Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Рамазанов Арман Қайырбекұлы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды аталған ведомство.
Арман Рамазанов 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар. 2000 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін – инженер; 2002 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын – заңгер; 2006 жылға дейін С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001-2007 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыс әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінде түрлі лауазымдарда болды. 2007 жылдан бастап 2010 жылға дейін бизнес құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2010-2015 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің "Казахвзрывпром" АҚ (қазіргі таңда "Қазтехнологиялар" АҚ) басқарма төрағасы; 2015-2016 жылдар аралығында "Aстанa" ӘКК" ҰК" АҚ басқарма төрағасы болды. А. Рамазанов ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 350 Жарлығына сәйкес құрылды.