар. Жалпы өнім экономика саласында бір кезеңде өндірілген өнімнің (шығыстар мен шығындар шегерілмеген) ақшаға шаққандағы көлемі, ал ішкі жалпы өнім белгілі бір уақытта елдің территориясында өндірілген тауарлардың жалпы нарықтық құны. Жалпы өнім кеңестік дәуірдің пайдаланған статистикалық көрсеткіші, ал нарықтық кезеңде өлшем ішкі жалпы өнім болуы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі "бес жылдан кейін еңбек өнімділігі артығымен орындалды" дейді. Оны тексеру мүмкін емес. Сол сияқты "өңделген өнімдер экспорты он есеге көбейді" дейді. Ал халықтың дастарханы экспорттың үлесін арттыру арқылы толмайды. Әр елдің басты мақсаты елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Біліп отырсыз, осы күнге дейін Қазақстаннан экспортқа шығып жатқан өнім – бидай, аздаған ұн және ет. Терең өнделген өнімдердің экспортталып жатқанын естімейміз. Мысалы Италияға пицца жасауға сапалы әрі дәмді бидайдан жасалған дайын жайма неге шығармасқа?! Қазы, шұжық Францияға неге жөнелтілмейді? Емдік қасиеті бар қымыз, шұбат неге Еуропа елдерінде емес?! Оның орнына Алматыда Германиядан әкелінетін бір бөлкесі 1500 теңге тұратын нан сатылуда. Міне, ауыл шаруашылығы саясатын ұстанғанда бізге де өзге елдер тәрізді ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеуге әзір болу қажет. Шикі өнімді экспорттап, мемлекеттік бағдарламалардың бағытын ауыстыра бергеннен пайда жоқ. Осыны қаперден шығармау қажет.
– Қоғамда "агробанк ашу керек" деген пікір бар. Жалпы, ауылдағы ағайынды несиеге тәуеді ету дұрыс па?
– Бүгінде жергілікті жерлерге банктердің филиалдары бара бастады. Бұл ретте айтарым, жоғары пайызбен несие беріп, ауыл шаруашылығының көсегесін көгерту мүмкін емес. Көбінесе микрокредиттік ұйымдар арқылы ауылдағылар қаржы алып жатады. Бірақ оның да салмағы ауыр. Соңғы уақытта насихатталып жүрген үкіметтің бағдарламасы тиімді, бірақ олардың іске асуына екінші деңгейлі банктер тосқауыл болуда. Қазақстан банктері әбден құныққан. Шетелде банктер төмен пайызбен-ақ халықпен жұмыс істеп жатыр. Ал біздегі банктерің пайыздық үстемесі жиырмадан аспаса ұйқылары бұзылады. Жалпы, мен "арнайы агробанк ашу керек" дегенді аса қолдамаймын. Өйткені олар да сол ескі сарынмен жүретін болады. Меніңше, ислам банкі принциптерін ауыл шаруашылығына барынша енгізіп көрген дұрыс. Қазіргі жағдайда банктерді үкімет ұлттық қордан миллиардтап ақша бөліп жарылқамай, кәсіпкерлерге несие беру шығындарын өтеп отырғаны жеткілікті болар еді.
– Субсидия мәселесі ше? Банктер арқылы ауылдағы шаруаларға арзан субсидия жеткізу жайын шеше аламыз ба?
– Субсидия бар жерде ұрлық бар. Ол коррупцияға жол ашады. Тегін қаражат бөлуді тоқтату керек, бәрінің қайтарымы бар. Мүмкіндігінше ұзақмерзімге, "каникулмен" берілгеннің жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ. Бұл ретте фъючерлік келісімнің келешегі бар. Аграрлық саясат тағам өндіруге бағытталуға тиіс. Салмақты жергілікті әкімдерге салу керек. Сағым қуғанды қойып, өлшемі бар талаптар қойылуы керек. Ол – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл ретте жаңа инвестициялық қадамға бару қажет.
– Экономист-ғалым ретінде үкімет деңгейде атқарылып жатқан реформаларға көліңіз тола ма?
– Жоқ, толмайды. Әсіресе аграрлық сала, жұмыспен қамту, өңірлердің экономикалық-әлеуметтік дамуы. Қазір экономиканың жауы әсірелеу статистикасы болып тұр. Біз болашақта шетелге шикізат емес, тауар шығаруымыз керек. Тым болмаса жартылай дайын өнім, мысалы ұн, ең дұрысы нан өнімдері, макарон тағы басқа өнімер. Шикізатқа байланған мемлекеттің келешегі бұлыңғыр. Доллармен күресу дұрыс емес, қайта теңгені нығайтумен айналасқан дұрыс. Теңгені нығайтатын тек өндіріс, өнім шығару. Алыпсатарлық экономика әр уақытта импортталған тауарға тәуелді болмақ. Ал импортқа жүгіну, импорттың тасқынын көбейту бұл экономиканың әлеуетін көтеретін жол емес.
– Жалпы, экономикаға қатысты қандайда бір бағдарламаларды үкімет ғалымдармен бірлесіп талқылауы керек деген пікірмен келісесіз бе? Бұған қатысты тікелей президентке ғана бағынатын "Экономикалық кеңес" құрылуы керек дейтіндер де бар ғой...
– Әрине, "келісіп пішкен тон келте болмайды". Премьер-министр жанында қоғамдық кеңестер бар. Бірақ жұмыстарында ашықтық жоқ. Қазір әр салаға шетелден сарапшы алдыру сән болып тұр. Оларға қыруар қаржы шашылады. Мысалы ауыл шаруашылығы министрлігі эксперттік кеңес құрып, оған БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO), Азия даму банкі, Еуразиялық даму банкінің сарапшыларын шақыруда. Бұған сұмдық қаражат жұмсалады. Осы қажет пе, ойлану керек.
– Жуырда 2007-2011 жылдар аралығындағы дағдарысты ең алғаш болжаған Нью-Йорк университетінің қаржыгер-сарапшысы Ноуриел Рубини: "Қазақстанның болашағы кемел. Ел экономикасы алдағы бес жылда тегеурінді бола түседі" деді. Мұндай оптимистік болжамға көзқарасыңыз қандай?
– Ноуриел Рубинидің болжамымен келісімен. Қазақстанның мүмкіндігі мол. Бізге сілкініс қажет, мұны биологиялық тұрғыдан түсіндірейін. Егемендігімізге 26 жыл толды. Бұл – екінші мүшел. Мүшелде қан өзгереді, Бізде де Конституциялық реформа жасалды. Елбасы Конституциялық реформаға сәйкес салмақты үш билікке салды. Бірақ солардың жұлқына жұмыс істеп жатқанын көрмей тұрмыз. Әсіресе парламент тарапынан үкімет жұмысын бақылау жоқтың қасы. Бар болса да жариялық жоқ. Сондықтан осы мәселелерге барынша мән берілуі керек. Әр салада ашықтық, талдау, тиянақтылық болғанда елдің де болашағы жарқын болмақ. Ендеше атқарушы билік осы мәселелерге мән беріп халықпен етене араласып жұмыс істеуі тиіс деп есептеймін. Сонда халық та болашағына сеніммен қарайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Қарлығаш Зарыққанқызы